Таяммумға қатысты мәліметтер

0

Таяммум дегеннің сөздік мағынасы: «ниеттену», «діттеу» дегенді білдіреді.

Ал, анықтамасына келер болсақ, таяммум деп,  дәрет яки ғұсыл алғанға су табылмаса, немесе суды қолдану мүмкін болмай жатса, жер жынысына жататын заттарға қолды соғып, бетті және екі қолды шынтаққа дейін сипауды айтамыз.

Таяммум соғудың рұқсаттығы Құран аятымен бекітілген. Құран Кәрімде былай делінеді:  

وَإِن كُنتُم مَّرْضَى أَوْ عَلَى سَفَرٍ أَوْ جَاءَ أَحَدٌ مِّنكُم مِّنَ الغَائِطِ أَوْ لامَسْتُمُ النِّسَاءَ فَلَمْ تَجِدُوا مَاءً فَتَيَمَّمُوا صَعِيداً طَيِّباً فَامْسَحُوا بِوُجُوهِكُمْ وَأَيْدِيكُمْ إِنَّ اللَّهَ كَانَ عَفُواًّ غَفُوراً

«Егер, ауру немесе сапарда болсаңдар яки біреулерің түзге отырып келгенде не болмаса, әйелдеріңе жақындақаннан (кейін) су таба алмасаңдар, ондай кезде таза жер жынысына таяммүм соғып, беттеріңді, қолдарыңды сипаңдар. Расында Алла аса кешірімді, тым жарылқаушы»[1].

Аталмыш аяттың түсу себебі

Аталмыш аяттың түсу себебін Айша анамызбен байланыстырып жатады. Мұсталақ тайпасының шабуылына қарсы жорықта, Пайғамбарымыз және мұсылмандар түнде бір жерге тұрақтайды (Мүрайсиъ жорығы деп те айтылады). Ертесіне қайта жолға шыққанда, Айша анамыз мойнындағы алқасының түнде тұрақтаған жерде түсіп қалғандығын байқайды. Мұны  естіген Алла елшісі (с.а.у.) тоқтап, екі адамды алқаны алып келуге жібереді. Өздері сол келген жерлерінде күтеді. Күннің ыстығы мен судың тапшылығы кімді болса да қинайтыны мәлім. Қызына ашуланған әкесі Әбу Бәкір: «Пайғамбарды және мұсылмандарды су жоқ жерде күттіртіп», — деп ұрысады. Сол сәтте жоғарыда келтірілген аят түскен екен. Таяммуммен намаз оқып болғаннан соң Үсәйд ибн Хузайр есімді сахаба Айша анамызға келіп: «Алла тағала саған рахымын жаудырсын, уа Әбу Бәкірдің қызы! Саған қандай да бір ыңғайсыз жәйт кездесе қалса болғаны,  Алла тағала сол сәтте мұсылмандарға жеңілдігін жібере қояды екен», — деп ризашылығын білдіреді.

Қай кездері таяммум соғылады?

Мына жағдайларда таяммум соғуға рұқсат етіледі:

  1. Судың алыстығы. Су бір мильдай қашықтықта болса, таяммум соғуға болады. Бір миль — шамамен 1609 метр. Кейбір ғалымдардың айтуынша, судың орналасқан жері айтылған азанның даусы естілмейтіндей қашықтықта болса да таяммум соғылады.
  2. Сырқаттық.  Суды қолдану сырқатын арттырады деп, немесе жазылуын кешеуілдетеді деп қауіптенсе де су бола тұра таяммум соғуға рұқсат етіледі.
  3. Судың (немесе ауа райының) суықтығы. Табаранидің хадистер жинағында мынадай бір риуаят бар. Сахабалардың бірі Амр Ибн Ъас ғұсылы бұзылып, таяммум алады да намазда имамдыққа өтеді. Кейін Мединеге келгенде, жамағат оның әлгі әрекетінің үкімін білу мақсатында Пайғамбарға айтады. Сонда сахаба Пайғамбарымызға (с.а.у.) : «Күннің суықтығығы өміріме қауіп төндіреді ме деп қорықтым. Алла тағала: «Өз өздеріңді қатерге итермелемеңдер»[2] , — деген ғой», — деп су бола тұра таяммум соғуының себебін түсіндіреді. Оның сөзіне Пайғамбар күліп жіберген екен (басқа риуаятта «Пайғамбар үндемеді» делінген)[3].  
  4. Дұшпанның кедергі жасауы. Мысалы, су қоймасына әлдебіреулер құлып салып, су бермей жатса, немесе суға барар жолда жыртқыш хайуанның залал тигізуінен қорықса т.б.
  5. Судың тапшылығы.   
  6. Суды алатын құрал немесе ыдыс табылмай жатса. Мысалы, құдықтан  тартып алатын, ыдыс немесе жіп табылмай жатса, т.б. осындай қол жетімсіз жағдайларда да таяммум соғылады.
  7. Қазасын өтеу мүмкіндігі қарастырылмаған намаз түріне кешігіп жатса. Айт намазы мен жаназа намазының қазасы өтелмейді. Мысалы, айт намазына кешігіп жатыр делік. Дәрет аламын немесе ғұсылданамын дегенше, айт намазы оқылып қояды. Мұндай кезде, үлгерейін деген мақсатпен таяммум соқса болады. Жаназа намазының да қазасы жоқ. Дәрет алам дегенше жаназа оқылып қоятындай болса, таяммум соғады. Ал, қазасын өтеу арқылы орны толатын намазға үлгерейін деген ниетпен, уақыты шығып бара жатса да таяммум соғылмайды екен. Мысалы, бес уақыт намаз, жұма намазы. Бұған дәлел келтірер болсақ, Ибн Шәйбә, Имам Тахауи және Нәсәиде келтірілген риуаятта сахаба Абдулла ибн Аббас (р.а.)  былай деген екен: «Егер жаназа намазы өтіп кетеді деп қорықсаң және дәретің де болмаса, ондай кезде таяммум соқ».

 Таяммумның орындалу жолы

Әуелі таяммум соғуға іштей ниет етеді. Сосын, екі қолын жер жынысына соғып, бетін сипайды. Екінші мәрте қайта соғып, алдымен оң қолын, содан соң сол қолын шынтағымен қоса сипап шығады. Пайғамбарымыз (с.а.у.) өзінің бір хадисінде былай деген:

«Таяммум – екі рет қол соғудан тұрады. Бірі — бет үшін, екіншісі, шынтақпен бірге екі қол үшін». (Даруқутни, әл-Хаким, Мустадрак).

Жер жынысына нелер жатады?

Жер жынысы деп – отқа жанбайтын және ерімейтін барлық  жер тектес заттарды айтамыз.[4]  Мысалы, шаң-тозаң, топырақ, тас, кірпіш, таза бетон, әктас, цемент, мрамыр т.б.   

Демек, темір, мыс, пласмас сияқты еритін немесе ағаш секілді жанып күл болатын заттар жер жынысына жатпайды, ондайға таяммум соғылмайды. 

Таяммумға ниет қалай жасалады?

Таяммум — намаз оқу ниетімен жасалады. Дәлірек айтқанда, дәретсіз орындалмайтын құлшылық түрін өтеу мақсатымен таяммум соғылады. Мысалы, тиляуат сәждесі үшін, жаназа намазы үшін нәпіл намазы үшін т.б.   Ал, Құран оқу үшін немесе мешітке кіру үшін яки қабірге бару үшін т.б. алған таяммуму сол көздеген нәрсесі үшін ғана жарамды, намазға емес. Намаз оқитын кезде таяммумын жаңартуы тиіс.  

Әр намазға таяммум алына ма?

Егер, таяммумды бұзатын жағдайлар туындамаса, бір рет алған таяммум бірнеше намазға жарайды.  

Таяммум қандай жағдайларда бұзылады

Таяммум мына жағдайларда бұзылады:

  • Дәретті не ғұсылды бұзатын барлық жағдай таяммумды да бұзады
  • Тахарат алуға жететіндей суға қолы жетсе, алған таяммумы бұзылады

Ескерту: Судың табылып қалатындығына үміті бар кісі намазды уақыттың соңына таман кешеуілдетуі мүстахаб, бірақ, шарт емес (яғни, намазды қаза қылып қоймайтындай уақытқа шейін кешеуілдету). 


Мақаладағы негізгі мәлімет «ән-Нуқоя Мухтәсаруль Уиқоя»

атты Ханафи фиқһ кітабынан алынды.

Ықшамдап аударып, түсініктемесін жазған А.Қасым