Биліктің биылғы жеңілдігі, келер жылы кепілдігі болуы мүмкін

0

Жыл басынан бері Қазақстанның ішкі жағдайында да бірнеше мәрте өзгерістер мен елеулі оқиғалар жүріп отырғандығы белгілі. Елбасының сынына жан ұшыра жүгіретін министрлер биыл да талай рет талқыға түскен тақырыптарды орындауға тырысты. Алайда, нақты бір нәтижеге қол жеткізу бүгінгі күнге дейін орындалмайтын үлкен арман күйінде қалып отыр. Соның бірнешеуіне қысқаша тоқталып өтсек.

Аз айлықпен қыруар жұмыс атқарып жатқан ұздаздардың әңгімесі биыл да төбе көрсетті. Қағазбен соғыстың соңына жете алмай келе жатқан мұғалімдердің жұмысы күн сайын артпаса, аязаяр емес. Негізінен, Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері білім саласының реформадан көз ашпай келе жатқанын ескерсек, мұның әлі де ұзаққа дейін созылатындығына көз жеткізу оңай. Себебі алдыңғы білім министрлері сияқты қазіргі Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев те реформа жасауда алдына жан салмауда. Мұғалімдердің білімі мен қағазбасты жұмыс кестесін былай қойғанда, ҰБТ заңдылықтарының өзі осы уақытқа дейін сан мәрте өзгерді. Президенттің соңғы жасаған жолдауына қарап, бұл өзгертулер алдағы уақытта тоқтамайтын тәрізді. Сағадиев бастаған «реформатор саңылақтар» білім саласына әлі талай «ноухау жаңалықтар» алып келетіні белгілі. «Білім саласы» деп аталатын «Сағадиев сынақ алаңы» аман болса, ұстаздар мен оқушылар еш уақытта «реформаланудан» тыс талмайтыны анық…

Бұдан кейін, біраз уақыт бұрын Қауіпсіздік кеңес отырысында президент Назарбаев коммуналдық қызмет түрлерінің бағасы қымбат екендігін айтып, шенділердің жұмысына біраз сын айтқан. Осыдан кейін тез арада іске көшкен атқамінерлер біраз облыстың монополистеріне айыппұл салып, бағаны бақылауда ұстайтындарын мәлімдеді.

Осылайша, бірінші желтоқсанынан бастап тарифтер бағасын қайтадан төмендету жұмыстары басталған болатын. Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың бақылауына іліккен тақырыппен Бас прокуратурадан арнайы жұмыс тобы құрылып, тарифтерді бақылау жұмыстары жүргізілді. Бұдан бөлек энергетика және ұлттық экономика министрлігіне арнайы кесте дайындап, келер жылдың бірінші қаңтарынан бастап қандай жүйеде жұмыс істейтіндігін дайындау тапсырылды.

Жалпы, Қазақстанда кез келген мемлекеттік бастама президенттің айтуымен ғана жүзеге асатыны да белгілі. Бірақ бір қызығы осыдан тура бір жыл бұрын қыркүйек айының басында Нұрсұлтан Назарбаев дәл осы тұрғын үй-коммуналдық шаруашығына қатысты заңды жетілдіру керектігі туралы үкіметке тапсырма берген. Ол «су және жылу жүйесін модернизациялауға көп қаражат қажет екенін» айтып:

«Халықаралық қаржы институттары мен инвесторларды тарту үшін Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы жөніндегі заңды жетілдіріп, тарифтерді қайта қарау керек. Бұл осы саладағы тұтынушылар мен табиғи монополия субъектілерінің қызығушылығын қалыпты етуге мүмкіндік береді. Менің айтқым келгені, біз жылу мен су тарифтерін көтермесек, инвесторлар келмейді. Өйткені әрбір келген инвестор «Мен станция салайын, бірақ электр энергиясын қаншаға сата аламын?» деп сұрайды. Одан қорқудың (тарифтерді қымбаттату – ред.) қажеті жоқ», – деп мәлімдеген.

Әйтсе де, осыдан бір жыл бұрын президент тапсырмасын жүзеге асыру үшін тарифтерді қымбатқан шенділер, енді оны қайтадан арзандатуға білек сыбана кірісіп кетті. Қандай да бір саяси науқанның алдында ғана қайта қаралатын коммуналдық қызмет түрлерінің жыры қашан нақты бір жолға түсетіндігі белгісіз. Десе де, сарапшылар «үкіменттің соңғы уақыттары «жан ұшыра» әрекет етіп жатқанына қарағанда, келесі жылы елде мерзімінен бұрын президент сайлауы өтуі мүмкін» деген болжам айтуда.

«The Qazaq Times»

 

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз