ЖҰМАҚТЫ АЙДАЛАДАН ЕМЕС, АЙНАЛАҢНАН ІЗДЕГЕН ЛӘЗІМ

0

Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ, ҚМДБ баспасөз хатшысы

Қантөгіс пен озбырлықтың ошағына айналған ­Сирия… Жалған ұрандар мен жалаң үміттердің, шариғатқа қайшы сенімнің құрбаны болған 47 ­отандасымыз елге қайтарылды. Бейнелеп айтқанда, құзырлы мекеме өкілдері тағдыры тәлкекке түскен 47 адамды жер бетіндегі тамұқтан арашалап алды. Қазір оларға материалдық һәм моралдық тұрғыдан көмек көрсетілуде.

Қару асынып, бейбіт елдің берекесін қашырған озбырлардың мақсаты не? Қателік қайдан кетті? Не істемек керек? Осыған аз-кем тоқталсақ.

Сириядағы соғыс – жаһандық саяси текетірес. Сол текетірестің діни жағынан гөрі саяси мүддесі басым.

Біріншіден, мұсылман елдерін былай қойғанда, Франция, Англия, Ресей сынды мемлекеттердің азаматтары Сириядағы оқ пен оттың ортасында өмір сүруде. Лаңкесте ұлт болмайды дегені осы болса керек. Ал әлемдік бұқаралық ақпарат құралдары қоғамға «Ислам терроризмі» деген түсініктер мен көзқарастарды таңудан тайынар емес. Исламды үрейдің діні ретінде танытуда. Әсілінде солай ма? «Ислам» сөзі «бейбітшілік, амандық» деген мағынаны білдірсе, асыл дінді ұстанған адам қалайша «қанішер» болуы мүмкін? Лаңкес ешқашан мұсылман бола алмайды.

Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) өз хадистерінде нағыз мұсылманға тән сипаттарды егжей-тегжейлі түсіндіре келе былай деген: «Шынайы мұсылман тілімен де, қолымен де ешкімге зиянын тигізбеген жан. Шынайы мұсылман – өзіне қалаған нәрсені өзгеге де лайықты көрген кеңпейілді жан». Алла Елшісі тағы бірде: «Кемел мұсылман кім?» деген сауалға: «Кемел мұсылман – айнала-төңірегіне, қоғамға көмегі тиген пенде» деп жауап берген екен.

Екіншіден, Сирия асқандардың басым бөлігі – ғаламтор арқылы санасы уланғандар. Діннің негізін білген адам шетелдегі жеке тұлғалардың күмәнді уағыздарына алданбайды. Үйдің, ағаштың шайқалмауы іргетасы мен тамырына байланысты ғой. Сол секілді адамның діни сенімде адаспауына алғашқы білімі көп әсер етеді. 

Өз елімізде орта және жоғары діни ілім алған адам жалған үміттер мен ұрандарға алдана қоймайды. Адам санасына бірінші дәстүрлі діннің құндылықтары егілсе, мұның нәтижесінде оның бойында теріс ағымға тойтарыс беретін иммунитет қалыптасады. Медреселеріміз колледж деңгейіне көтерілді. «Нұр Мүбәрак» университетінде магистрлік, тіпті докторлық ғылыми дәрежесін иемденіп шығуға болады.

Бүгінде еліміз бойынша мешіттердің жанында 966 діни сауат ашу курстары жұмыс істейді. Курстың негізгі қызметі – азаматтарға алғашқы дін негіздерін үйрету.

Өткен жылы ауылдық, аудандық, облыстық, қалалық, республикалық мешіт жанындағы діни сауат ашу курстарында 82 401 адам сауат ашты. Оларға Құран оқу, хадис, ақида, иман шарттары, Ислам әдептері сынды пәндерден дәріс жүргізілді.

Үшіншіден, өзге елдегі жеке адамның пәтуасына құлақ асу – үлкен қауіп. Шетелде қабылданған пәтуа біздің елдегі жағдаймен сәйкес келмеуі мүмкін. Өйткені халқымыздың сан ғасырлық өмір тәжірибесі негізінде қалыптасқан салт-дәстүрі бар. Біздің дінімізде шариғатқа қайшы келмеген салт-дәстүр құпталады. Ал жоралы жұртымыздың ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан әдет-ғұрпы тұнып тұрған тәрбие мен ізгілік емес пе? Әр елдің өз дәстүрі мен діни жолы болады. Қарапайым мысал: бізде бата беру дәстүрі санамызға сіңіп кеткен. Ал мұндай игі дәстүр өзге мұсылман елдерінде қалыптаспаған. Пәтуа беруде жергілікті дәстүрдің ескерілетіні сондықтан. Демек, өзгенің пәтуасына құлдық ұру – қатерлі қауіп.

2018 жылы ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің мамандары 5 922 адамның сұрағына жауап берді. Сұрақтардың басым бөлігі www.fatua.kz сайтына келіп түскен. Жеке пәтуа сұрап келген адам саны 1750-ге жеткен. Ал мүфтиятқа қоңырау шалып, көкейде жүрген сауалына жауап алған азаматтар саны – 1590.

Жуырда Астана қаласындағы 10 мешітте «Діни ақпарат беру» орталығы ашылды. Ал республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінде тәулік бойы жұмыс істейтін сенім телефоны (нөмірі: 33 30 30) іске қосылды. Қазір дінге қатысты көкейде жүрген кез келген мәселеге орай оңтайлы уақытта жауап алуға болады.

Төртіншіден, мүфтият тәуелсіздік жылдарында ­Египет Араб Республикасының, Түркияның, Малайзияның, Татарстанның, Өзбекстанның, Қырғызстанның Діни басқармаларымен ортақ меморандум қабылдады. Мақсат – тәжірибе алмасу, ортақ шараларды бірлесе жүзеге асыру, т.б. Мүфтият шетелде білім алғысы келетін азаматтарды бастапқы білімді өз елімізде алуға шақырады. Адамның діни сенімде адаспауына алғашқы білімі көп әсер етеді. Өз еліміздегі медресе мен университетте бакалавр дәрежесін алған шәкірт шетелде кез келген адамның құрғақ сөзіне ермейді.

Еліміздегі жоғары және орта білім беретін діни оқу орындарында Ислам бағытында ілім алуға толық мүмкіндік бар. Бүгінде «Нұр Мүбәрак» университеті мен медреселерді жыл сайын 500-ге жуық маман бітіріп шығады. Осы ретте жастарды отандық орта және жоғары білім ошақтарында діни ілім алуға шақырамыз.

Жұмақты айдаладан емес, айналаңнан іздеу ләзім.