Сіз кімсіз, блатной қойшы Алмасбек Садырбаев?

0

KzNews еркін ақпарат алаңы. Оны осыдан бұрын да жарияланған бірнеше мақалада айтқан болатынбыз. Бүгін сайт поштасына «Сіз кімсіз, блатной қойшы Алмасбек Садырбаев?» деген мақала келіп түсті. Еркін ақпарат алаңы ретінде жазбаны жариялауды жөн көрдік. Қарымта жауап беремін деген Алмасбек Садырбаев мырзаға да мінберіміз дайын.

– KzNews редакциясы

***

СІЗ КІМСІЗ, БЛАТНОЙ ҚОЙШЫ АЛМАСБЕК САДЫРБАЕВ?

Соңғы кездері өзін “ауыл шаруашылығы бойынша сарапшы” деп атап жүрген Алмасбек Садырбаевтың аты бұқаралық ақпарат құралдарында жиі шығып жүр. Фейсбук пен Инстаграмдағы жұртшылық оны “Адал” партиясының саясаткері, табысты бизнесмен, талантты фермер (А.Садырбаевтың өз сөзімен айтсақ, “блатной қойшы”), патриот-ағартушы, тәжірибелі бизнес-тренер және шындық үшін күресуші блогер ретінде біледі. Сондай-ақ, Садырбаев мырза әлеуметтік желіде лайк пен хайптың күшін жақсы біледі. Сол арқылы өзін қазақтың қасиетті жері үшін күресіп жүрген жалғыз қарапайым шаруа деп танытып, “Адал” партиясының атынан Ауыл шаруашылығы министрлігі жанынан жаңадан құрылып жатқан Жер комиссиясының құрамына кіруге талпынып жүр. Ендеше үш бөлімнен тұратын осы мақалада А.Садырбаевтың кім екенін бірге анықтап көрейік.

 Партия ауыстырғыш бизнесмен-саясаткер

Соңғы он жылда Алмасбек Садырбаев бір емес, екі емес, кем дегенде үш рет маскасын партиялық билетін ауыстырып үлгерген бизнесмен-саясаткер. Жай ғана партия мүшесі емес, партбилетін жеке бизнесін қорғау үшін қолдануға тырысатын әккі саясаткер. Бұл сөзімізге мысалдар жеткілікті. Мәселенки, 2011 жылы А.Садырбаев Нұр Отанның мүшесі болып жүріп, елбасының атына хат жазып, сол кездегі Алматы облысындағы Ақсу ауданының әкімін жемқор деп айыптап, оған қысым көрсетуге тырысқан (https://rus.azattyq.org/a/kyzylagash_village_corruption/24284606.html).

Хатында Садырбаев мырза аудан әкімі Қызылағашта тұрмайтын үш кәсіпкерге заңсыз жайылым жер берді деп айыптаған. Бұл жерде бір қызық мәлімет бар. Садырбаев мырзаның өзі Қызылағашта тұрмайды, 2011 жылы да Қызылағашта тұрмаған. Онда ол неге қызыл кеңірдек болып жүр? Бұл сұрақтың жауабы өте қарапайым. Сол уақытта Садырбаевтың Қызылағашта “Көктем” деген шаруа қожалығы болған. Яғни “әр қазақ бай болсын!” деп жүрген “блатной қойшы” Алмасбек Садырбаевтың өзі Қызылағаштағы жайылым жерден дәмелі болғандықтан Нұр Отанның төрағасы Н.Назарбаевтың атына аудан әкімін айыптайтын хат жазып, қысым көрсетпек болған.

Бизнесмен-саясаткер Алмасбек Садырбаев Нұр Отаннан кейін “Ауыл” партиясының мүшесі болып үлгерді. Ол жай мүше емес, “Ауыл” партиясының саяси кеңесінің мүшесі болды. Бірақ “Ауылдың” қатарында “блатной қойшының” қазақ шаруасының жоғын жоқтағанын құлағымыз естіді, көзіміз көрді деп айта алмаймыз.

Ең қызық жайт жақында өткен парламенттік сайлау қарсаңында болды. Алдымен Алмасбек Садырбаевтың аты “Ауыл” партиясының атынан депутаттықтан үміткерлер тізімінде жүрді. Артынша “ауылдық” блатной қойшы “Адал” партиясы саяси кеңесінің мүшесі, депутаттықтан дәмелі қандидат болып шыға келді. Қазақстанның тарихында А.Садырбаевтай саяси ориентациясы тұрақсыз бизнесмен-саясаткерді таба алмаспыз, сірә!

 “Қарапайым қойшы” артында ірі бизнес пен латифундистер тұрған “Адалдың” атынан қазақтың жерін қалай қорғамақшы? Мүмкін қолында 1,6 мың гектар жері бар блатной қойшы өзінің мүдделес бизнесмен-саясаткер достарын “Адалдың” қатарынан тапқан шығар? Ал 2016 жылғы жер дауы кезінде Макс Боқаев, Талғат Аян, Мұхтар Тайжан, Жәнібек Қожық секілді ұлтжанды азаматтар жер халық пен қарапайым шаруаныңкі деп шырылдағанда қазір “қазақ үшін, жер үшін деп” деп хайп қуып жүрген А.Садырбаев қайда болды? Ол жағы бізге беймәлім.

Талдықорғандық “Кличко”

Алмасбек Садырбаев қазір бизнес мәселелерін Фейсбук пен Инстаграмда хайп жасап шешуге тырысады. Оған дейін ол Талдықорған әкімінің кеңесшісі, ауыл шаруашылығына бөлінетін субсиядияны игеруші бизнесмен болып жүрген кезде жеке бизнесінің мәселелерін жұдырық арқылы шешумен әуестенгенін көпшілік біле бермейді. Оны сол қасиеті үшін талдықорғандық “Кличко” деп атауға да болады.

2017 жылы Талдықорған қаласы әкімінің міндетін атқарушы А.Тұтыбаевтың кабинетінде Садырбаев мемлекеттік қызметкерге жұдырық жұмсап, артынша істі болған. Арызданушының сөзінше, Садырбаев мырза пысықтық танытып, мемлекеттік субсидияны арнайы рәсімді айналып өтіп, тездетіп алмақшы болған. Ал оған қарсы болған А.Тұтыбаевқа қол көтерген. Сот алдымен А.Садырбаевты Қылмыстық кодекстің 380 бабының 1 тармағы бойынша бір жылға бас бостандығын шектеу туралы шешім шығарып, кейін оған пробациялық жазаға кескен. (https://tengrinews.kz/crime/osujdennogo-draku-chinovnikom-biznesmena-osvobodili-zale-329372/)

 Садырбаевтың жұдырығынан зәбір көрген азаматтардың тізімі шенеунік А.Тұтыбаевпен шектелмейді. Время газетінің жазуынша, 2014 жылы а.садырбаев 75 жастағы кейуана марфуға мұхаметқалиеваға жұдырығын жұмсап, әкімшілік жазаға тартылып, 5 айлық есептік көрсеткіш (9260 теңге) айып төлеген. Сосын орынбасар қалиеваға ақсу аудандық салық басқармасының ғимаратында тіл тигізіп, 19820 теңге айыппұл төлеген.

Ал 2016 жылы Талдықорған қаласының бас архитекторы Аслан Нұрмұхамдовпен, содан кейін сол кездегі Талдықорғанның автомобиль жолдары басқармасының басшысына жұдырығын ала жүгірген. Бірақ сол кезде оның сотқарлығы жайлы айтылмай, ол жауапкершіліктен оңай құтылып кеткен. Мүмкін ол кезде оның қала әкімінің кеңесшісі деген қызметі оған қалқан болған шығар? (https://time.kz/articles/strana/2017/08/11/v-hod-idut-odni-kulaki)

Хайпшыл Халықшыл бизнесмен”

“Әр қазақ бай болсын!”— А.Садырбаевтың сүйікті ұраны. “Аңқау елге арамза молда” дегендей, осы ұранымен Садырбаев мырза көп қазақтың басын айналдырып жүр.

 Расында “әр қазақ бай болсын!” деген популистік ұранның артында блатной қойшының бизнес мүддесі тұр. Qazyna study деп аталатын интернет бизнесіне клиенттерді көптеп тартып, оларға 45 000 теңгелік курсын сату мүддесі тұр. Профессорлар сабақ беретін аграрлық университеттерде мал дәрігер мамандығы 4-5 жыл оқытылады. Ал бизнесмен-саясаткер садырбаевтың онлайн мектебінде 15-20 күнде курс тыңдаушылары мал дәрігер болып шығады. Бұл қалай?

 Қазір қазақтың делебесін қоздыратын қандай тақырыптар? Дұрыс, жер мен шошқа шаруашылығы мәселесі. Осы екі мәселеден блатной қойшы Садырбаев хайп жасауға бекер тырысып жүрген жоқ. Жер мәселесі жаңадан құрылатын Жер комиссиясында шешілетіні белгілі. Оған осы салада жүрген бизнесмендер мүше болуға әбден тырысып жатыр. Комиссияға мүшелерді іріктеген кезде министрлік кандидаттардың танымалдығына назар аударатыны сөзсіз. Оны хайпшыл Садырбаев мырза өте жақсы түсінеді.

Былтыр шошқа шаруашылығына бөлінетін субсидия жайлы арзанқол хайпты “Адал партиясының” саяси кеңесінің мүшесі танымал журналист Мақсат Толықбай бастағаны ел есінде. Оның манипуляция жасағанын тәуелсіз БАҚ-тың дәлелдеп, журналисттің масқара болғаны да ел есінде (https://factcheck.kz/kaz/basty-bet1/shoshka-dauy-subsidiya-kalaj-bolinip-zhatyr/). Сол кезде ауыл шаруашылығынан хабары бар А.Садырбаев М.Толықбайдың асыра сілтегенін айтып, ауыл шаруашылығына бөлінетін бүкіл субсидияның 98 пайызы қой, сиыр, жылқы шаруашылығына, ал қалған 1,98 пайызы шошқа шаруашылығына бөлінетінін айтқан еді.

Қазір жаңа Жер комиссиясы қалыптасатын кезде осы бір негізсіз хайпты “адалдық” М.Толықбайдың орнына басқа “адалдық” А.Садырбаевтың өзі қоздырып жүр. Тіпті былтыр қарашада Инстаграмда ұлтаралық араздықты қоздыратын “Шошқа жеген…” деген байқау ұйымдастырып, өз қалтасынан 100 000 теңге тіккен. [Осы бір заңбұзушылықтың құқық қорғау қызмкеткерлерінің назарынан тыс қалғаны қызық] Жүз мың теңгесі хайпқа еріп, артынша Qazyna study-дың тыңдаушысына айналатын аңқау елден миллиондап қайтатынын, хайп жасаудан еш ұтылмасын манипуляция шебері А.Садырбаев өте жақсы біледі.

ПыСы. Енді ойланып көрейікші. Партиясын кем дегенде үш рет ауыстырған, қызметте жүріп талай адамға қол көтерген, сол үшін сотты болған, хайптың арқасында әлеуметтік желіде оқырманын арттырып, кейін аңқау қазаққа “Әр қазақ бай болсын!” деп онлайн курсын сатып “бизнес” жасап жүрген, жоқ жерден хайп үшін “арам” шошқамен “күресіп” жүрген, Жер комиссиясына қандай жолмен болса да кіруге тырысып жүрген Садырбаев мырза шынымен “адал” ма?

Арман Мыңбаев (KzNews поштасынағы аты-жөні: Arman Mynbaev)