Наурыз күні істелетін ғұрыптар / Айып НҮСІПОҚАСҰЛЫ

0

Наурыз күні ел-жұрт «Ұлыстың ұлы күні» деп орындарынан ерте тұрады. Ерлер қолдарына кетпен-күрек, қыз-келіншектер əртүрлі азық-түлік, сусын алып далаға шығады да, «бастау көрсең көзін аш» деп, төңіректегі бұлақтардың көзін тазалайды. Қариялар «атаңнан мал қалғанша – тал қалсын», «бір тал кессең, Наурыз күні он тал ек» деп, өзен мен бұлақ бойларына ағаш егеді. Одан соң «кеудесі түкті, жан-жануар, өсімдікке жүкті Жер-ана, құт дарыт, жарылқа!» деп, аршылған бұлақ көздеріне май тамызып, жаңа отырғызылған ағаштарға ақ бүркеді.

Қазақ халқы Наурыз күнін береке мен мерекенің, қуаныш пен шат- тықтың күні жəне қара жердің иіген қасиетті күні есептейтіндіктен, бұл күні ешкім түс шайысып, бет жыртыспайды. Хан мен қараның, шал мен баланың терезесі теңеліп, бір дастарқанда қатар отырып тамақтанып, күліп-ойнап көңіл көтереді. Өкпе-реніш, тіпті, өткен өш, кеткен кек кешіріледі. Суық сөз, сумақы қылық доғарылады. Ақсақал- дар мен билер көк төбеге жайылған «береке дастарқаны» үстінде бас қосып:

– Ал, ағайын, ақылдасайық! Арамызда жарым көңіл жесір, шер көкірек жетім жоқ па, кемдік, қорлық көріп жүрген кімдер бар? – деп, ел ішінде азып-тозып жүргендерге ақыл-көмек көрсетеді. Араздасып, бір-біріне қырын қарап жүрген адамдар мен ауылдарды бір араға бас- тарын қосып, береке дастарқанынан дəм татқызып татуластырады.

Одан соң: «Қисыны келмей, үйлене алмай жүрген кімдер бар? Қатын-баласын аздырып, отбасын тоздырып жүргендер бар ма?» – деп сұрау салып, үйлене алмай жүргендерді үйлендіріп, берекесі кеткендерді жөнге салып, кейбір жетім-жесірлерге отау көтеріп береді. Одан кейін «бетке салық, сүйекке таңба болмасын» деп əл-ауқаты нашарлап, қайыршылық шегіне жеткен кедей, мүгедек жандарды ауқатты, бардам кісілерге жəне туыс-туғандарына бағып-қағуға тапсырып, түрлі пəле-қаза, өрт, жұт жəне нəубет, зұлыматқа ұшырағандарға жылу жиып беріп, олардың отбасы тыныш, бала-шағаларының бақытты өмір өткізуіне мүмкіндік жасап береді.

islam.kz