Нұр-Сұлтанда бірінші наурызда акция басталады

0

Еріктілер соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлерін үйлеріне құттықтай барып, оларға азық-түлік себеттерін табыстайды

НҰР-СҰЛТАН, 27 ақпан – Sputnik. Көктемнің алғашқы күнінде Нұр-Сұлтан қалалық еріктілер штабының бастамасымен Алғыс айту күніне орай «Ардагерлерге мың алғыс» атты акция басталады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Елорда әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, акцияның мақсаты – ардагерлер бетпе-бет кездесіп отырған проблемаларға қоғам назарын аудару, жас ұрпақтың бойында патриотизмді қалыптастыру, Отанға деген сүйіспеншілікті ояту. Осылайша, рухани-адамгершілік құндылықтарды дәріптеу.

«Алғыс айту күні – бұл тәуелсіз Қазақстанды құру жолында түрлі қиындықтарды еңсерген ел азаматтарының бір-біріне деген құрметінің белгісі. Ұлы Отан соғысы жеңісінің 75 жылдығы қарсаңында біз «Ардагерлерге мың алғыс» акциясын бастадық. Жыл бойы жалғасатын акцияға 5000-ға жуық ерікті қатысады», – деді «Астана жастары» КММ жетекшісі Шыңғыс Тілеулин.

Бүгінде мұндай бастаманы 200-ден астам ерікті қолдап отыр. Олардың қатарында мектеп оқушылары мен колледж, университет студенттері, жастар ұйымдары, үкіметтік емес ұйымдардың және этномәдени бірлестіктердің өкілдері бар.

1 наурыздан басталатын акция аясында көптеген іс-шара өткізу жоспарланған. Атап айтқанда, ардагерлер үйіне барып, іші мен сыртын тәртіпке келтіруге көмектесу, азық-түлік себеттерін жеткізу, ардагерлерді профилактикалық медициналық тексеруден өткізу. Бұл бағыттағы жұмыстарға «Қазақстанның жас дәрігерлері» қоғамдық бірлестігінің мүшелері атсалысады. Жалпы акция аясында 400-ден астам соғыс ардагері мен тыл еңбеккеріне қызмет көрсетілмек.

Еске сала кетейік, жеңістің 75 жылдығына орай Нұр-Сұлтан қаласының ардагерлеріне 850 мың теңге көлемінде бір реттік қаржылай қолдау көрсетіледі.



sputniknews.kz

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз