Қазақ елі – Түркі әлемінің қара шаңырағы

0

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы Қазақ елінің адамзат тарихындағы орны туралы маңызды мәселелерді көтергені белгілі. Мақала, әсіресе, қазақтардың Түркі жұртындағы маңызды орнына  тағы да бір рет назар аударды:

«Қазақстан – күллі түркі халықтарының қасиетті «Қара шаңырағы». Бүгінгі қазақтың сайын даласынан әлемнің әр түкпіріне тараған түркі тектес тайпалар мен халықтар басқа елдер мен өңірлердің тарихи үдерістеріне елеулі үлес қосты»

Расында да, Қазақстан географиялық жағынан Түркі әлемінің қақ ортасында орналасқан. Қазақ елінің территориясының алып жатқан кең байтақ даласы көшпенді өмір салтының және сол салт негізінде қалыптасқан Түркі өркениетінің төл бесігі болып табылады. Бүгін түркі тектес елдердің көпшілігінде жоғалып бара жатқан Ұлы бабаларымыздың құндылықтары әлі күнге дейін қазақ ортасында сабақты жалғасын тауып келеді. Ендеше, «Қазақ елі Түркі әлемінің орталығы» деген пікір тек қазақтың ұлттық болмысының күшеюіне ғана себеп болмайды, оған қоса, өзімізбен бауырлас елдердің де рухани жаңғыруына септігін тигізбек. Басқаша айтқанда, тағдырдың өзі Қазақ еліне маңызды жауапкершілік жүктеп отыр. Қазақтардың өздерінің шежірелі тарихын зерделеп, оған ие болып, мықты ұлттық бірегей қалыптастыруы Түркі өрнкениетінің жиырма бірінші ғасырда жаңа белеске көтерілуінің алғышарты болып табылады. Сондықтан Қазақ елінің Түркі әлеміндегі орнына жан-жақты талдау жасалып, насихатталуы керек.

Түркілердің ата қонысы, шыққан жері, төркіні қай жер екендігі – ғалымдардың арасында осы уақытқа дейін талқыланып келе жатқан мәселе. Жалпы қабылданған түсінік түркілердің Алтай тауынан шыққандығы болса да, басқаша пікірлерді қолдайтын ғалымдар да аз емес. Кейбір ғалымдар түркілердің негізгі қонысы Еділ мен Жайықтың арасы десе, кейбіреулер Тәңір тау мен Арал теңізінің арасы деп айтады. Енді кейбіреулері Орал тауын көрсетсе, түркілердің ата қонысы, қара шаңырағы қазіргі Моңғолия аумағы деген пікір де кеңінен тараған.

Бұл мәселеге тың көзқарас ұсынған татар ғалымы Зәкиев түркілер бір жерден шығып, бүкіл Еуразия аумағына тарады деген пікір Еуроцентристтік идеологияны қолдау үшін ортаға тасталған түсінік деп есептейді. Еуроцентристтердің мақсаты – түркілердің Орта Азия, Кафказ аймағы және Шығыс Еуропаға кейіннен келген келімсектер екендігін дәлелдеу және шын мәнінде бұл жерлердің үнді-еуропалық тайпалардың ата қонысы екендігін дәйектеу. Бұл арқылы еуропалықтардың осы аталған жерлерді билеуге хұқығы бар екендігіне дәйек қалыптастыру. Зәкиевтің пікірінше, түркілер атам заманнан бері қазіргі тұрған жерлерін мекендеген.

Түрік руларының бір жерден басқа жерге барып, онда өз мемлекеттерін құруы ол жерде одан бұрын түріктер болмады деген мағынаға келмеуі тиіс. Кешегі мақаласында Елбасының «Еуропацентристік көзқарас сақтар мен ғұндар және басқа да бүгінгі түркі халықтарының арғы бабалары саналатын этностық топтар біздің ұлтымыздың тарихи этногенезінің ажырамас бөлшегі болғаны туралы бұлтартпас фактілерді көруге мүмкіндік берген жоқ.» деген пікірі бүгін Еуразияның әр қиясында отырған түркі тектес халықтар секілді қазақтардың да атам заманнан бері осы жалпақ даланы мекендегендігін көрсетеді.

