Салауат қалай айтылады?
Құран Кәрімде: «Расында, Алла пайғамбарға рахмет етеді. Және періштелер салауат айтады. Әй, мүміндер! Оған салауат және ықыласпен сәлем келтіріңдер[1]», — деп әмір етілген. Алла тағаланың Пайғамбарға (с.а.у.) салауаты – періштелерге мақтауы, періштелер салауаты – пайғамбарға дұға етуі. Суфиян Сәури (р.а.): Алла тағала салауаты – рақымет, періштелер салауаты – истиғфар. Бұл аятта Алла тағала пенделерге құлы әрі елшісі Мұхаммедтің (с.а.у) көктегі мәртебесі айтылып, салауат айтылу әмір етілуде. Салауат – дұға тілек дегенді білдіреді. Араб тілінде намазды да салауат деп айтады. Өйткені, намаз – ең үлкен дұға. Құран әмірі бойынша мұсылманға өмірінде бір рет болса да салауат айту міндет. Сондай-ақ, күнделікті айтып жүру мұстахап. Ибн Ато: Дұғаның қабыл болуы үшін оның: негізі, қанаты, себебі және уақыты бар. Дұға негізімен түйіссе күшейеді, қанатына сай келсе аспанға ұшады, уақытына сәйкессе ұтады, ал себебіне орындалса қабыл етіледі. Дұға негізі – жүрек тыныштығы мен жұмсақтық, барлық себептерден бас тартып қалыпты Аллаға байлау. Қанаты – шынайылық, уақыты – сәресі, қабыл болу себебі – пайғамбарға салауат, — деген екен. Ибн Мәсғұд (р.а.): «Сендердің бірің Алла тағаладан сұрайтын дұғасы болса Оған лайықты түрде мадақ айтудан бастасын, сосын Пайғамбарға (с.а.у.) салауат айтып барып тілесін, осылай ету қабыл болуға лайықтырақ [2]», — деген екен.
Салауат айтудың артықшылығы
Абдулла бин Масғуд (р.а.): «Қиямет күні ең жақсы адамдар маған көп салауат айтқандары [3]», — деген хадис риуаят еткен. Әбу Талха әкесінен риуаят етеді: Алла елшісі (с.а.у.) бір күні жүзінен қуаныш байқалып келді. Адамдар: «Уа, Алла елшісі! Жүзіңізден қуаныш көріп тұрмыз», — деді. Пайғамбар (с.а.у.): «Маған періште келіп: «Уа, Мұхаммед! Раббың үмбетіңнен саған біреу бір салауат айтса, Мен оған он салауат (рақымет) беремін, үмбетіңнен саған біреу бір сәлем айтса, Мен оған он сәлем беремін, осыған ризасың ба?» — деді. Мен: «Әрине», — деп жауап бердім[4]».
Салауат айтпау – сараңдық Пайғамбарымыз есімі айтылғанда салауат айтпау нағыз сараңдық. Себебі, Пайғамбарға бір салауат айтып, есесіне Алла тағаладан он салауат алғысы келмеген адамнан асқан сараң болмайды. Әли бин Хусейн әкесінен (р.а.) риуаят етуде: «Сараң – менің атым айтылған кезде маған салауат айтпаған адам[5]».
Салауат үлгілері
Салауаттың түрлері көп. Ең қысқасы Пайғамбарымыз есімін естігенде «алейһис соләту уәс сәләм» немесе «салла Аллаһу алейһи уәс-сәләм» деп айту. Бұл жөнінде Имам Науаи: Пайғамбарға дұға салауат пен сәлем қоса айтылып жасалады. Бұл «Әй, мүміндер! Оған салауат және ықыласпен сәлем келтіріңдер[6]»,-аятынан алынған [7] деген.
Риуаятта сахабалар Пайғамбарымыздан (с.а.у.): «Уа, Алла елшісі! Сізге қалай салауат айтамыз?» — дегенде Пайғамбар (с.а.у.): «Аллоһумма солли ала Мұхаммадин уә әзуәжиһи уә зурриятиһи, кәмә солләйтә ала әли Ибраһимә, уә бәрик ала Мұхаммәдин уә әзуәжиһи уә зурриятиһи, кәмә бәрактә ала әли Ибраһимә, иннәкә Хамидум Мажид», — деп айтыңдар [8], — деген екен. Мағынасы: «Аллаһым, Мұхаммедке, оның жұбайлары мен ұрпағына Ибраһим отбасына салауат еткендей рақымет ет. Және Мұхаммедке, оның жұбайлары мен ұрпағына Ибраһим отбасына берекет еткеніңдей береке бер. Расында, Сен Хамид (мақтаулысың) Мажид (даңқтысың)». Салауаттың ең көп айтылатын түрі намазда оқылатын «Аллоһуммә солли» және «Аллоһуммә бәрик» салауаттары. Аллоһуммә солли: «Аллоһуммә солли ала Мұхаммадин уә ала әли Мұхаммадин кәмә солләйтә ала Ибраһимә уә ала әли Ибраһимә иннәкә Хамидум Мажид». Аллоһуммә бәрик: «Аллоһуммә бәрик ала Мұхаммадин уә ала әли Мұхаммадин кәмә бәрактә ала Ибраһимә уә ала әли Ибраһимә иннәкә Хамидум Мажид». Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Әрбір дұға-тілек аспан астында бүркеліп тұрады. Егер маған айтылған салауат келсе дұға көкке көтеріледі[9]», – деген. Салауат айту – дұға-тілектің қабыл болуына үлкен себепкер.
[1] Ахзап сүресі, 56-аят
[2] Әш-Шифа, 306-бет
[3] Термизи
[4] Ахмед, Насаи
[5] Ахмед
[6] Ахзап сүресі, 56-аят
[7] Мұхтасар Ибн Касир
islam.kz