Орал тұрғыны көмекке зәру қызға 15 млн теңге аударды
Орал тұрғыны Айша есімді қазақстандық қыздың ата-анасына 15 миллион теңге аударды. Ата-анасы қызын шетелге апарып ота жасатпақ, деп хабарлайды КТК арнасы.
Айша есімді қыз бала сирек кездесетін Спина Бифида дертіне шалдыққан. Омыртқасына зақым келген. Жүре алмайды. Бірақ оған Израиль клиникасының дәрігерлері көмектесуге уәде берді.
Алайда операцияның құны 20 миллион теңге. Ата-анасы соманың бір бөлігін ғана жинап үлгерген. Осы ретте көмек күтпеген жерден келді. Орал тұрғыны бірден 15 миллион теңге аударды.
“Біреу көмекке мұқтаж болып, оған көмектесе алатын мүмкіндік болса, әрекетсіз отырмау керек. Менің де Айша есімді қызым бар. Екеуі жасты. Өз қызыңдай қыздың жүре алмауы, спорт залға бара алмауы, ойнай алмауы жанды ауыртады екен. Сол үшін көмектестім”, – деді кәсіпкер Абай-Ибрахим Камалов.
Айшаның ата-анасы мүлдем бейтаныс адамнан мұндай көмекті күтпегенін мойындады. Олар дереу Израиль клиникасына хабарласып, қазір сапарға дайындалып жатыр.
Олар астанада тұрады. Айшаның денсаулығын жергілікті мамандар қарап жатыр. Қазір пандемия мен шекаралардың жабылуына байланысты ата-анасы қызын шетелге апара алмай отыр. Бірақ көктемде қызға операция жасалады деп үміттенеді.