Құқық қорғаушы Жәкішевке шыққан сот шешімін айыптап, жалғыз адамдық пикет өткізді

0

Бейсенбі, 25 шілдеде Алматыдағы Тәуелсіздік алаңында кешкі сағат 17.00 шамасында құқық қорғаушы, журналист Сергей Дуванов «Қазатомөнеркәсіп» компаниясының бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішевке шыққан сот шешімін айыптап, жалғыз адамдық пикет өткізді. 24 шілдеде Семей соты Мұхтар Жәкішевтің «мемлекетке 99 миллиард теңгеден астам қарызы барын» айтып, оны ерте босату туралы өтінішін қанағаттандырмаған еді.

Шамамен 15 минутқа созылған наразылық шарасы кезінде «Жәкішевке бостандық!» деген жазуы бар плакат ұстаған Дуванов Семей сотының шешімін әділетсіз деп бағалады. Ол осы сияқты «бейбіт митингілерден неге халық қорқады, неге мәселені тығылып жүріп, ас үйде ғана талқылайды? Біз бұдан ұялуымыз керек. Пікірімізді ашық айтуға біздің құқығымыз бар» деді.

Ол дәл осының алдында Facebook-тағы парақшасында акциясының мәнін түсіндіріп, төмендегідей жазба қалдырған еді.

«Кінәсі сотта дәлелденбеген, денсаулығы қатты нашарлаған, түрмеде 10 жыл отырған адамды көз алдымда мүгедекке айналдырып, түрмеде шірітті. Мен ондай орындарда болғам, ұрылар мен алаяқтардың және адал азаматтардың өздерін қалай ұстайтынын білемін. Жәкішев жауапкершілігі бар адам. Ұры болса, баяғыда-ақ кінәсін мойындайтын еді. Бірақ ар-намысы таза адам мұны жасай алмайды. Билік әділ, гуманды болса, оны баяғыда-ақ босатар еді. Мұнда қандай да бір кектің бары анық. Бірақ бұл басқа әңгіме. Қысқасы, ар-намысымды жуып-шаюға барам. Мұндай жағдайда үнсіз қалу – келісумен пара-пар» деп жазды.

Жалғыз адамдық пикет кезінде бірнеше полиция қызметкері бақылап тұрды. Дуванов Қазақстан заңы бойынша полицияның жалғыз адамдық пикетке шыққандарды ұстай алмайтынын да атап өтті.

Оқи отырыңыз: Дерті асқынған Мұхтар Жәкішевті қамаудан босатпады

55 жастағы Мұхтар Жәкішев 2009 жылы мамырда ұсталған соң «сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады» деп айыпталып, 14 жылға сотталған. Қазір ол жазасын Семей қаласындағы қатаң режимдегі колонияда өтеп жатыр.

Azattyq

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз