Жамбыл облысында тас жолдағы темір қоршауларды ұрлағандар ұсталды

0

Мұндай қоршаудың әр бір 10 метрінің бағасы 9,5 мың теңгені құрайды.

Рысқұлов ауданының екі тұрғынының қылмыстық іс-әрекеттерінен «Қазавтожол» ЖШС Жамбыл облысы бойынша филиалына үш миллион теңгеге жуық шығын келтірілді, деп хабарлайды zakon.kz Жамбыл облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Аталған қылмыстық әрекетті Қазақ ауылының 25 жастағы тұрғыны бастаған.

Ол одан алдын Астанадағы құрылыс фирмаларының бірінде жолдағы қозғалыс қауіпсіздігіне арналған жолға қойылатын иірім темірлерді орнататын аппараттың операторы болып жұмыс жасаған. Ал, жасай білген адам, оны қалай демонтаждау керек екенін білетіні де белгілі.

Ер адам алдымен Луговое ауылының 18 жастағы тұрғынымен Батыс Еуропа-Батыс Қытай автожолының 367-шақырымындағы темір қоршаудың 40 метрін ұрлап әкетеді. Қаскөй жымысқы әрекетін өзі туған Қазақ ауылына таяу, бірнеше шақырым жерде жасаған.

Ал мұндай қоршаудың әр бір 10 метрінің бағасы 9,5 мың теңгені құрайды.

Түн ортасында жасалған залымдық әрекеттің нәтижесінде, қаскөйлер халықаралық магистральдің тек 367-шақырымның өзінен 204 метр болатын темір бұйымдарды қолды қылған.

Бірақ, «ұрлықтың арты бір тұтам» демекші, Рысқұлов аудандық полиция бөлімшесінің қызметкерлері ұйымдастырған жедел-іздестіру шараларының барысында олар ұзаққа бармай қолға түскен. Темір жинаған азаматтар өз кінәларын толықтай мойындады.

Қазіргі таңда оларға қатысты ҚР ҚК 188-бабы 2-бөлімінің 1-тармағына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.

Telegram арнасындағы маңызды жаңалықтар «zakon.kz». Жазылу!

Дереккөз: https://kaz.zakon.kz/