Сахабаларды түсінде көрген жігіттің тәубесі

Бір мешітте уағыз тыңдап отырған жігіт, имамның «біз ешқашан сахабалардай бола алмаймыз. Олармен тіпті тең емеспіз» деген сөзіне қапа болып:
— «Неге біз олардай бола алмаймыз, қай жеріміз кем?» — деп зекиді.
Имам:
— «Әй бауырым олай деме, Пайғамбарымыз Мұхаммед (саллаллаху алейхи уасаллам) менің сахабаларымның азғантай берген садақасына мына біздердің Ухуд тауының көлеміндей берген садақамыз жетпейтінін баяндап кеткен» — деп сабырға шақырады.
Қабағын түйе мешіттен шығып кеткен әлгі кісі түнгі ұйқыда ұйықтап жатып түс көреді. Түсінде бір автобус жардан құлауға шақ тұрған-ды. Ішінде Алла елшісі Мұхаммед (саллаллаху алейхи уасаллам) отыр екен. Ағыл-тегіл автобустың қасына барып тоқтатудың қамын іздеп, дөңгелекке тас тіреу үшін жүгіріп барып тас әкеліп, енді дөңгелекке тірейін десе, дөңгелектің түбіне сахабалары бастарын қойып тіреп жатқанын көреді.
Аң-таң бола оянған жігіт сахабалардай бола алмайтынына көзі жетіп, тәубе еткен екен.