ҚАРЫЗДЫҢ ҚАҚПАНЫ

0
168

Қарыз адамның бір реткі мұқтаждықтарын өтесе де, екінші біреуге тәуелді етеді. Жүрекке күндіз-түні тыныштық бермей мазасын кетіретін, мінез-құлықты өзгертетін, жалған сөйлеп, айтқанында тұрмауға үйрететін, алдап-арбауға, жауласуға, қастандық жасауға, өлім-жітімге, кейбіреулерді өз-өзіне қол жұмсауға дейін жеткізуі мүмкін. Қарызын өтемей бұл дүниеден өткендермен қабіріне дейін бірге барып тұтқын етеді. Алайда, ол – өсімсіз қарыз беріп, кешіре білетін, уақытын созып өтеуіне мүмкіншілік жасай алатын қайырымды, мейірімді жандар үшін шексіз сауап болатын нәрсе.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Адам қарызға батқанда, сөйлесе жалған сөйлейді, сөз берсе, сөзінде тұрмайды», – десе, және бір хадисінде: «Қарыздар адам қабірінде тұтқын болады», – деген. Бұл дүниеден өткен пенделерді арулап жуып ақыретіне орап, жаназасын шығаруға апарғанда: «Оның қарызы бар ма?», – деп сұралатыны осыдан. Өйткені, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Қарыздар болып өлгендердің қабірінде қолдары иықтарына байланады. Қарыздарын өтеуден басқа еш нәрсе олардың қолдарын шеше алмайды», – деген.
Қарызын өтей алмай қайғы-қасіретке ұшырап жатқан жағдайлар қаншама?
…Мешітке келіп некелерін қидырған жастардың мініп келген қымбат көліктері, киген киім, ерген жолдастары, бәрі де көз тартады. Фотосурет, видеоға түсіріп, көліктерді әшекейлеп, тойға сән-салтанатпен дайындалған екен. Жастарды неке қидыруға ертіп келген бұрыннан таныс қарияға «Құтты болсын» айтып, қол алыстық. Қарияның жүзі жабырқау, қолдарында бір діріл бар. «Сырқаттанып қалғансыз ба?», – десем, «Жүрегім сыздап ауырып, мазасызданып жүрмін. Шынымды айтсам, баламның осы тойды өткізуге алған қарызын есіме алсам, денем суып, шошып кетем. Айтқан ақылға көнбеді», – деді. Әйтеуір, түбі қайырлы болсын дегеннен басқа не айта аласың бұндайда?!
Зымыраған уақыт біліне ме, бір жылдан кейін-ау, әлгі қариямыз келіп баласының бұл пәниден өткенін айтып, жаназасын шығарып беруді өтінді. Айтуға қиын болса да, баласының мұндай қазаға қалай ұшырағанын сұрауға тура келді.
«Өзің білесің, өткен жылғы той жасауға алған қарызы баламның түбіне жетті. Өз-өзіне қол салып, асылып қалды. Артында жаңа босанған жас жұбайы, жас сәбиі, өтей алмаған қарызы қалды», – деді қария күйзеліп…
Ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Я, Алла, күнәдан және қарыздан саған сыйынамын», – деп дұға жасайтыны осы бір көп жағдайда түбі жақсылыққа апармайтын дүниеден аулақ болуды ескертіп тұрғандай.
Бір жерлесіміз жалғыз ұлын үйлендіріп, некелерін қиғызып, тойын жасап, өмір бойы сақтап жинап құрастырған тиын-тебеніне құдаларымен қосылып балаларына Алматы қаласынан баспана алып береді. Ұлы ата-аналарымен ақылдаспай, үйін банкіге кепілдікке қойып, қарыз алып, қымбат мәшине сатып алады. Достарын шақырып, мәшинені жуып, тойлатады. Харам суға қызған олар достарымен су жаңа мәшинеге мініп, көшеге шығып сайрандайды. Естен адастыратын харам су орға түсірмей қойсын ба, жүйткіген жүйрік мәшиненің тізгініне ие бола алмай, жардан құлап, тамтығы қалмай қираған мәшинеден ауыр жарақат алған ұлы ауруханадан бір-ақ шығады. Қарызын өтеу былай тұрсын, жаны әрең аман қалып, мүгедек болған ұлды ата-анасы қолына көшіріп алды. Кепілдікке қойылған баспананы банкіге беріп, қарызынан әрең құтылды.
Қарыздан келетін зарардың бір-екеуі осындай. Қаншама адам қарыздың қақпанына түсіп, қасіретке ұрынып жатқанын бір Құдай біледі.
Қазақ: «Қайғысыз қара суға семіреді», – демей ме. Әліміз жетпейтінге әлектеніп, шектен шыға ысырап ету, қарыздану – бұл да шайтанның бір айласы. Қасиетті Құранда: «Жақын туыстарға, мүгедектерге, жолда қалғандарға хақтарын бер! Әрі еш ысырап қылма! Шынында, ысырапқорлар – шайтанның ағайыны. Ал, шайтан Раббысына анық қарсы келуші», – делінген («Исра» сүресі, 26-аят).
Кемеңгер Абайдың: «Бес нәрседен қашық бол: өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ – бес дұшпаның білсеңіз», – деп насихаттауы да осыдан. Халық аузындағы: «Аяз би әліңді біл, құмырсқа жолыңды біл», «Судың да сұрауы бар», – деген өсиеттер бекер емес. Дені сау, он екі мүшесі бүтін, еңбек етуге қабілетті, тепсе темір үзетін жастарымыз Құдайдың өзіне нәсіп еткен ризығына, нығметтеріне қанағат етіп үнемшіл болса, қарыздың қақпанына түспейді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Адамзатты құтқарушы үш нәрсенің біреуі: баршылықта да, жоқшылықта да, және байлықта да, кедейлікте де үнемшіл болу», – депті. Сондықтан, адам өте мәжбүр болмаса, қарыз алмау керек. Ал, банктен несие алуға келсек, өсім мен қарыз алу немесе өсіммен қарыз беру Ислам дінінде харам етілгенін естен шығармайық, ағайын.

Малғаждар Жылқышыбайұлы