Қарызыңнан құтылатын дұға үйретейін бе?
Белгілі сахаба Әбу Саид әл-Худри (р.а.) аталмыш дұғаға қатысты мына бір оқиғаны әңгімелеген:
Бірде Пайғамбарымыз (с.а.у.) намаздан тыс уақытта мешітке кіргенінде ансарлық Әбу Үмәмә атты бір кісінің отырғанын көріп: «Әй, Әбу Үмәмә! Намаздан тыс уақытта мешітте не істеп отырсың?», − деп сұрайды. Ол: «Уа, Алланың елшісі! Қарызға белшеден батып, қатты қиналып отырмын», − деп жауап берді. Сонда, Пайғамбарымыз (с.а.у.) оған: «Саған оқығаныңда уайым-қайғыңды сейілтіп, қарыздарыңнан Алланың Өзі құтқаратын бір дұға үйретейін бе?» − дегенде, Әбу Үмәмә (р.а.): «Әлбетте, уа, Алланың елшісі!», − дейді. Сонда, Пайғамбарымыз (с.а.у.) оған осы дұғаны үйретіп: «Бұл дұғаны таңертең және кешке үзбей оқып тұрғын», − дейді. Кейіннен Әбу Үмәмә: «Мен Пайғамбарымыздың (с.а.у.) бұйырғанын бұлжытпай орындап жүрдім. Соңында Алла тағала менің барлық уайымқайғымды сейілтіп, қарыздарымнан да толық құтылдым», − деген болатын.
Оқылуы: Аллаһуммә йнни ә‘уузу бикә минәл-һәмми уәл-хазәни уәл-‘ажзи уәл-кәсәли уәл-жубни уәл-бухли уә дал‘йд-дәйни уә ғаләбәтиррижәәли.
Мағынасы: Уа, Аллаһым, мені уайым жеуден, қайғы-қасіреттен, дәрменсіздіктен, жалқаулықтан, қорқақтықтан, сараңдықтан, қарызға белшеден батудан және адамдардың зорлық-зомбылығынан сақтай гөр!