Каспийден заңсыз балық аулаған төрт шетелдікке айыппұл салынды

0

Маңғыстау облысынының Қарақия аудандық сотында шекарадан заңсыз өтіп, Каспий теңізінен балық аулаған Әзербайжанның төрт азаматы әрқайсысы 1,2 миллион теңгеден аса айыппұлға кесілді. Бұл туралы Қарақия аудандық сотының баспасөз қызметі хабарлады.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, қылмыстық топ Каспий теңізінің Қазақстанға тиесілі аумағына өтіп, Қызыл кітапқа енген балықтарды аулаған.

Сот үкімімен төрт азамат Балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсiмдiктерін заңсыз алу туралы жазылған Қылмыстық кодекстің 335-бабы мен Қазақстанның мемлекеттiк шекарасын қасақана заңсыз кесіп өту жайлы айтылған 392-бабы бойынша кінәлі деп танылған.

Сот олардың әрбірін 500 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұлға (1,2 миллионнан асады) кесіп, Қазақстан аумағына кіруге бес жылға тыйым салған.

Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет 23 мамырда өзінің Facebook парақшасында Қазақстанның батысында 1 сәуірден 31 мамырға дейін «Бекіре-2019» балықтарды қорғау акциясы өтетінін жазған. Ділдахметтің айтуынша, Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарында акция басталғалы браконьерлерден 21 тонна балық тәркіленген. «Табиғатты қорғау заңнамасы бойынша 917 заңбұзушылық анықталды. 658 адам әкімшілік жауапқа тартылып, оларға 11,7 миллион теңге айыппұл салынды. 46 жағдай қылмыстық сипаты бар заңбұзушылық ретінде сотқа дейінгі тергеу бірыңғай реестріне тіркелді» деп жазады комитет өкілі.

Azattyq

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз