Нұр-Сұлтанда көп балалы аналар тағы да наразылық танытты

0

11 сәуірде Нұр-Сұлтанда ондаған көп балалы ана еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің алдына келіп, наразылық танытты. Олар атаулы әлеуметтік көмек аларда қиындыққа тап болғандарын айтып, шағымданды. Бұл туралы Азаттық тілшілері хабарлады.

Кейін наразы аналар мәжіліске барды. Көп балалы аналар «әкімдіктегілер жәрдемақыны тағайындауда мәжіліс шығарған заңға сүйеніп отырғандарын айтады. Демек, мәжіліс заңды дұрыс шығармаған» деп шағымданды.

Оларға мәжіліс депутаттары Карибай Мұсырман, Бейбіт Мамыраев, Гүлнар Иксанова мен еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова шықты.

Вице-министр жәрдемақы тағайындауда әкімдіктер тарапынан олқылық болып жатқанын айтты. Жақыпова 12 сәуірде көп балалы аналар мәселесі бойынша үкімет жанынан құрылған жұмыс тобының кезекті отырысы өтетінін, оған облыс әкімдері не облыс әкімінің орынбасарлары келетінін жеткізді.

– Отырыста әр ананың өтініші қалай орындалып жатқанын талқылаймыз. Отырысқа дейін Бақыт Сұлтановпен (Нұр-Сұлтан әкімі – ред.) жеке кездесу жағын қарастырамын. Кездесуде сіздердің өтініштеріңізді айтып, әкім орынбасарлары мен басқарма басшыларының сіздердің өтініштеріңізге дұрыс жауап бермей жатқанын жеткізгім келеді, – деді вице-министр.

Наразы аналардың бірі «жәрдемақыны әкімдіктер емес, тікелей министрлік тағайындау керектігін» айтты.

Наразы аналар мәжіліске келген сәт. 11 сәуір 2019 жыл.

Наразы аналар мәжіліске келген сәт. 11 сәуір 2019 жыл.

Наразылыққа келгендердің бірі Назгүл Алдабергенова Нұр-Сұлтан қаласында «Бақытты бала» деген көп балалы аналар ұйымын құрғысы келетіндерін айтады.

«Мамандығы жоқ аналарды жұмыспен қамту орталығындағы курстарға жіберу, жұмыс орнын ашу және қайырымдылық шаралар ұйымдастырғымыз келеді. Шаралар өткізу үшін әкімдіктен орын сұрадық, бірақ тауып бермеді. Бұрын әкімдікке барғанда ұйым құрмай қойыңдар, мәселе онсыз да шешіледі деген еді. Біз құрмаймыз деп келіскенбіз. Қазір Whatsapp чат құрдық. Онда мыңға жуық ана бар» дейді ол.

4 ақпанға қараған түні Астанада уақытша баспанадағы өрттен бір отбасының бес баласы (ата-аналары түнгі жұмыста болған деп хабарланды) мерт болғаннан кейін, Қазақстанның бірнеше қаласында аналар жаппай наразылық танытты.

Олар биліктен көп балалы отбасыларға әлеуметтік қолдауды күшейтіп, балаға төленетін жәрдемақыны көбейтуді, баспана мәселесін шешуді және жеңілдіктер беруді талап етті. Ақпанның соңы мен наурыздың басында жергілікті билік орындары ұйымдастырған кездесулерде наразы тұрғындар облыс және қала әкімдіктері шенеуніктеріне әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың ауыр жағдайын айтып, олардың проблемасына биліктің назар аударуын талап етті.

Наразылық күшейіп тұрған тұста – 27 ақпанда Астанада «Нұр Отан» партиясының 18-съезінде Қазақстанның сол уақыттағы президенті Нұрсұлтан Назарбаев көп балалы отбасындағы әр балаға 21 мың теңгеден төлеуді тапсырған.

Атаулы әлеуметтік көмек алуға құжат қабылдау 1 сәуірде басталған. Бұған дейін де Нұр-Сұлтан қаласында ондаған ана құжат өткізудің машақаты көп екенін айтып, шағымданған.

Жәрдемақы алу үшін кезек күткен аналардың шағымы. 8 сәуір 2019 жыл.

Azattyq

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз