Тозған жерді тыңайтудың тиімді тәсілі

0

Жалпы, топырақтың құнарын сақтаудағы басты рөлді ауыспалы егістер атқарады. Өкініштісі, елімізде егістік далаларды ұзақ уақыт пайдалану кезеңінде жердің құнарын қалпына келтіріп отыру, оны арттырудың түрлі тәсіл­дері есепке алынбаған. Басты мақ­сат егістіктерді барынша ұзақ пай­далануға және тұрақты түр­де мол өнім алуға бағытталды. Әри­не, бұл жердің тозуына алып келді. 

Кеңестік кезеңде астықты өңірлерде ұзақ уақыт бойы меха­никалық өңдеу құнарын көбей­туге тиімді әсер ететін әдіс саналды. Алайда уақыт өте келе меха­никалық өңдеуге ұшыраған, жиі-жиі жыртылған, тіпті жаз кезін­де 5-6 рет өңделген танаптарда қа­рашірінді құрамы төмендеп, жел мен су эрозиясы белең алды. Топырақ құрамы көзге көрін­бейтін ұсақ шаң-тозаңға ыды­рауы сынды құбылыстар байқалды. Яғни жер тозып кетті. 

Қазіргі Бараев атындағы астық­шаруашылығы ғылыми-зерттеу орталығының тарихы ондаған жыл­ға кететіні белгілі. Кеңестік кезеңде институт ауыспалы егіс зертханасының көпжылдық стационарында зерттеу жүргізген болатын. Танаптық тәжірибе жүр­гізгенге дейін, яғни 1962 жылы топырақтың 20 см-ге дейін­гі беткі қабатында бастапқы қара­шіріндінің мөлшері 30,9 пайызды құраған болатын. Ақмола өңірінің қаратопырақты алқаптарында 50 жылдан астам уақыт бойы пай­даланылған  дәнді-сүрлі ауыс­палы егістіктерде қарашірінді мөлшері 18,1 пайызға азайып кеткені анықталды. Мұның бас­ты себебі топырақты қайта-қай­та механикалық өңдеуге байла­нысты. Жоғарыда айтып кетке­ні­міздей, эрозия пайда болып, топырақ құрамындағы органи­ка­лық заттардың мөлшері жыл санап азайып отырған. 

Ақмола облысы – Қазақ­стан­дағы астықты ең мол беретін аймақ екенін ескерсек және мұн­дай проблема басқа да өңір­лерде бар екенін назарға алсақ, оған айрықша көңіл бөлуге ту­ра келеді. Топырақтың құна­рын қалпына келтіру және одан әрі жақсартудың жолдары қа­растырылған. Бұл үшін өңдел­ген егістік алқаптарында көп­жылдық шөп өсіру керек, ара­лық дақылдарды жасыл тыңайт­қыш ретінде жыртқан жөн. Көп­­жыл­дық шөптер мен шөп қос­паларын, түйежоңышқаны жасыл тыңайтқыш ретінде жырту то­пырақтағы жоғалып кетуге ай­налған органикалық заттардың орнын толтырады. 

Ауыспалы егістіктерде көп­жылдық шөп егу оң нәтиже беріп жатқан өңірлер аз емес. Мәселен, Солтүстік Қазақстанның шөлейтті өңірлерінде көпжылдық шөптер, оның ішінде жоңышқа егіс ал­қаптары үшін өте пайдалы дақыл саналады. Ауыспалы егіс­тік­терге жоңышқа егілген кезде топырақтың құрамы жақсарып, құнары артады. Жоңышқаның арқасында қарашіріндінің, азоттың және де басқа қажетті қоректік мик­ро­­эле­менттердің мөл­шері едәуір көбе­йеді. Суар­малы жер­лер­дегі топырақтың тұз­дану-сор­лануы­мен күресуде де жо­ңыш­қаның фи­зикалық-химия­лық және мели­орациялық рөлі зор. Қазіргі таңда өңірдегі астықша­р­уа­шылығының ең өзекті мәселе­лерінің бірі – қарашіріндінің топы­рақтағы мөлшерін тұрақ­тан­дыру және одан әрі қалпына кел­тіру болып отыр. Сондықтан да жо­ңышқаны ауыспалы егіс танап­тарына енгізгенде өзінің ірі жә­не ұсақ тамырлары азот қорын жинап, оны топырақ қаба­тында қалдырып отырады. Жоңыш­қаның тамыры топырақта органи­калық заттардың неғұрлым көп жиналуын да қамтамасыз етеді.

Ақмола облысының оңтүстік қара топырақтарында ауыспалы егіс зертханасы жүргізген зерт­теулерге сүйенсек, таза сүрі жер танабының орнына түйе­жоңышқаны жасыл тыңайтқышқа өсірген кезінде топыраққа қосым­ша 60 ц/га органикалық заттар түсетіні байқалды. Топырақтың 0-40 см қабатындағы нитратты азоттың мөлшері егін себер алдында таза сүрі жер танабына қарағанда, түйежоңышқадан кейінгі себілген жаздық бидай танабында 15-20%-ға артық болады екен. Бес танапты көп сүр алқаптағы қарашіріндінің бастапқы мөлшері 3,28%-ды құраса, ал үшінші айналымның соңына қарай түйежоңышқаны жасыл тыңайтқышқа жыртқан кезде қа­рашіріндінің мөлшері 

3,55%-ға дейін көтерілгені бай­қалды. Көп­жылдық бұршақты шөптерді еккен кезде  қарашірінді бастапқы мөлшерінен (3,43%) ай­тар­лықтай өзгергені байқал­мады. 

Қорыта келе, топырақтағы қарашіріндінің жай-күйін ұзақ мерзімді зерттеудің нәтижесі бо­йынша ауыспалы егістегі өң­дел­ген егістік жерлерде көп­жылдық шөптерді 5-6 жыл пайдалану және түйежоңышқаны 2 жыл жасыл ты­ңайтқышқа өсіру кезеңдерінде то­пырақтың құна­ры едәуір қалпына келетіні дәлел­денді. Сондай-ақ егін егу кезінде алдымен егілетін дақылдарды дұрыс таң­дау өте маңызды екенін атап өткен жөн. Мысалы, бұршақ тұқым­дас­тарының тамырларында дамып ке­ле жатқан түйнек бактериялар ауа­дағы азотты сіңіріп алады, сөй­тіп топырақ құрамын байытады. 

Бүгінгі таңда Мемлекет бас­шы­­сының нұсқауымен, Үкімет­тің қолға алуымен елімізде аграр­лық саланы дамытуға ерекше кө­ңіл бөлінуде. Ал аграрлық сектор­дың негізгі тірегі – құнарлы жер, сол жерді тиімді пайдалану. Баба­лары­мыз «Байлықтың анасы – жер, атасы – еңбек» дегенді тегін айт­паса керек. Осы ен байлық­ты елдің игілігіне жаратқымыз кел­се, жердің азып-тозбауына, құна­рының қалпына келіп отыруына көңіл бөлген жөн. 

Алдаберген АЛДОҢҒАРҰЛЫ, 

А.И.Бараев атындағы 

Астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығындағы ауыспалы егіс зертханасының меңгерушісі

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз