Блок бекетте шын мәнінде не болғаны жұртқа жария етіледі – полиция бастығы

0

АЛМАТЫ, 2 маусым – Sputnik, Александр Мироглов. Алматы полициясының жұмысында өзгеріс бар. Осы ретте құқық қорғау органдарының халықпен жұмыс деңгейін арттырып қана қоймай, қызметкерлер іс-қимылының заңды екенін бақылауға мүмкіндік беретін жаңа технологияларды енгізу үлкен рөл атқарады. Алматы полиция департаментінің бастығы Қанат Таймерденов болашақта қандай өзгерістер болатыны жайлы Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында айтты.

– Қанат Даниярұлы, Алматы полициясының басшылығына келгеніңізге жүз күннен аса уақыт өтті. Оның көп бөлігі төтенше жағдай және карантин режиміне тура келді. Дейтұрғанмен, осы кезеңде қол астыңыздағылардың жұмыс істеу бағытын айқындаған боларсыз. Не дегенмен Алматы – еліміздегі ең үлкен қала, соған сәйкес ерекше тәсіл қажет.

– Әңгімені Алматының маған жақсы таныс екенінен бастайық. 2017 жылға дейін бес жыл бойы Алматы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары болдым. Оған дейін үш жыл Жетісу аудандық ішкі істер бөлімі бастығы қызметін атқардым. Оның алдында ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес саласында жұмыс істедім.

Бізде республика бойынша мәселенің барлығы бірдей. Жұмыстың негізгі басымдығы – халықпен қығыз қарым-қатынас. Сондықтан алғашқы күннен бастап аудандық ішкі істер бөлімі бастықтарынан  Facebook, Instagram секілді әлеуметтік желілерде парақша ашуды талап еттім. Азаматтардың әрбір өтініші бақылауға алынуы тиіс.

Әр өтінішке кері реакция болуын талап етеміз. Мұндай міндетті ішкі істер министрі қойып отыр. Қайталама өтініш кезінде, егер біздің қызметкерлер әуре-сарсаңға салып және олардың үстінен азаматтар тарапынан қандай да бір шағым түсетін болса, бірден қызметтік тексеруді бастаймыз. Бірде-бір өтініш назардан тыс қалмауы тиіс. Біз соған қол жеткізгіміз келеді.

– Қала тұрғындарының әлеуметтік желілердегі бөлімше басшыларына қалдырған өтініштеріне жауап берілетінін біз де көріп отырмыз: жеке жағдайлар бойынша көптеген мәселе шешімін тауып жатыр. Алайда халықтың басым бөлігін жаппай қауіпсіздік көбірек қызықтырады. Қазір Алматыдағы криминогендік жағдай қандай?

– Талдау нәтижесі қалада жасалған қылмыстың 70%-і ұрлық екенін көрсетті. Қазір криминалдық полиция басқармасы қызметкерлерінің жеке құрамының жартысынан астамы ұрлықты ашуға көшті. Бізде ұрлыққа қарсы іс-қимыл бойынша 2018-2021 жылға арналған салааралық бағдарлама бар.

Сонымен қатар алаяқтықпен күрес жұмысы күшейтіледі. Қылмыстық іс қозғалған алаяқтық көп, алайда олар азаматтық-құқықтық қатынастармен шектеседі. Соңғы кездері қаржы пирамидалары жиі пайда бола бастады. Осыған байланысты біз ең тәжірибелі қызметкерлерден күшейтілген арнайы бөлім құрдық. Олар көп эпизодты жағдайларды тергеп, әшкере етумен айналысады. Бұл сала экономикамен құрамдас болғандықтан, біз экономикалық тергеу қызметінен бірнеше тәжірибелі маманды тергеу жұмыстарына қатыстырып жатырмыз. Яғни, ештеңе өзгертпейміз, бұрынғы басшылық жұмыс істеген жоспар бойынша әрекет етеміз. Тек түзетулер енгіземіз.

– Ұрлық, тонау, басқа да көше қылмыстары әрдайым жедел мәліметтердің негізін құрады. Біздегі ұйымдасқан қылмыс жайлы не айта аласыз? Кейде адамдар 90-шы жылдардағы жағдай қайтып келе жатыр деген пікір айтады.

– 90-шы жылдары ұйымдасқан қылмыс қарақшылар, рэкетирлерге қатысты болды. Қазір бәрі басқаша. Ұйымдасқан қылмыстық топ бойынша қылмыстық істер алаяқтықты, соның ішінде электрондық, есірткі қылмыстарын тергеу шеңберінде жиі қозғалады.

Жақында ғана синтетикалық есірткі өндіру және тарату бойынша ұйымдасқан қылмыстық топты анықтадық. Өндірушілерден бастап, қала көшелерінде граффити-жарнама жасайтындарға дейін барлығы ұсталды. «Четыре брата», «Рыжий Алмаз» секілді ұйымдасқан қылмыстық топтар біздің кезімізде мүлде жоқ. Қазір ұйымдасқан қылмыс интелектуалды бола түсті және біз соның ізінен үлгеріп отыруға тиіспіз. Ол үшін бізде қажетті ресурс бар.

– Жалпы, қаладағы криминогендік жағдайды қалай сипаттай аласыз?

– Қазір бізде жағдай тұрақты. Төтенше жағдай және карантин кезінде қылмыстың барлық түрі бойынша 30-дан 40 процентке дейін төмендеу байқалады. Ал карантинді алып тастауға келетін болсақ, көбі әлеуметтік желіде қаланы ашқан соң басқа өңірлерден келіп, жаппай ұрлық жасап, тонау, адам өлтіру оқиғалары болатынын жазып жатыр. Олай болмайтынына сенімдімін. Біз қандай жерде және не болып жатқанын білеміз. Әрине, қажет болған жағдайда қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларын күшейтеміз. Барлығы жазып жатқан қылмыстың еселеп көбеюіне жол бермейміз. Оның үстіне оған қажетті барлық қаражат бізде бар.


©
Sputnik / Тимур Батыршин

Алматы полиция департаментінің бастығы Қанат Таймерденов

– Блок бекетке қатысты тақырып қозғалған соң, екі полиция қызметкері қайтыс болған 25 мамырда болған жол-көлік оқиғасы бойынша сұрақ қоймасам болмайды. Расында, оқиға қалай болды?

– Ол жерде не болғаны жайлы айтылып та, жазылып та жатыр. Иә, апатқа ұшыраған біраз уақыт бұрын қызметінен босатылған біздің бұрынғы қызметкер. Төтенше жағдай болған Алматы облысының полиция департаментінде сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігі – «екі немесе одан да көп адамды өлтіру» бойынша жүргізіліп жатыр.

Ішкі істер министрі барлық бөлімше басшысының іс-әрекетіне түбегейлі баға берді және қателікке бой алдырған адамдар жазаланды. Осы ретте тергеудің мұқият жүргізілетініне сенімдімін және шын мәнінде не болғаны көпшілікке мәлім болады. Әзірге Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, «сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерін жария етуге жол бермеу» бойынша, біз де, тергеу де қандай да бір болжам айта алмаймыз.

Алматыдағы блок бекетте автокөлік полиция көлігіне соқтығысты

Көлік рөлінде құқық қоғау органдарының қызметтен босатылған қызметкері болды ма, жоқ жұмыс істеп жүрген қызметкері болды ма деген сауалға келер болсақ, дәл осы жағдайда ол маңызды емес. Ол қылмыс жасады және сол үшін жауап береді. Қатаң түрде. Ең бастысы – осы. Сондықтан әлеуметтік желілерде болжам жасамауға, қауесет пен жорамал таратпауды, тергеудің ресми нәтижесін күтуді өтінер едім.

– Қанат Даниярұлы, қала полициясының жұмысына бірте-бірте енгізіліп келе жатқан жаңа технологиялар жұмысқа қаншалықты маңызды көмек көрсетеді?

– Бұл өте маңызды сәт. Жаңа технологияларды жұмыста толыққанды қолдану қажет екенін ішкі істер министрі бірнеше рет айтты және бұл міндет біртіндеп шешіліп келеді. Мысал ретінде «Сергек» бейнебақылауын алайық. Қазір қалада 404 жұмыс бекеті бар. Жыл соңына дейін қосымша 380 бекет орнатуды жоспарлап отырмыз. Бұл жүйе өзінің тиімділігін дәлелдеді. Біріншіден, бейнебақылау қойылған сәттен бастап, олар орнатылған жерлерде жол-көлік оқиғасы айтарлықтай азайды.


©
Sputnik / Владислав Воднев

Таймерденов: «Сергек» жүйесі тиімділігін дәлелдеді

Екіншіден, заң бұзушылықтарды автоматты түрде анықтау жүргізушілер мен инспекторлардың тікелей байланысын азайтуға мүмкіндік береді.

Үшіншіден, адамдар көп жиналатын жерлерде, бейнебақылаумен әлі жабдықталмаған аулаларда, жиі қылмыс жасалатын басқа жерлерге тағы да мың бейнекамера орнату бойынша бағдарлама жұмысы жалғасып жатыр. Олар да басқалары секілді жедел басқару орталығына қосылады. Бұл құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алуға көмектеседі.

Сонымен қатар қазір E-Polisia Almaty ресурсты жаңартып жатырмыз. Бұл бағдарламаны Android платформасында 700 мыңнан астам адам жүктеді. Ол жерде полиция қызметі туралы барлық қажетті ақпарат орналастырылады.

Сондай-ақ,  қазір қызметкерлеріміз жұмыс істеп жатқан қызметтік планшеттерге арналған бағдарламалық қамтамасыз етуді жетілдіру бойынша жұмыс істейміз. Базаға айдап кеткен көлікке қатысты, қылмыс жасағаны үшін іздеу жарияланған адамдар мен хабар-ошарсыз жоғалған адамдар және тағы да басқа бағдарлар енгізіледі. Көп ұзамай полицияға ЖСН (жеке сәйкестендіру нөмірін) енгізу жеткілікті болады және қызметкер ол жайлы барлық қажетті ақпаратты ала алады.

– Дегенмен, адамның полиция қызметіне қатысуын толық жою мүмкін емес. Сонымен қатар екі жақтың қатысуымен болатын полиция мен халық арасындағы даулы жағдайдан құтылу мүмкін емес. Адамдардың полицияны арандататынын жиі көреміз және қызметкердің де салқынқандылық танытып қалуы мүмкін емес.

– Рас, ондай сәттер болады. Бұл бойынша маған да жиі жүгінеді. Мұндай деректер бойынша біз қызметтік тексеру жүргіземіз, тәртіптік комиссияға шақырамыз. Сонымен қатар әр апта сайын қызметкерлермен сабақ өткіземіз. Әлеуметтік желіде жарияланған көптеген жағдайды талқылаймыз. Ол тек біздің қызметкерлермен байланысы болуы міндет емес, басқа елдерде болған жағдайларды да қараймыз. Өзін қалай ұстау керек екенін, ашық арандатуларға қалай берілмеу қажет екенін түсіндіреміз. Саралай келе, ондай жағдайда қандай ереже мен заңдарды басшылыққа алынатынын талдаймыз.

Мұндай сабақтарға азаматтық мамандарды да тартамыз. Полиция департаменті жанында кеңес беретін психолог пен еріктілер жұмыс істейді. Бұл жағынан біздің көптеген әріптесіміз бар. Егер біз қандай да бір мәселе бар екенін байқасақ, сондай жағдайда қоғам тарапынан бізге көмек көрсетуге дайын болса, бізге пайдасы тиетін ынтымақтастықтан бас тартпаймыз.

– Халық учаскелік полиция инспекторларымен жиі байланыста болады. Бұл жағынан да адамдар жұмыс сапасына байланысты көптеген шағым түсіреді.  Сонымен қатар Алматыда жеке құрамның дәл осы қызметінде қызметкер жетіспеу мәселесі бұрыннан бар. Бұл істің қазіргі жағдайы қалай?

– Қиындықтар әлі де бар, бірақ біз оларды шешеміз. Әкімдікпен 14 кентте жаңа учаскелік пункттерді ұйымдастыру қажеттілігі туралы біздің ұсынысымыз қолдау тапты. Олар бұрын Алматы облысына құрамында болып, қазір Алматыға қосылған. Қызметке тағайындалғаннан төтенше жағдай және карантин режимін енгізгенге дейін қаланың тек төрт ауданына бардым. Қазір қалған ауданның тұрғындарымен кездесу жоспарда тұр.

Тұрғындармен кездесу барысында учаскелік полиция пункті бойынша көптеген сұрақ болды. Учаскелік инспекторлардың жиі ауысуы туралы сұрақтар қойылды. Қазір бұл ротацияға тыйым салдым. Енді жергілікті полиция қызметімен келіскеннен кейін ғана аға учаскелік инспекторларды бір орыннан екінші орынға ауыстыруға болады.

Бұл неге маңызды? Өйткені  әр инспектор өз учаскесінде белгілі бір уақыт жұмыс істеп, онда кім тұратынын, немен айналысатынын біледі.  Яғни, инспектор ол жердегі жағдайды толық біледі. Егер учаскелік инспектор орнында жақсы жұмыс істемесе, онда тәртіп болмайды.

Екіншіден, қазір учаскелік инспекторларды омырауға тағатын бейнетіркеуіштермен қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз. Олар патрульдер сияқты оны үнемі қосып ұстауға міндетті болады. Тіркеушілер артықшылығына келер болсақ, ол қосылған кезде, онлайн режимде инспектордың өзін қалай ұстайтынын, айналасында не болып жатқанын көруге болады. Мұндай қашықтан бақылау жеке құрамды тәртіпке келтіреді. Сондай-ақ, бұл біздің қызметкерлеріміздің қауіпсіздігі үшін қажет.

– Жақында Алматыда жаяу полицияның саны айтарлықтай артты деген ақпарат тарады. Бұл немен байланысты?

– Алдын алу. Әсіресе көп пәтерлі үйлердің ауласында, жаяу жүретін аймақтарда. Бұл жүйеге оралу құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде өзінің тиімділігін көрсетті.

Министрдің нұсқауы бойынша, патрульдік полиция полкінің жеке құрамының 50%-ін автокөліктен алып, жаяу патрульдеуге ауыстырдық. Алдын ала карта бойынша  қандай аудандарда, қандай учаскелерде қылмыстар жиі жасалады деген талдау жасалды. Ол жерде тек біздің қызметкерлер саны көбейтілген жоқ, сонымен қатар ұлттық гвардия да көмек көрсетті. Қазір 2 000-нан астам патрульдеу бағытында 500-дейі ғана автокөлікте. Ал қалғаны жаяу патрульдейді.

Сонымен қатар біз 41 модульді бекет қойдық. Төртеуі туристік полиция саласы бойынша және 37 қылмыс пен құқық бұзушылықтың жолын кесу бойынша жұмыс істейді. Олар күрделі криминогендік жағдай қалыптасқан учаскелерде орналасқан. Олардың пайда болуымен осы жедел аймақтарда құқық бұзушылықтар мен қылмыстар бірнеше есеге қысқарды. Бұл тәжірибені біз жалғастырамыз. Қала әкімі тарапынан бұл мәселеде қолдау бар.

– Бірден туристік полиция туралы сұрақ қоя кетсем, пандемияға байланысты көптеген ел өз шекарасын жауып тастады, ішінде Қазақстан да бар. Әлем бойынша туристердің ағыны азайды. Енді туристік полиция немен айналысады?

– Бұл бөлімше жұмысын бұрынғы режимде жалғастырады. Туристік полиция штаты шағын ғана. Пункттер шетелдік қонақтар ғана емес, өңірлерден келетін біздің азаматтарымыз жиі болатын жерлерде орналасқан. Қызметкерлер арнайы дайындықтан өтіп, әр түрлі тілді меңгеріп, не қажет екенін түсіндіре алады. Барлық дамыған елде мұндай бөлімшелер бар.

– Сұхбатымыздың соңында жұмысты қалай бағалайтыныңызды білсек дейміз. Қазіргі заманның полиция қызметкері қандай болуы керек?

– Біз полицияның және қызметкерлердің өзгеруі керек екенін түсінеміз және мұны қолдаймыз. Қазір бізде осынша хаттама алып келу немесе осынша құқық бұзушылық пен қылмыскерді ұстау деген талап жоқ. Жұмыс сеніп тапсырылған учаскедегі жағдайға байланысты бағаланады. Демек, бұл көрсеткіш тұрғындарға қаншалықты қауіпсіз әрі ыңғайлы болуымен бағаланады.

Сондай-ақ, маңызды жұмыс жүргізуді талап ететін сәттердің бар екенін түсінеміз. Қазақта «ауруын жасырған өледі» деген сөз бар. Сондықтан жағдайды жақсы жаққа қарай өзгертуге тырысамыз.

Полиция сервистік болуы қажет. Бұл – мемлекет басшысы мен министрдің нұсқауы. Біз бұған мүмкіндігінше тезірек қол жеткіземіз. Ол үшін барлық қаражат бар.



sputniknews.kz

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз