Корея тұрғындары ерлік жасаған қазақ жігітін мемлекеттік марапатқа ұсынды

0

Әлемде

Қысқа сілтеме алу

3 0 0

Қазақстан азаматы ерлігі жайлы да, өрт кезінде денесін күйік шалғаны туралы да туыстарына тіс жармапты

НҰР-СҰЛТАН, 23 сәуір – Sputnik. Оңтүстік Кореяда өрт кезінде он адамды құтқарып қалған Әли есімді қазақ жігіті мемлекеттік наградамен марапатталуы мүмкін. Тұрғындар президенттің атына хат жазған, деп хабарлайды «Хабар 24» арнасы.

Оқиға биыл 23 наурызда Ян Ян қалашығында болды. Түнгі сағат он бір шамасында отандасымыз түтін иісін сезген. Сөйтсе, көрші пәтерлердің бірінде өрт шығыпты.

Әли көмек сұрап айғайлаған әйелдің даусын естіген, бірақ пәтердің есігін аша алмаған. Отандасымыз пәтерге газ құбыры мен телекабельмен өрмелеп шығып, ішіне кірген. Өкінішке қарай, өрт шыққан пәтерде болған әйел кейіннен ауруханада көз жұмды. Әли өзге көршілерін оятып үлгерген. Соның арқасында олар дер кезінде сыртқа шығып, аман қалды.

Қазақстандық жігіт ерлігі жайлы да, өрт кезінде денесін күйік шалғаны туралы да туыстарына тіс жармапты. Медициналық көмектен де бас тартқан.

Тағы оқыңыз: Оңтүстік Кореяда аты-жөнін ұмытқан қазақстандықтың туыстары табылды

Алайда көршілері бой бермей, оны ауруханаға жеткізіп, емге кететін шығынды өздері төлеген. 

«Кеше газетте, интернетте, фейсбукте шыққаннан кейін үйдегілер көріп, анам жылап жіберді. Ол білмейтін еді. Көрді. Қолым, құлағым, мойным дәкемен оралған. Жұмыста ондай-ондай болады, құлап түстім дедім», – дейді Әли.

Әлидің көршілері Оңтүстік Корея президентінің атына хат жазып, қазақ жігітін марапатқа ұсынған.

«Әли мамырда отанына оралуы керек. Алайда мен президенттің атына хат жаздым. Әділет министрлігіне де оның ерлігі жайлы жазылған мақалалар ұсындық. Соның арқасында оның елімізде жүріп-тұру уақыты ұзартылды. Алайда қандай мерзімге ұзартылғаны әзірге белгісіз. Меніңше, Әлиге тек виза ғана  емес, Оңтүстік Кореяда тұруға ықтиярхат та берілуі керек», – дейді Ян Ян уезінің тұрғыны Чан Сон Ок.

Әли Оңтүстік Кореяның Ян Ян шипажайлы қалашығына отбасымен бірге 2017 жылы жұмыс іздеп көшіп барған. Оған дейін Түркістан қаласында үй және көлік жөндеумен айналысқан екен.

Тағы оқыңыз: Кореяда сотталған қазақстандықтың жазасы өзгерді

Әлимен бірге келген жұбайы жүктілікке байланысты Қазақстанға оралған. Қазір Түркістанда алты жасар ұлы және бір жасар қызымен отағасын күтіп жүр.

Отандасымыз кішкентай қызын әлі көрмепті. Сондықтан 1 мамырда Қазақстанға ұшып келіп, отбасымен қауышуды жоспарлап отыр. Ал кейіннен Оңтүстік Кореяға қайтып бару жағын ойластыруда, деп хабарлайды телеарна.



sputniknews.kz

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз