УЛЬТРАС ДЕГЕН КІМ? | «Айқын» газеті

0

Еліміздегі футбол матчтарын тамашалап жүрген болсаңыз, «13-сектор», TexasFans,  Leagion дегенді естіген боларсыз? Аталған фан-топтарды «ультрастар» деп атайды. Ең алғаш Италия және Хорватия жерінде пайда болған ультрастар жөнінде көпшілігі біле бермейді.

Ультрастар – футбол клубтарын қолдауға арналған жанкүйерлер тобы. Ең алғашқы ультрастар Хорватияның Сплит қаласындағы «Хайдук» клубында пайда болған. «Хайдук» ультрастарын Torcida Split деп атаған. Кейінірек 1966 жылы Commandos Tigre ультрастар тобы «Милан» клубының жанынан құрылған.
Ультрастардың қарапайым жанкүйерлерден айырмашылығы – олар топ болып жұмыс істейді. Перфоманс құрастырады, клуб үшін түрлі әрекетке барады және қандай жағдай болмасын клубпен бірге қалады.
Ультрастарды алаңда (секторларда) қалай тануға болады? Ультрастар топ болып жүреді. Матч кезінде орындыққа отырмай, тік тұрып командаға қолдау көрсетеді. Қолдарында «ультрастардың» тілімен айтқанда «роза» (шарф), команда туы, баннерлер, стикерлер, түрлі-түсті қағаздар (перфомансқа арналған) болады. Мұндай фан-топтар өзара ереже қалыптастырған.
«Ультрастардың» арнайы заңдары төмендегідей:
1. Ойын барысы мен нәтижесіне қарамастан командаға қолдау білдіру;
2. Матч кезінде тік тұру;
3. Бағасы мен ара қашықтығына қарамастан клуб қатысатын матчтан қалмау;
4. Клубқа адалдықтарынан айнымау.
Футбол – миллиондардың ойыны.
Ала доптағы басты бәсекелер Чемпиондар лигасы мен Әлем чемпионаты жанкүйер жинаудан рекордтық көрсеткішке ие. Сүйікті клубтарын аталған турнирлерде ғана емес, өз стадиондарында да ерекше қолдау білдіретін ультрастарға риза боласыз. Көз тартарлық перфоманстар, клуб «розалары», команданың туы кез келген ультрас үшін өте маңызды. Еуропадағы ультрастар әр матчқа тыңғылықты дайындалады.
Оңтүстік Америка елдерінде ультрастарды
«Барра Бравас» деп атайды.
Ал әлемдегі ең танымал ультрастарға мыналар.

Аргентиналық «Бока Хуниорс»

«Бока Хуниорс» матчы – Аргентинада кішігірім мереке. Клуб түсіне сәйкес миллиондаған лента ауада қалықтайды. Команда әуені дауылпазбен астасып «Бомбонера» стадионы жаңғыра түседі. Матч күні Буэнос-Айресте жанкүйерлер дауысы «айшылық жерлерден» естіледі деседі. Елестетіп көрдіңіз бе?
«Боки» клубының жанкүйерлері Ресейде, Украинада, Еуропа мен АҚШ-та бар. Клубтың тіпті қарапайым матчына билет алу қиынға соғады. Оңтүстік Америкадағы «Суперклассикоға» жанкүйерлер айлап кезекке тұрады.
Әлемге танымал ерекше баннерлер – «Бока Хуниорсқа» тиесілі. Клуб жасаған баннердегі күлкілі тіркестерді әлем жұртшылығы қолданады. «Ривер Плейт» пен «Бока Хуниорс» арасындағы «Суперклассикоға» бүкіл қала халқы барады.
Иә, Аргентинада адамдар футболмен өмір сүреді.

Боруссия Дортмунд» жанкүйерлері

«Сигнал Идуна-Парктың» акустикасы жанкүйерлерге шабыт береді. Алаңдағы жанкүйерлер дауысы адам саныннан бес еселеніп естіледі. Германияда «Боруссия» ультрастарына жететіні жоқ. Әр перфоманстары жоғары деңгейде жасалады.
«Боруссия» жанкүйерлерінің футбол әлемінде бәсі жоғары. Олардың әлемнің ең атақты жанкүйерлерінің санатына қосады. «Боруссия» ультрастары – «Вестфаленштадион». Алаңнан пермофанс орналасқан аумаққа қарасаңыз, көзіңізге қара-сары түсті киімді әскер елестейді.
Бүгінде «Боруссия» стадиондағы жанкүйер саны бойынша көш бастап тұр. Жыл сайын 45 000 адам клуб абономентін сатып алады. 2007 жылы 50 000 жуық абономент сатылған. «Боруссияның» ресми тіркелген 700-ге жуық фан-клубы бар. Фан-клуб мүшелері 25 мың адамды құрайды.

«Бешикташ» жанкүйерлері

Әлемге әйгілі футбол әуендері Түркия жанкүйерлерінің еншісінде. ŞAMPİYON BEŞİKTAŞ, Beşiktaş Çarşı атты әндер клубтың бойтұмарына айналған. «Бешикташқа» футболдағы ерекше рекордтардың бірі тиесілі. Жанкүйерлер стадиондағы шу бойынша Еуропаны дүр сілкіндірген. «Ливерпульмен» өткен ойында стадиондағы дауыс жаңғырығы 132 децибелді көрсеткен. Әзірге бұл рекордты ешкім жаңарта алған жоқ.
«Бешикташ» клубын «қара қырандар» деп атайды. Клубтың басты қарсыласы – «Галатасарай». Дербиге жанкүйерлер барын салып дайындалады. Стадиондағы перфоманс, плакат, трибунадағы би «Бешикташтықтарға» қуаныш сыйлайды. Қызығы, Түркия чемпионатындағы матчтарда ойыншылар бір-бірін мүлде ести алмайды.

Мәскеулік ультрастар – «Вперед, Спартак»

Мәскеулік ультрастардың «Вперед, Спартак» деп әндетуі қарапайым болып көрінуі мүмкін. Алайда сіз мұны стадионнан естіп көріңізші. Он мыңнан астам жанкүйер бір мезетте әндетеді де, тоқтап қалады. Артынан әр жанкүйер кідіріспен «Вперед Спартак» дейді. Мұның өзі командаға дем береді.  «Спартак» жанкүйерлерінің топтасуы 1970 жыл­дары бастау алған. 1994 жылы FLINT’S CREW ультрастары құрылған. Кейінірек MAD BUTCHERS, GLADIATORS топтары пайда болды. Қазіргі таңда Фратрия бар. Фрат­рия­ның аудармасы – «бауыр­ластық».

AC Milan жанкүйерлері – «Бригатте россо-нерри»

Миландық клуб әлемдегі ең титулды командалардың бірі. Команда жанкүйерлері әлемдегі ең ұйымшыл «ультрастардың» қатарында. Италияда жанкүйерлерді «тиффози» деп атайды. «Милан» тиффозилары – «Бригатте россо-нерри». Бригатте россо-нерри клуб кездесулеріне баннерлер, түрлі жазу тақтайшаларын дайындайды әрі «Милан» жайлы ең әдемі әндерін шырқайды.

«Милан» ультрастарының орны – «Сан-Сиро» стадионының оңтүстік секторы. Тиффозилар арасында «Интер» жанкүйерлерімен келіспей қалады. Дерби болған түні Милан көшелері адам танымастай өзгеріп кетеді. «Миландықтар» өз тиффозиларына алғыстарын матч арқылы білдіреді.

Айзат Айдарқызы

Дереккөз: Айқын

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз