ҚазҰУ-дағы жұмбақ өлім: көз жұмған студент туралы дерек шықты

0

Алматыдағы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жатақханасында жұмбақ жағдайда көз жұмған студент туралы марқұмның туыстары айтып берді. Механика-математика факультетінің бірінші курс студенті Нұрдос Айтбаев жедел жәрдем келгенше қайтыс болған деп хабаралйды КТК арнасы.

Әлі нақтыланбаған ақпараттарға сүйенсек, екі жасөспірім өз бөлмелерінде белгісіз есірткі затын пайдаланған болуы мүмкін. Шамалы уақыттан соң бірінің жағдайы күрт нашарлаған. Алайда марқұмның жақындары бұған сенбейтіндерін алға тартты.

Қайтыс болған 19 жастағы студент — жанұядағы жалғыз ұл көрінеді. Болған жайтқа әлі де сене алмай отырған туысқандары сол күні Нұрдосқа телефон арқылы Арман есімді жігіт хабарласқанын айтады.

Бірден көңіл-күйі түсіп кеткен ол жатақханаға баруға асыққан. Алайда көп уақыт өтпей оқу орнынан жақындарына қайғылы хабар келіпті.     

«Маған әуелі кешкі сағат 9-дарда хабарласып, халі нашар деді. Артынша көз жұмғанын айтты. Жатақханаға барған соң ол кешкі 6-дан бастап өзін жайсыз сезінген екен. Сол кезде оған алғашқы көмек мүлде көрсетілмеген. Ұлттық университет секілді үлкен оқу ордасында медициналық көмек беретін орталықтың болмауы өкінішті», -дейді марқұмның туысы Серік Шайманов.

Жұмбақ өлім: ҚазҰУ жатақханасында көз жұмған студент туралы дерек шықты

Скриншот: КТК арнасы

Жағдайы нашарлай бастаған Нұрдосқа алдымен бөлмедегі жігіт көмек қолын созуға тырысқан көрінеді. Бірақ үш сағат ішінде жедел жәрдем қызметкерлері не үшін шақырылмағаны белгісіз.

Айта кетерлігі, марқұм болған 19 жастағы студент пен жанындағы серігі есірткі затын қолданды деген бейресми ақпарат тарап отыр. Алайда туыстары «бұл дерекке сенбейміз» деп үзілді-кесілді қарсы болуда.

«Нұрдос Айтбаевтың халі нашар екенін ести салысымен ұшып жеттік», — деген ЖОО өкілдері болса жас жігіт жедел жәрдем келгенше жан тәсілім еткенін айтып ақталды.

Десе де, ҚазҰУ оқытушылары мен жауапты қызметкерлері оқиғаның анық-қанығын әлі толық білмейтіндерін алға тартты.

Тәртіп сақшылары бұл іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталғанын жеткізді.

Ал медициналық сот сараптамасында қайтыс болған Нұрдос Айтбаевтың белгісіз нәрседен уланғаны көрсетілген.

Ұлттық университет басшылығы мүмкіндігінше қайғыдан қан жұтқан марқұмның жанұясына материалдық көмек көрсетуге әзір екендерін айтады.

Дереккөз: КТК арнасы