Қалай болғанда да, Түркі әлемінің шет жақтарында отырған түркі халықтарының құрамы басқа мәдениеттермен шекарасы болмаған орталықтан келген түркі руларымен жаңарып отырғаны анық. Өйткені өзге мәдениеттермен аралас-құралас отырған түркі елдерінің ол мәдениеттердің ықпалында қалмауы, әрине, мүмкін емес. Бұл үдеріс кезінде шетте отырған түріктердің түркілік болмысының әлсіреуі де заңды. Алайда бұл үдерісті болымсыз деп бағалауға болмайды. Тіпті, Түркі өркениетінің ең үздік үлгілері осы жат мәдениеттермен араласу аймақтарында пайда болған десек қателеспейміз.

Десе де, Түркі өркениетінің тұнық халін өздерінің дәстүрлі өмір салтына байланысты көшпенділердің сақтап қалғандығында дау жоқ. Бәлкім осы «орталықтағы түркілердің» нағыз түркілік дүниетанымды айшықтайтын болмыстарына байланысты, шеттегі түркілер артта қалған туысқандарының жерін «ата қоныс», «қара шаңырақ» деп те атаған болуы мүмкін. Тіл тұрғысынан айтар болсақ, Махмут Қашқаридің де жазып кеткеніндей, «Ең таза, ең тұнық түрік тілін қалаға келмеген, басқа тілдерді білмейтін түркі тайпалары сөйлейді.» Демек, Түркі әлемінің орталығында Ұлы даланы мекендеген көшпенділер негізгі түркі тілін, мәдениетін, дүниетанымын, тіпті мемлекеттілігін сақтап қалған болып шығады. Сондықтан Түркі әлемінің ішкі жағында орналасқан түркілер Түркі әлемінің ата қонысы, қара шаңырағы болып табылады.

Түркілердің қара шаңырағы мәселесіне бүгінгі қазақ шежіре дәстүрінен жауап іздейтін болсақ, өте қызықты жайттарға куә боламыз. Қазақтарда көнеден келе жатқан «Түркімен – төр ағам, Өзбек – өз ағам» деген мақал бар. Осы қанатты сөзді Мәшхүр Жүсіп Көпей шежіреге сүйене отырып талдағанда, бұл мақалға сай түркімендер, тек қана қазіргі Түркіменістанның түркімендері ғана емес, бұрынғы Османлы елінде тұрған барша түркі ру-тайпалары қазақтардан бес ата үлкен; ал өзбектер қазақтардан үш ата үлкен деп жазады. Сонда қазақтар түркі ағайындардың ең кенжесі ретінде қара шаңыраққа ие боп қалған болады. Қазақ санасындағы бұл түсінік Мағжан Жұмабайдың өлеңінде де өз көрінісін тапқан:

Тұранда түрік ойнаған ұқсап отқа,

Түріктен басқа от болып жан туып па?

Көп түрік енші алысып тарасқанда,

Қазақта қара шаңырақ қалған жоқ па?

Түркі мемлекеттілігі тарихы тұрғысынан қарасақ, негізінен Түрік мемеклеттілігін Көктүрік қағанатымен бастаған жөн. Өйткені Көктүрік қағанатынан бастап, барлық билеушілер қағанаттың басында тұрған Көктүрік әулетінен сайланған. Жалпы, біздің түрік аталуымыз да осы әулеттің атымен байланысты. Хазар билеушілері де, Қарахандар билеушілері де осы Көктүрік руынан еді. Ал енді кейінгі заманда осы алып қағанатты қалпына келтірген Шыңғыс хан болды. Шыңғыстан кейін барлық хандар Шыңғыс ұрпағынан шығатын болды. Олар төре деп аталды. Төре сөзі мен түрік сөзінің арасында байланыс бар екендігі өздігінен көрініп тұр. Өйткені төрелер сол көне түрік мемлекеттілік дәстүрін жаңғыртқан болып тұр.

Шыңғыс ханнан кейін түркі мемлекеттілігін жалғастырушы Жошының ұрпақтары яғни Алтын Орда болды. Өйткені Шағатай мен Үгедей ұрпақтары парсы мемлекеттілік дәстүрінің ықпалында қалды, ал Төленің ұрпақтары Құбылайдан кейін Юань атымен қытай мемлекеттілігінің жалғасы болып кетті. Төленің басқа бір ұлы Құлағу Иран мемлекетінің бөлшегі болып саналады. Ал Алтын Орда ыдырай бастағанда және Ресей Алтын Орда мұрагерлері Үлкен Орда, Қазан, Астрахан, Көшім, Ноғай және Қырым хандықтарын жаулай бастағанда, бұл басқыншылыққа 1847  жылы соңғы ханы Кенесары өлгенге дейін төтеп берген Қазақ хандығы – Алтын Орданың тікелей мұрагері еді.

Бүгін қазақтардың шежіре дәстүрінде төрелердің ерекше құрметке бөленуі Қазақ елінің ежелден жалғасып келе жатқан түркі мемлекеттілігінің жалғасы екендігін дәлелдеп тұр. Бір жағынан осы шежіре дәстүріне негізделген ұлттық сана, енді екінші жағынан Қазақстанның географиялық ортасы Қазақ елін Түркі өркениетінің қара шаңырағына айналдырады.  Елбасының: «Тарих пен география түркі мемлекеттері мен ұлы көшпенділер империялары сабақтастығының айрықша моделін қалыптастырды. Бұл мемлекеттер ұзақ уақыт бойы бірін-бірі алмастырып, орта ғасырдағы Қазақстанның экономикалық, саяси және мәдени өмірінде өзінің өшпес ізін қалдырды.» деген пікірі тарихи сана мен ұлан-байтақ даланың қазақтың ұлттық болмысы тұрғысынан қаншалықты маңызды екендігін еске салады.

Түркі мәдениеті тұрғысынан қазақтар солтүстікте Еділ мен Жайық, оңтүстікте Сырдария мен Амудария жағалауларындағы қалалардан ұзақ өмір сүргендіктен, далалықтар ретінде түркі мәдениетінің ең саф үлгісін сақтай білді. Сондықтан да қазақтардың әдет-ғұрпы, тілі мен әдебиеті, музыкасы, дүниетанымы, шежіре дәстүрі нағыз көне Түркі өркениетінің жалғасы болып табылады. Бұлай болуындағы негізгі себептің бірі – ХХ ғасырға дейін қазақтардың Еуразияның ең соңғы көшпенділері ретінде өмір салтын жалғастыруы болса керек. Бір қызығы, американдық ғалым Брюс Привратски бүгінгі Қазақстанның оңтүстігіндегі Ахмет Яссауи жатқан «Яссы» қаласының «Түркістан» аталуын өзбектер басым болған басқа Орта Азия қалаларына қарағанда ол жерде «түркі мәдениетінің нағыз өкілі қазақтардың басым болуымен» байланыстырады. Осы орайда қазақтардың Шоқан жазып кеткендей, Исламнан бұрынғы сенім-нанымдарын Исламмен ұштарстыра білген түркілік Исламының өкілдері екендігін айта кеткен жөн. 

Қорыта айтқанда, Қазақ елі – Түркі әлемінің қара шаңырағы, яғни қасиетті шаңырағы. Қара шаңырақта отырған әулеттің белгілі жауапкершіліктері болатындай, қазақтардың да түркі тектес бауырлары алдында жауапкершілігі бар екендігін ұмытпауымыз керек. Бұл жауапкершілік қазақ халқының өзінің ата мұрасы, тарихи жәдігерлері, тілі мен салт-дәстүріне ие болуды, оларды жаңа заман талабымен үйлестіруді керек етеді. Мықты елдің биік рухы болатынын ескерсек, елдігімізді жаңа ұрпаққа жеткізуіміз үшін ата-бабамыздың рухани мұрасына ие болып, оны жаңғырта түсуіміз керек.

Дінмұхаммед Әметбек,

Анкарадағы АНКАСАМ зерттеу орталығы

Еуразия бөлімінің басшысы, PhD доктор

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз