«Үлкеннен тарыдай мейірім көрмеген жастар айна мен көмір үшін өзгенің өмірін жалмай салады»

0

Неге?
— Панфилов паркіне, аға. 200 теңге.
— 300.
— Содан басқа тиыным болмай тұр…
— Бүгін – жұма. Тегін ала кетер, өйткені мен де тура сонда барам,- дедім қарап отырмай. 
Гогольдің бойымен кетіп барамыз, Гоголь-Қалдаяқовқа баруым керек.
Өз ойыммен әуремін. Межелі жерге жеткенде әлгі бала сылдыратып тиындарын берді де түсіп қалды. Таксист – шашы аппақ, өзі қылғынып галстук таққан дардай қазақ. Нарық заманы ғой, 200 теңгеге екі нан алады. Бірақ… Сол таксист Алматыда туып, балконда өспеген, мен сияқты, әйтеуір, бір ауылдан келді ғой.

…11-12 жастағы кезім. Біздің жақта қыз ұзақ, Шығыстың қары алты ай жатып алады, саршұнақ аязы бетіңді шымшып, жаныңды әп-сәтте мұздатып жібереді. Шешем қайтқан жылдан соң үйдегі төрт бірдей сиыр бұзаулаған. «Сиырларға обал болады» дегенді жиі естимін, көрші Меконың шешесі қашанғы көмектессін, әлім келсін-келмесін саусағымның қатып қалғанына қарамай, төрт бірдей сиырды өзім сауатын болдым. Ауылдың адамдары бөтен деп қарай бермейді, туыстан бетер бірінің үйіне бірі кіріп-шыға беретін уақыт қой. «Пәленнің сиыры қысыр қалған, шайлық сүті жоқ, апарып бер»,- деп әжем біресе – бидонға, біресе банкаға құйып сауылған сүтті дайындап береді. Апарып бересің. «Биыл сиыр қысыр қалды, көрші, сүт берші»,- деп келетін үйдің маңайындағыларға бересің кезек-кезек. Бір рет айтылды, болды, бересің! Бұл бір міндет-парыз сияқты, талқыланбайды. Сүтіңді апарған, әкеткен замат ұмытылатын. 

Мейірім бар еді, қамқорлық бар еді. Көлік терезесінің ар жағындағы қысқы қала көрінісі менің есіме осыны түсірді. Желкесінен төніп отырған мына таксистің әжесі немесе шешесі де солай сиыры қысыр қалған көршісіне шайлық сүт бергеніне сенімдімін. Бұл соны көрмеді емес, көрді. Ал мынасы… «Қайырымдылығыңды қаланың бетон қабырғасы сорып, жылылығыңды нарықтың заңы жұлып кетсе де, қара жолдың бойында жүрсің, бүгін күн жұма еді ғой»,- деп кеткім келді. Үндемедім. Сөз шығын өйткені.

Үлкеннен тарыдай мейірім көрмеген жастар айна мен көмір үшін ажалды қасына ертіп, өзгенің өмірін жалмай салады. Өйткені таудай қамқорлық көріп өскен үлкеннің кейпі – анау… 
Неге біз осы?

Айгүл Болатханқызының фейсбук парақшасынан алынған

«Қамшы» сілтейді