дәрігер мен пациент үшін қаншалықты тиімді

0

Қоғам

Қысқа сілтеме алу

1 0 0

Денсаулық сақтау министрлігі емханада онлайн қабылдауға арналған жаңа жобаны қолға алғанын мәлімдеді

НҰР-СҰЛТАН, 12 маусым – Sputnik, Арман Асқар. Денсаулық сақтау министрлігі онлайн-емхана жобасын іске асыруды көздейді. Оған сәйкес, әрбір қазақстандық үйден шықпай-ақ дәрігердің кеңесін алатын болады. Sputnik Қазақстан тілшісі жаңа ақпараттық жүйенің қалай іске асатынын зерделеп шықты.

Адамдар емханаға баруға қорқады

Бүгінде қалалық емханаларда онлайн режимде тіркеу мен дәрігердің кезегіне жазылу сияқты қызметтер бар. Ал төтенше жағдай кезінде қашықтан кеңес беру шаралары да қолға алынды. Бірақ ондайда медицина мамандары, көбінесе, телефон арқылы ем-дом алу жолдарын айтып отырады. Мәселен, Қарағанды қалалық №1 емхананың маммолог дәрігері Айгүл Нұрманова төтенше жағдай уақытында екі апта бойы қашықтан жұмыс істеп, ұялы байланыс пен WhatsApp мессенджері арқылы пациенттерді қабылдаған.

«Біз былай жасадық, адамдар тіркеу бөлімі арқылы маммологқа жазылып, телефон нөмірлерін қалдырып отырды. Одан кейін мен өзім хабарласып, мәселенің мән-жайын сұрадым. Пациенттер WhatsApp-пен фото-видеосын жіберді. УЗИ болса, оны да мессенджер арқылы жолдады. Мен ол материалдардың бәрін зерделеп, қандай ем-дом алу қажеттігін айтып отырдым. Сөйтіп, қашықтан кеңес бердік», – дейді Нұрманова.

Оның айтуынша, бүгінде кейбір адамдар ондай тәртіпке үйреніп қалды. Емханаға келмей, бірден ұялы телефонға хабарласады. Ал кейбіреулер емханаға келуге қорқады.

«Енді, емхана адам көп жиналатын жер болғаннан кейін адамдар келуге қорқады. Вирус жұқтырып аламын деп үрейленеді. Содан үйден шықпай, маған фото-видеосын жібереді, кеңес беруді сұрайды», – деп атап көрсетті Нұрманова. 

Министрліктің жаңа жобасы қалай іске асады?

Жақында денсаулық сақтау министрлігі емханада онлайн қабылдауға арналған жаңа жобаны қолға алғанын мәлімдеді. Қазіргі кезде оны техникалық тексерістен өткізіп жатыр. Одан кейін алдымен Шымкент, Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласында сынақтан өткізеді. Бәрі ойдағыдай болса, онлайн жүйені барлық аймаққа таратады.

Денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішевтің айтуынша, жаңа қызмет «телеконсультация» форматында болады. Бірақ Skype, Zoom немесе WebEx сияқты шетелдік бағдарламалар қолданылмайды. Отандық  платформа әзірленіп отыр. Соның негізінде қазақстандықтар телебайланыс арқылы емхана дәрігерінен онлайн режимде кеңес алады.

«Бұл жобаның пайдасы – пациентке емханаға барудың қажеті жоқ. Кез келген адам смартфон, ноутбук немесе планшет арқылы өзі тіркелген емхананың дәрігерінен тегін кеңес ала алады», – дейді Әбішев.

Оқи отырыңыз: Бас санитар дәрігер вирус жұқтырғандар саны неге артып жатқанын түсіндірді

Оның сөзіне қарағанда, қазіргі кезде барлық адамдар емханада тіркелген. Әрбір адам өзінің дәрігерін біледі. Дәрігер де пациенттің денсаулығы жайында хабардар. Оған қоса, ақпараттық жүйелерде барлық мәлімет бар. Соның негізінде қажетті кеңес беруге болады.

Халық не дейді?

Елорда тұрғыны Нұрлан Жақиянов та дәрігер кеңесін қашықтан алуға қарсы емес. Алайда дәрігерге барып көрінгеннің пайдасы көп деп санайды.

«Иә, дәрігерден қашықтан кеңес алған ыңғайлы. Бірақ қазір адамдар дәрігердің телефонын біліп алады да, звондай береді, содан соң фото-видеосын жібере береді. Кезексіз кеңес беруді сұрайды. Ал жаңағы телеконсультация болса, бәрін кезекпен қабылдайтын шығар. Дегенмен, дәрігерге барып көрінгеннің пайдасы көп сияқты», – дейді Жақиянов.

Төтенше жағдай кезінде телефон арқылы кеңес берген дәрігер Айгүл Нұрманова да қашықтан жұмыс істеген оңай емес деп отыр. Мәселен, осы жолы бірде компьютерге, бірде телефонға үңілуге тура келді. Оған қоса, әрбір сырқаттың белгісін анықтаудың өзіндік жолдары бар.

«Шыны керек, компьютер мен телефоннан басымызды көтере алмадық. Компьютерде әрбір пациент бойынша есеп жазасың, одан кейін бірден телефонға үңіліп, адамдарға кеңес бересің. Сол жағынан ыңғайсыздау болды. Маған адамның ауырып тұрған жерін қолмен ұстап көру керек. Иә, фото мен видеоны көргенде бәрін түсінемін. Дегенмен, саусақпен ұстап көрген де дұрыс», – деді Нұрманова.

Маман қашықтан жұмыс істеген кезде біраз тәжірибе жинағанын айтады. Сондықтан жаңа жоба енгізсе, телеконсультация форматында қабылдау жүргізуге дайын.

«Енді, қашықтан жұмыс істесек, үйренеміз ғой. Оған қоса, күзде коронавирустың тағы бір толқыны болады дейді. Телеконсультация форматында болса, оны да алып кете аламыз. Өйткені тәжірибе бар, ақырындап бейімделіп жатырмыз», – дейді Нұрманова.



sputniknews.kz

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз