Кім зиялы?

0

(Діни-пәлсапалық эсседен үзінді) 

Мұндай сауалды ел басшысы да өзіне қоюы ықтимал. Өйткені, зиялылық биік лауазыммен өлшенбейді. Тіпті, осы сауалды тауық соятын жұмысшы да, аяқкиім жамайтын етікші де өзіне қоюға қақысы бар. Себебі, зиялылық адамның кәсібімен бағаланбайды. «Ғылымның шыңына шықтым» деген академик те осы сауалмен жүздеспей тұра алмайды. Неге десеңіз, зиялылық тек біліммен ғана белгіленбейді. Кейде, бұл сауалды қайыршының да еске алуы әбден мүмкін. Өйткені, зиялылықты – күнкөрістің көрсеткіші деу, әбестік. Ақшаны шыр айналдырған дәулет иесінің де зиялылықтан жұрдай болуы ғажап емес…

Гәптің бәрі – осынау алуан түрлі адамдарға бұл сауалды өзге емес, өзі қоятындықтан да, оған «сен зиялысың» деп те, «сен зиялы емессің» деп те ешкім айта алмайды. Бұған әркімнің өз ар-ожданы ғана төреші.

Сонымен, зиялы кім? кім зиялы? Оны да әркім өзінің өресімен өлшемек. Пенде өзгенің басынан секіргенімен, өз басынан секіре алмайды. Мәселе, отбасындағы екі-үш баласына ие бола алмай отырып есік күзетшісі саясаткерді сынап отырады. Министр шенеуніктерді жинап алып, жерден алып, жерге салудың онша қиындығы жоқ, ал сол дөкейдің өзін егін жинаушылардың бригадирі ете қойса, не істерін білмей сасатыны сөзсіз.

Сонда… өзгені сынау, өңгені мінеу – ең оңайы, өзіңді сынау ең қиыны болғаны ғой. Олай болғанда, зиялылығыңды білу үшін өзіңді-өзің сынау шарт екен. Осыған келіссек қана зиялылықты тексерерлік сұрақтарды табу қиын емес.

ЗИЯЛЫЛЫҚТЫҢ ТӨРТ  ТҰҒЫРЫ ЯКИ  ТӨРТ  ӨЛШЕМ

Ең әуелі, өз ана тіліңді білесің бе? Біліп қана қоймай, өз ана тіліңде күлесің бе? Осы тілде мұң кешіп, осы тілде түс көресің бе? Яки, күллі адами болмысың осы тілде сомдалған болсын!

Екінші, ана тілін білген адам, сол тіл арқылы туған халқының арғы-бергі тарихы мен өз ата-тегін білмей тұрмайды.

Үшінші, тарихы мен тегін білген кісі — өз  жұртының озық дәстүр-салтын, өнегелі өнері мен қымбат құндылықтарын бойына сіңіреді.

Төртінші, тілін, тарихын, дәстүр-салтын, төл мәдениетін білген адам оқу-білімге құштар болып, санасы ашық, ойы терең, ақылы алғыр болғандықтан, кәсіби білімнің шыңына жетпей қоймайды. Оларды «кәсіби маман» деп атайды. Қазіргі күннің тілімен айтсақ, медицинада  Мұхтар Әлиевтен бастап, ұшқыш-ғарышкерлікте Тоқтар Әубәкіровті, математикада Асқар Жұмаділдаевті, тіл білімінде Рабиға Сыздықованы, жазушылықта Асқар Сүлейменов пен Мұхтар Мағауинді, әншілікте Нұржамал Үсенбаеваны, күйшілікте қаршыға Ахмедияров пен Айгүл Үлкенбаеваны, бизнесте Болат Әбіловті… айтсақ та жеткілікті.

Кәсіби біліктілікке маман-ғарышкерден іскер даяшы, не болмаса ыспар сыпырушыға дейінгі аралықтағылар түгел кіреді. Іскерлік дәрежемен емес, шеберлікпен бағаланады. Кейде білімсіз министрден гөрі білікті жүргізушінің елдің ықыласына бөленетіні содан. Осы мысалдың ішінен бір қайшы пікір туады: «Тоқтар мен Болат өз ана тіліне жетік емес…» деген. Расында, олар алғашында өз ана тіліне жетік емес-ті. Аз уақытта-ақ үйреніп, қазір тәп-тәуір сөйлеп кетті. Арлы азаматтар орыс тіліне жетік екенін көлденең тартып, өз тіліне қырын қараған жоқ. Ал, Олжас ағамыз қазақ тілінің өзін қойып, түркінің түбін зерттеген жан бола тұра, ана тілін ашық кемсітіп,  «қазақшаның орыс тілінсіз күні жоқ» деген пікірінен танбай келеді. Міне, зиялылықтың бір сынға түсер кезі осылай ұлт мүддесіне кімнің қалай қарайтындығымен де өлшенеді.

Осы төрт өлшемді зиялылық тұғырының төрттағаны десе де болады: бірі кем болса, ақсайды. Екеуі жоқ болса – құлайды. Үшеуі болмаса – орнынан тұрмайды.

Яғни, зиялы адам сын сағатта да, жай сағатта да халқын сатпайды. Ұлтын шын сүю – елбасына да, етікшіге де ортақ қасиет болса, мұның екеуі де – зиялы. Зиялылықтың жалаң біліммен де, пайдасыз лауазыммен де өлшенбейтіні содан. Зиялылыққа жеткен елбасы қара басының қамын ұмытып, халқы үшін күңіренеді, зиялы етікші өз отбасының тіршілігі үшін неге де күйеді. Өйткені, біреуі үлкен Отанның иесі болса, біреуі кіші Отанның иесі. Үлкен отан мен кіші отанның иелері зиялылыққа қатар жеткенде Елдік орнайды, елдік орнаған жерде Отан деген ортақ намыстың туы желбірейді. Ондай елде отағасы отбасының әр мүшесінің тілін, дәстүрін, ділін тәрбиелеуді басты міндетім деп түсінсе, елбасы әр отбасының осылай болуына әлеуметтік жағдай жасауды өзімнің басты мақсатым деп, білмек. Бұл ең қарапайым, ең табиғи өлшем ғана.

Иә, енді әркім осы төрт өлшемнің алдында жауап беріп көрсін!

ЗИЯЛЫЛЫҚТЫҢ КЕМЕЛДЕНУІ

Кемелдік пен кемелдену деген не? Өзін-өзі толық тану, өзін-өзі тануға үздіксіз ұмтылу. Өзін тану деген не? Әркім өз тумысына, өз шама-шарқына көз жеткізу деген сөз. Мұның шарттары төменгідей:

Бірінші, ел басқарушылар яки әкімдер халқына биіктен немқұрайлықпен емес, ішіне еніп жанашырлықпен көз салады. Елдің тұрмысын байдың емес, жарлының санымен бағалайды.

Екінші, мақтансүйгіш емес. Мақтаушыны дос, сынаушыны жау демейді. Өз мінін білген — әулие.

Үшінші, даңққұмарлығы жоқ. Өзін-өзі жарнамалауды ар көреді. Ділгір мәселенің төбесіне шығып алып, өзінің атын шығаруды ақымақтық санайды. Бүкіл ісі – риясыз.

Төртінші, атаққұмарлықтан ада. Академикті – арман, Халық жазушысын мақтан етпейді. Ондайдың қағаз тәж, жалған жаңғырық екенін біледі.

Бесінші, сыйлыққұмарлықтан сау. Мемлекеттік марапаттан аты сызылғанда жүрек талмасы ұстап, азапты күйге түсуді қорлық санайды.

Алтыншы, мансапқорлықтан алыс. Лауазымға жетуді досына жетістік, дұшпанына қысастық етіп көрсетуді топастық деп біледі. Лауазым – халыққа қызмет көрсету құралы ғана.

Жетінші, өз отбасына қамқор, біреуі ауырса жанын алып жүгіреді, шаршаса көмек қолын созады. Отбасы – жанының жартысы.

Сегізінші, туған-туыстарына бауырмал. Оларға тек, пайдам тисін, зияным болмасын деген ниетте жүреді. Туысшылдық – басқа халықтан бөлек елдігіміздің бір ерен белгісі.

Тоғызыншы, кемшілік кезіксе сөзбен емес, іспен түзегіш. «Аузымен егін орғанның белі ауырмайды» дегенді біледі.

Оныншы, топшыл емес, көпшіл. Әр мүддені, аздың емес, көптің көзімен қарайды.

Он бірінші, сөйлегіш емес, тыңдағыш. Яки, сөзімен емес, ісімен үлгі.

Он екінші, өзгенің емес, өз мінін іздегіш.

Он үшінші, өзгенің сыртынан даттамайды, өзін-өзі мақтамайды.

Он төртінші,  білім мен өнерін жетілдіруден шаршамайды. Өз шамасын білімсіздермен емес, білімді-даналармен өлшейді.

Он бесінші, артық дәулетін тойшылдыққа емес, кемшін-міскіндерге арнайды.

Он алтыншы, құмарлықтың бәрінен қашық жүредіАрақты – харам деп, насыбай-темекіні – настық деп, ондайдан бойын аулақ ұстайды.

Он жетінші, тән саулығы үшін ең жақсы үлгіні ұстанады.

Он сегізінші, адамдарды лауазым, байлығымен емес, адамшылығымен бағалайды.

Он тоғызыншы, өзін өзгелерден жоғары да, төмен де емес тең ұстайды. Яки, тәкаппарлық пен бишаралықты мін санайды.

«Осы кісілік қасиеттер менің бойымда бар ма? Бар болса, қаншасы бар, қаншасы жоқ?»

Осы сауалдардың жауабы сіздің бойыңыздан толық табылса, онда Абай хакім айтқандай «толық адамсыз», Шәкәрім ескерткендей «кемел кісісіз», Мәшһүр Жүсіп білгендей «кәміл мұсылмансыз», заманымыздың ғұламасы Ақжан Машани жазғандай «дана бабалар аманатын жалғаған ардагерсіз».

Осының бәрі түгенделген тұлға болса, ол жалпақ жұртты әділдікпен басқаруға лайық әкім болар еді. Ең аз дегенде, осы қасиеттердің үштен бірі болғанда, өз отбасына өзі ие, азамат деген атқа сай болмақ.

Ондай биікке жетудің қандай жолы, қандай амалы бар? Осы адамшылық қасиеттің бәрінің түп-тамыры имандылықтан бастау алатынын байқаймыз. Ұлы Жаратушының барлығы мен даралығына сенген, пәни дүниенің өтіп, мәңгі дүниеде  Ұлы соты болатынына жүрегімен иланған адам осы қасиеттерді бойына дарытуға ұмтылмай қоймайды. Мақтан үшін емес, күллі ғалам мен өзін жаратқан Құдірет иесінің разылығын алу үшін. Олай болғанда, зиялылық дегеніміз – кемел зиялылық пен азаматтық зиялылықтың арасын қамтитын үлкен рухани өлшем екен.

Имандылыққа жетпей, шын адамшылық қасиетке жету қиын. Адамшылық қасиетке жетпесе, ұлттық сананың жетілуі екіталай.

Зиялылықтың түп-тамыры – имандылық болса, тұғыры – ұлттық сана, тірегі – адамдық қасиеттер. Бірінсіз бірі жоқ яки бірінсіз бірі кем.

Мысалы, Құдайсыз академик биік атақ жолында ана тілін сатуы, ана тілін білмейтін «белгілі білгір» ел-жұртын балағаттауы бек, мүмкін. Осылай десек, кемел зиялы елі үшін, шын зиялы отбасы үшін жаным құрбан демек. Әрбір азаматы осындай болған ел де өскен өркенді ел болмай қоймайды.

 

Абай Мауқараұлы

 

 

 


Тегтер:Зиялыкім