Ұрыға садақа

0
100

Адамның тура жолға келуі – Хақ Тағаланың қалауына байланысты. Ешбір пенде бұзықты тезге салып, бірден түзетіп жібере алмайды. Адам баласы тек адасқанға жол көрсетіп, оның тура жол табуына ғана түрткі бола алады. Бұл – мұсылманның уазипасы. Барлық пайғамбарлар елді түзетуге арқау болу үшін ғана келген. Ал бір мұсылман өзгені түзетемін, жолға салуға дәнекер боламын десе алдымен өзін түзетуі тиіс. Егер адам нағыз мұсылман болуға тырысып, Хақ Тағаланың көркем мінезін бойына сіңірсе, жұртқа сонда ғана үлгі болып, сөзі мен ісі әсерлі болмақ.

Ілгері заманда бір мұсылман: «Осы түні сөзсіз садақа беремін!» деп қолына ақша ұстап көшеге шығады. Бірақ түн қараңғысында байқамай садақасын бір ұрының қолына ұстатады. Таңертең «Түнде бір ұрыға садақа беріліпті» деп ел арасында сөз тарайды. Әлгі адам: «Я, Раббым! Бір ұрыға садақа бергенім үшін саған мың алғыс!» дейді де сөзін әрі қарай жалғастырып: «Бірақ бұл түні де сөзсіз бір садақа беремін» дейді. Осылайша қолына тағы да садақа алып көшеге шығады. Түн қараңғылығын жамылып жүріп бұл жолы садақасын зинақор әйелдің қолына ұстатады. Таңертең ел арасында «Зинақор әйелге садақа беріліпті» деген сыпсың сөз тарайды. Әлгі адам: «Алла Тағалам! Ұры мен зинақорға садақа бергенім үшін саған мың алғыс! Бірақ мен тағы да садақа беремін» дейді. Түнде садақасын алып көшеге шығады. Бірақ бұл жолы да байқамай садақасын бай адамның қолына ұстатады. Таңертең ел арасында: «Түнде бір байға садақа беріліпті» деген өсек тарайды. Әлгі адам: «Алла Тағалам! Ұрыға да, зинақорға да, байға да садақа бергенім үшін саған шексіз алғыс айтамын!» дейді. Сол түні ол түсінде мынадай сөз естиді: «Садақаларың қабыл болды. Олардың Аллаһ Тағала үшін ғана бергендіктен бұдан былай ұрының ұрлықтан бас тартып адал өмір сүруі, зинақор әйелдің жаман қылықтарынан бойын аулақ салуы, бай адамның да осыдан үлгі алып Алла Тағаланың берген байлығының қадірін біліп, садақа беруі әбден мүмкін».

Міне, осы хадисте әлгі мұсылманның садақаны қайыршыға емес байқамай ұры, зинақор әйел, бай адамға бергені айтылады. Бірақ ол осы үшеуіне бергені үшін Алла Тағалаға мадақ айтады. Өйткені, әлгі мұсылман садақаны Алла үшін бергендіктен «мұнда бір жақсылықтың нышаны бар» деп үміт еткен. Берген садақам текке кетті-ау деп уайымдамаған. Қайыршыға берілген садақа оның нәпақасы болады. Ал түнде ұрыға берілген садақа оған әсер етіп, ол сол түні ұрлық жасамаған болуы мүмкін. Ұры осылайша сол түні ұрлық жасау ниетінен бір түн болса да бас тартса керек. Сонда оның берген садақасы ұрының ұрлықтан бас тартуына себеп болған. Зинақор әйел де табар ақшасын тапқан соң ол да сол түні арам қылығынан бас тартып, тәубе етуіне жол ашса керек. Бай адамға келсек, оған да садақаның өзіне берілуі жанына қатты батып, осы әрекет оның жүрегінің мейірімін оятуға әсер етсе керек. Міне, адамның ниеті түзу болғандықтан Алла Тағала осы адамның ықыласы үшін садақасын үшеуінің түзелуіне арқау еткен. Ұры, зинақор әйел, сараң бай – бұзылған қоғамның үш вирусы. Ендеше, мұсылмандардың ісінде ықылас болса, бұзылған қоғамды түзеуі де оңайға түспек.

 

(«Пейішке жетелер пейіл» кітабынан. М. Исаұлы)