«Бірінші рет оразаны 7 жасымда ұстадым»: Ауыз бекіткен жеткіншектер тәжірибелерімен бөлісті — Қазақстан жаңалықтары

0

Рамазан айында парыз етілген Оразаны қазір жасы кіші балалар да ұстайды. Балиғат жасқа толған әр мұсылманға Ораза ұстауға рұқсат етілгенін ескерсек, балаларға күні бойы ораза талаптарын орындау қиынға соқпай ма? Stan.kz тілшісі ораза ұстап жүргендеріне 2-3 жылдан асқан жеткіншектермен байлансып, карантиндегі оразасы қалай өтіп жатқанын сұрады. 

Жетінші сынып оқушысы Аружан Ахметжанова оразаны өткен жылдан бастап ұстаған. Ораза ұстауына түрткі болған отбасым дейді Аружан.

«Оразаны өткен жылдан бастап ұстадым. Ораза ұстауыма түрткі болған менің отбасым, себебі отбасымда барлығы ораза ұстайды. Нақтырақ айтсам, әкем түрткі болды. Қызға сегіз жастан бастап ораза ұстау парыз деп айтқан соң ұстауға бекіндім», — деген ол бұл шешім әкесінің көп рөл атқарғанын жасырмады.  

Алматы қаласының тұрғыны 13 жастағы Ғабит оразаны ерекше күтетінін айтады. Оразаны 7 жасынан бастап ұстаған ол басында аздап қиындықтар болғанымен, қазір ешқандай қиындықсыз парызын өтеп жүргенін айтады.

«Бірінші рет оразаны 7 жасымда ұстадым. Ораза ұстау — ол менің өзімнің қалауым. Басында ораза ұстаған қиын болды, бірақ біраз уақыттан соң үйреніп кеттім», — деген Ғаби  9 жасар қарындасының да аузы берік екенін айтты. 

«Су ішкім келген, кейбір кезде байқаусызда бір нәрсені ішіп-жеп қойғаным да болды», — дейді Ғабит алғашқы қиындықтары туралы.

«Ата-анам ораза не екенін айтып берген. Кейбір балаларға ата-атаналары рұқсат бермегенін естіп жатамын. Бірақ менің ораза ұстағаныма үйдегілер мүлдем қарсы болған жоқ», — дейді ол.  

Ораза туралы тағы не білесің деген сұрағымызға іркілместен:

«Рамазан айы қасиетті болғандықтан ауыз ашар алдында дұға ету керек: өзіңнің  достарыңа, жақындарыңа, ата-анаңа денсаулық тілей аласың», — дейді ол. 

«Көбінесе қазіргі вирус тезірек кетіп қалсын, жақындарыма денсаулық тілеп, барлық ораза ұстап жатқан адамдардың  оразалары қабыл болсын деп дұға етімін», — дейді жеткіншек. 

Ғабиттің пайымынша оразаны, жан қалауымен ұстау керек және ауыз бекіту қатты қиын емес. 

Осы жылы бірінші рет ораза ұстағандардың арасында танымал әнші Дастан Оразбековтың 12 жастағы баласы Алдияр Дәрібай да бар. Ол ауыз бекітуінің себебін «Ораза ұстау қызық болды. Оның қалай болатынын, қиын ба әлде оңай ма, түсінгім келді», — деп түсіндіреді.

Басы айналып, асқазаны қатты ауырсынған ол оразаның бірінші күндері оңайға соқпағанын айтады.

«Ораза ұстау қиын деп айтпас едім, керісінше өзімді жеңіл сезініп жүрмін. Інімнен басқасы ауыз бекіткен соң маған оңай түсіп жатыр деп ойлаймын. Өйткені күндіз ешқандай тамақтың болмауы маған оразамды бұзып алмай өткізуіме көп көмектеседі», — деген ол оразаны бүкіл отбасың ұстаса, қиын еместігін айтады.

«Менің бірінші оразам карантинге сай келген соң, көп жұмыс істемеймін. Бірақ ауызашардан соң күш жинағаннан кейін, жаттығу жасаймын. Оған дейін барсам, қатты шөлдеп, өзім қиыналып қаламын», — дейді Алдияр. 

Биыл бірінші рет әрбір мұсылманның бес парызының бірі Оразаны ұстаған жеткіншек оразаны тоғыз жастан бастап ұстауға болатынын айтып, сондықтан тым ерте немесе тым кеш деп ойламайтынын жеткізді.

Айта кетсек, балиғат жасы ер балаларға 12 жас болса, қыз балаларға 9 жас болып есептеледі. Ал балалар осы көрсетілген жастан ертерек ораза ұстауға ниеттенсе, онда дінбасылар 30 күн бойына күн ұзаққа емес, үйрету мақсатында ертерек аузын аштырып, немесе басқа да жеңілдіктермен баланы оразаға үйрету мақсатында жасауға кеңес береді. Немесе бір күн ораза ұстатып, бір күн демалдырып немесе балаларға түске шейін ғана ауыз бекіттіруге болады. Мұның бәрі баланың балиғат жасына толғанға дейінгі дайындығы болып есептеледі. Медициналық тұрғыда баланың ораза ұстауынан оның денсаулығына төнер қауіп-қатер жоқ болып есептеледі.

stan.kz