Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының ХХIII сессиясы өтті

0
74

Саяси құрылымның төрағасы, аймақ басшысы Құмар Ақсақалов өңірде 26 облыстық, 175 аудандық этномәдени ұйымдар қатарына 5 мыңға жуық белсендінің тартылғанын, олардың басты мұраты ұлтаралық, конфессияаралық ынтымақты, бірлікті нығайту болып болып табылатынын атап көрсетті.

«Келесі жылы ассамблеяға бөлінетін қаражат екі есеге ұлғаяды. 2019 жыл Өзбекстанда Қазақстан жылы деп жарияланды. Осыған орай аймақта өзбек мәдени бірлестігі өз жұмысын бастайтын болады», деді Құмар Іргебайұлы.

Жергілікті ассамблея өзге елдерде тұратын қандастарымызбен де тығыз қарым-қатынас орнатқан. Бұл туралы Қорған облысы қазақ ұлттық-мәдени автономиясының төрағасы Қайрат Оралов айтып берді. Қорған облысын мекендейтін 14 мыңға жуық ағайынымыз ұлттық салт дәстүрді берік ұстанады. Сыртта жүрсе де ата-баба жерін ұмытпайды. Қазақстанды мақтан тұтады.

«Дуслык» татар – башқұрт энтомәдени орталығының жетекшісі Наиль Абраев алдағы жоспарларымен бөлісті. Келесі жылы қоғамның құрылғанына 30 жыл толады. Оған дайындық шаралары қазірден басталып кеткен.

Сессияда облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының қоғамдық негіздегі орынбасары сайланды. Бұл қызметті «Сомониен Север» тәжік бірлестігінің жетекшісі Анваршох Амиршоев атқаратын болады. Мәдени орталықтардың бірқатар өкіліне марапат тапсырылды.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы

Дереккөз: http://egemen.kz/