«Келін» сериалының басты жұлдыздары бірінен соң бірі көз жұмды

0

Қазақстандық көрермендер сүйіп тамашалаған үнділік «Келін» сериалының басты рөлінде ойнаған екі актриса мен бір актер қайтыс болды. Жақында «Калияни» рөлімен танылған Сурекха Сикри көз жұмса, көп ұзамай Сиддхартх Шухла бақилық болды. Ал «Ананди» рөлін сомдаған актриса бес жыл бұрын дүниеден өткен деп жазады KAZ.NUR.KZ.

«Келін» сериалының жанкүйерлері өткен аптада қаралы хабар алды. Көпсериялы телехикаяның басты кейіпкерлерінің бірі, Шива рөлін сомдаған Сиддхартх Шухла жүрек жетіспеушілігінен қайтыс болды.

Шухла қазақстандық көрермендерге «Бизнес по-казахский» фильмі арқылы да танылған болатын. «Түнгі студия» бағдарламасында қонақта болып та үлгерген. Модель әрі актер ретінде танылған Сиддхартхтың қазасына отандық көрермендер де қайғыруда.

«Үшеуі де өмірде жоқ. Сенгің келмейді екен. Осы «Келін» сериалын ешкім басынан аяғына дейін көрмесе де, болғандығынан хабардар ғой. Кейіпкерлерін де ұмыта қоймас деп ойлаймын. Өзім бір күні Шив жүрген кезде көріп қалып, содан арасында тиіп-қашып көргенім бар. Сериалда қайтыс болған соң, әрине көрмей кеттім сосын. Сондай жағдай өмірде қайталанады деп кім ойлаған? «Сидхардт Шукла жүрек талмасынан қайтыс болды» деген соңғы жаңалық ауыр тиді. Екі рет жолығу бұйырды. Жақсы адам екені сезіліп тұратын. Менің есімде жайдары мінезімен қалып қойды. Жаны жәннатта болсын», — деп жазды журналист Эльенора Әмір.

2021 жылдың 16 шілдесінде «Келін» сериалының тағы бір басты рөлін сомдаған Сурекха Сикри де жүрегі ұстап, көз жұмған болатын. Ол 76 жасында дүниеден өтті.

Ал сериалдың басты жұлдыздарының бірі «Ананди» рөлінде ойнаған Пратюша Банерджи 2016 жылы өмірден өткен болатын.