«Құдайға» берілетін садақа

0
212

Зубайырұлы Уруа балаларына:«Ей, балаларым! Өз бала-шағаңа беруге ұялатын дүниені Алла жолында садақа етпеңдер. Ақиқатында, Алла Тағала Кәрим – жомарттардың Жомарты. Сондықтан, ең таңдаулысын беруге лайықты. Балаларым! Кісі бойынан бір жиіркенішті жаман мінез көрсең, одан сақ бол. Тіпті, ол адам жұрттың алдында жақсы болса да. Өйткені, оның жаман мінезінің сыңарлары тағы бар. Егер, кісі бойынан ғажап жақсы қасиет байқасаңдар, онымен ара-қатынастарыңды үзбеңдер, жұрттың көзінде жаман адам болса да. Өйткені, жақсы қасиетінің сыңарлары болады. Балаларым! Адамдар – өз заманында әкелеріне ең қатты ұқсайтын жандар»,-деп өсиет еткен екен.

Расында, кейде бір садақа жасап қояйын деп құрбандық шалатын немесе ақшалай садақа беретін уақыт болады. Әдетте, шаруаң оңалсын немесе жоспарлаған ісім ойдағыдай болсын деген ниетпен жасап жатамыз. Сол кезде, пенделікпен арзандау мал іздеп, ақшаның ұсақ-майдасын беруге тырысамыз. Пенделік қой. Садақа демекші, қазақ садақаны – «құдайы»  деп те атайды. Бұл Құдай жолында дегені ғой. Демек, Құдай жолында болса ең жақсысын беру қажет. Осыны табиғин Уруа бин Зубайыр «отбасыңа беруге ұялатынын берме» деп керемет түсіндірген. Өйткені, садақа адамның өзіне керек емес затынан құтылу жолы емес.

 Руслан ҚАМБАР