Алматының маймылдары сурет салады

0

Алматыдағы хайуанаттар бағындағы шимпанзелер қолына қылқалам алып, көпті таңғалдыруда. Олардың суреттері әлеуметтік желілерге лезде тарап, туындыларын сатып алуға ниет білдірген қарасы көбейген. Тіпті жануарлардың жеке көрмесін ұйымдастыруды да сұрағандар бар көрінеді.

Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Хайуанаттар бағында Ақ қолды Гиббон, Шимпандзе, мысық тектес Лемур, Шығыс Колобусы сынды жеті түрлі 28 маймыл бар. Шимпанзелерді 2001 жылы Германия хайуанаттар бағынан алып келіпті. Одан туған баласына «Томирис» деген есім берілген. Оның жұбы Қазан қаласынан жеткізілген. Есімі Миша.

Адамтектес маймылдардың ең қабілеттісі шимпанзелер. Олар сурет салады, өз үйлерін жасайды. Бірақ барлығын өз қалауы бойынша жүзеге асырады. Бірақ олардың жыртқыш екенін естен шығармаған абзал. Бір шимпанзеде жеті адамның күші бар.

Хайуанаттар бағының қызметкері Шолпан Әбдібекова осындағы маймылдардың анасы. 26 жылдан бері осында жұмыс істейтін маман әр маймылдың мінез құлқына дейін жетік біледі. Айтуынша адам тәріздес маймылдардың әрекеттері адамдарға ұқсас келеді екен. Бірақ айтқанның бәрін істету мүмкін емес дейді. Сондықтан маймылдарды қайырымды болуға, адамдарға күш көрсетпеуге бейімдеуге тырысады.

Шолпан Әбдібекова, Алматы хайуанаттар бағы приматтар бөлімінің меңгерушісі:

Адамдардың қандай екенін де біліп тұрады. Мысалы жайдары адам болса ол оларға ашық көңілмен, достық көңілмен қарайды. Ал егер адам қатулау, басқаша қатты адам болатын болса оған оның бүкіл эмоциясын көрсетіп қолындағысының барлығын лақтырып, сөйтіп жатады.

Шимпанзелердің сурет салу туралы қабілеті алғаш 2016 жылы байқалыпты. Осыдан кейін қолына қағаз бен бояу беріп, сурет салуға деген қабілетін байқаған. Бүгін фломастер беріп көрдік. Алайда алдымен бала құсап дәмін көретін олар барлығын бүлдіріп тастады. Уланып қалмау үшін бұларға бал қосылған тәтті түрі таңдалады екен. Ал бояумен біршама сурет салыды деуге болады.

Шолпан Әбдібекова, Алматы хайуанаттар бағы приматтар бөлімінің меңгерушісі:

Бірінші мен көрсеттім қалай сурет салу керек екенін. Содан кейін қолына қалам ұстаттым. Содан кейін мен қалай сурет салдым қасымда қарап отырды, Одан кейін қолына бояуын, қаламын беріп едім ақ қағаз беріп едім соған сала бастады.

Маймылдар таңертең айран ішуден бастайды екен. Одан кейін жұмыртқа, нан жеуге көшеді. Ет пен піскен картоп жейді. Жеміс-жидектің барлығын жақсы көргенімен банан мен манго ең сүйікті асы екен. Көңіліне шыққан кезде бентінен сүйіп, ризашылығын білдіреді.

Қазіргі таңда Томирис пен Мишаның салған суреттері он беске жеткен. Бұрынғыларына қарағанда қазіргілері де өзгеше. Бояу түстері қанық әрі бірнеше бояуды араластырып пайдаланады.

Хайуанаттар бағының басшылығы алдағы уақытта суретші Миша мен Томидің жеке көрмесін ұйымдастыруды жоспарлауда. Суреттерді сатып алғысы келетіндер аукцион ұйымдастыруды сұрауда.