Арнаулы миссия Донбасста ресейлік бомбалаушы ұшақты көргенін хабарлады

0

Еуропа қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) арнаулы мониторинг миссиясы Украина шығысында Ресейге тиесілі стратегиялық бомбалаушы ұшақты көргенін хабарлады.

15 ақпанда жергілікті уақытпен сағат 10.00-де Старобешево ауылының іргесінде – ресейшіл сепаратистер қарамағындағы аймақта (Донецкінің оңтүстік-шығысынан 20 шақырым жерде) оңтүстік-батыстан солтүстік-шығысқа бағыт алған ұшақты көрген. Ұйым дерегі бойынша, бұл – Туполев Ту-95 немесе Туполев Ту-142 ұшағы.

Тап сол күні 10.50 мен 11.10 аралығында әлгі ұшақ Донецскіден 43 шақырым қашықтағы сепаратистер бақылауындағы аймақ – Любовка ауылы маңында байқалған. Ұшақ алдымен солтүстіктен оңтүстікке ұшып, мұнан соң сол бағытпен кейін қайтқан.

Мәскеу ЕҚЫҰ ұйымының мәлімдемесіне әлі жауап берген жоқ.

ЕҚЫҰ-ның арнаулы мониторинг миссиясы (АММ) Киевтің өтініші бойынша және ұйымға мүше 57 елдің шешімімен 2017 жылдың наурызынан бері Украинада қызмет етеді.

АММ – Украинаның барлық аумағында апта мен тәулік бойы жұмыс істейтін қаруланбаған азаматтық миссия. Негізгі міндеті – Украинадағы жағдайға бейтарап және объективті бақылау жүргізіп, есеп беру, сондай-ақ конфликтідегі тараптар диалогына септесу.

Азаттық