Мұсылман адамдар қалай сәлемдескені дұрыс?
Шариғат бойынша мұсылман баласына таныса да, танымаса да кездескен адамға сәлем беру Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) бері келе жатқан үрдіс яғни сүннет амал. Сондықтан сәлемнің қалай берілуі, қалай айтылуы, оған қалай қайтарылуы керектігі жөнінде хадистерге жүгіну арқылы білеміз. Мәселен, мына бір хадисте:
«Бір сахаба келіп «Әс-сәләму ғаләйкум» (Сіздерге Алланың сәлемі, есендігі, тыныштығы болсын) деп сәлем береді. Алла елшісі «Уәъаләйкумуссәләм» ашара (он), — деп жауап қатады.
Келесі сахаба «Әссәләму ғалйкум уәрахмәтуллаһ» (Сіздерге Алланың сәлемі, есендігі, тыныштығы мен рақымы болсын) деп сәлем бергенде, оған «Уәъаләйкумуссәләм уә рахмәтуллаһ» ъишрун (жиырма),- дейді.
Үшінші бірі келіп «Әс-сәләму ғалйкум уә рахмәтуллаһи уә бәракәтуһ» деп сәлем берген кезде, «Уәъаләйкумуссәләм уә рахмәтуллаһи уә бәракәтуһ» (Сіздерге Алланың сәлемі, есендігі, тыныштығы мен рақымы әрі берекеті болсын) сәләсун (отыз), — деген (Имам Дәуіт және имам Тирмизи).
Яғни бұл хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) алғашқысы он сауап, одан кейінгісі жиырма, үшіншісі отыз сауап алатындығын айта келе, сәлемнің толық қалай берілетіндігін және мәтінінің қалай болатындығын үйретіп отыр.
Амандасу сүннет, оған сәлемін қайтару уәжіп. Өйткені мына хадисте «Бір мұсылманның сәлемін алу — уәжіп. Бір мұсылманның кездескен мұсылманға сәлем беруі оның мойнындағы ақысы», — делінгені уәжіптігіне дәлел болып саналады (Имам Мүслим).
Уәжіп дегеніміз орындалуы дәл парыз секілді талап етілмеген, бірақ қуатты дәлелдермен анықталған іс-әрекет пен уазипаларды айтамыз. Уәжіптің үкімі парызға ұқсас. Яғни, орындалса сауап алады. Іске асырмаса, ақыретте азабы болады.
Сондай-ақ амандасқанда бірінші болып амандасуға асыққан дұрыс. Себебі мына бір хадисте «Расында, адамдардың ішінде Алла тағалаға ең жақыны — басқаларға бірінші болып сәлемдескені» деген (Имам Әбу Дәуіт). Ендеше, бірінші болып сәлем беру сүннет болса, оны алуға асығу уәжіп.
АлтынбекҰТЫСХАН