Эстония министрі қызметке тағайындалған күннің ертеңіне отставкаға кетті

0

29 сәуір күні Эстонияның сыртқы сауда мен IT министрі болып тағайындалған Марти Куузик бір күннен соң, 30 сәуірде отставкаға кетті. Бұл туралы «Делфи» басылымы хабарлады. Куузик үкіметке иммиграция мен бір жынысты некеге қарсы шығатын консервативтік әсіреоңшыл ЭКРЕ партиясының атынан кірген.

Биыл наурызда Эстонияда парламент сайлауы өтіп, ЭКРЕ 17,8 пайыз дауыс жинады да, парламенттегі өздеріне тиесілі орын санын екі еселеді. Екінші рет парламентке кірген партиядан бес министр тағайындалып, ЭКРЕ үкіметтегі басым топтың біріне айналды.

29 сәуірде Eesti Ekspress газеті Куузиктің «ішімдікке салынғаны мен бұрынғы әйеліне жылдар бойы қорлық көрсеткені» туралы мақала жариялады. Материалда «министр әйелін бірнеше рет соққыға жығып, екі жыл бұрын ажырасқаны, бірақ айырылысқан соң былтыр қаңтарда оның қолын сындырғаны» айтылады.

Айыптардың бәрін жоққа шығарған Куузик мұны «саясаттағы қарсыластарының ұйымдастырып отырғаны» деп мәлімдеді. Министрдің бұрынғы әйелі әуелде журналистермен сөйлесуге келіскенімен, артынша мұны «министрді қаралау» деп сұхбат беруден бас тартты.

29 сәуірде Эстония президенті Керсти Кальюлайд Куузикті министр қызметіне тағайындау рәсімі кезінде қарсылық ретінде залдан шығып кетті де, Куузик бос орынға бас июге мәжбүр болды.

Сайлаудан бұрын Куузик пен бұрынғы әйелі қайта қосылғандарын мәлімдеген. Басылымдарда айтылған тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайларының рас-өтірігін полиция мен прокуратура тексеріп жатыр.

Azattyq

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз