Ислам мәдениетіндегі әйел мәртебесі

0

Исламдағы әйелдің орны мен ролі туралы терең зерттелген шығармалармен көпшілік қауым жете таныс болмағандықтан, ислам мәдениетінде әйел адамның құқығы тым шектеулі деген жадағай түсінік қалыптасқан. Бұндай түсініктің қәзіргі батыс елдерінің исламды жаппай қаралауынан туындаған тенденциясы екені белгілі. Әйтседе, Ислам дінінде әйел затына үлкен мәртебе берілген. Бүгінгі шығармамызда осы жәйттердің басын ашуды көздеп отырмыз.

Исламға дейінгі кезеңде арабтарда әйелдің құқығын тым төмен еді. Әсіресе, арабтар қыз балаларды тірідей жерге көметін. Өлтіруге қимағандары қыздарын ұл балдарша киіндіріп, жұрттан жасырып ұстайтын. Бұлай әйелдің мәртебесін тым төмендететін себебі, қыздар өскенде жезөкшелік жасап, абыройымызға дақ түсіреді деп ойлайтын. Шынында да Исламға дейінгі жабайы араб қоғамында жезөкшелік ерекше асқынып тұрды. Кейбір арабтар ұлдарын текті ету үшін әйелдерін өз қолымен ақсүйек адамның төсегіне апарып жатқызатын. Жезөкше әйелдер жүкті болып қалған жағдайда, Кайф деген сәуегей келіп, еркектердің біріне мына баланың әкесі сенсің деп, оны зинадан туған балаға әке қылатын. Арабтардың «шиғар» деген некесі бойынша, қыздары бар арабтар бір-біріне қыздарын қалың малсыз беріп үйленетін. «Бәдел» деген неке бойынша, арабтар әйелдерін бір-біріне беріп айырбас жасайтын. Күйеуі өлген жесірді туыстарының бірі зорлықпен өзіне әйел ететін. Исламнан бұрынғы арабтардың азғынданғаны соншалықты, тіпті олар өгей шешелеріне дейін үйлене беретін еді.

Ал, Ислам дінінің келуімен әйелге деген зорлық атаулы күшін жойып, әйелдер ерекше жоғары мәртебеге қол жеткізді. Исламның әйелге бұлай ерекше жоғары статус беруі, исламның прогрессивті маңызға ие дін екендігін айғақтайды. Ендеше исламның әйел заты үшін әкелген ізгіліктеріне тоқталып өтер болсақ.

Исламдағы әйел затының мәртебесі туралы мұсылмандық сенім ғылымында (калам) көптеген ізгі көзқарастар бар. Атақты имам Матуриди пайғамбарлар тек қана еркек нәсілінен келеді, сондай-ақ, халиф, әкім, әмірші, қолбасы әйел затынан болмауы тиіс дегенмен, бірақ, әйел адам муфти бола алады деген болатын. Ал, ахлу сунна сенімінің келесі бір ірі өкілі имам Әшаридің пікірінше пайғамбарлар әйел затынан келген деп білді. Ол бұл пікіріне: «Біз Мұсаның анасына уахи еттік» (Таһа, 20/38). «Мұсаның анасына: «Оны еміз де оған бір нәрсе болады деп қорықсаң, онда оны дарияға салып жібер. Қорықпа да күйінбе! Расында оны саған қайтарамыз да оны пайғамбарлардан қыламыз» деп уахи еттік» (Қасас, 28/7) деген аяттарды дәлел ретінде келтірді. Сонымен бірге, имам Әшаридің пікірінше, әйел адам муфти, әкім және дін уағызшысы бола алады. Себебі, әмр бил-мағруф уа нахи анил-мүнкер (жақсылыққа бастау, жаманшылықтан қашыру) олардың да парызы саналады. Имам Әшари осы пікірінің негізінде Мәрием, Асия, Сара, Хажар, Хабба және Мұсаның анасын пайғамбар болуы ықтимал деп пайымдады.

Исламға дейінгі араб қоғамындағы ең азғын әрекеттердің бірі зинақорлық екенін жоғарыда айтып өттік. Ислам келгеннен кейін зинақорлыққа пышақ кесті тиым салынды. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)  зина жасауға тиым салып қана қоймай, бұл үкімнің мәнін тәптіштеп жан-жақты түсіндіретін.

Бір күні мұсылмандықты қабылдағанымен қараңғылық дәуірде бойына сіңіп қалған зинақорлық секілді жиіркенішті әдетінен арыла алмаған бір жас жігіт Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)  келіп:

 

— Уа, Алла Елшісі, маған зина жасау үшін рұқсат берсең?! — дейді. Пайғамбарымыздың жанында отырғандар жігіттің әбес өтінішін ести сала, оған бірден ұрса бастайды. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)  жігітті қасына шақырып, былай дейді:

— Осындай нәрсенің сенің анаңа жасалғанын қалар ма едің? Сонда жігіт:

— Әке-шешем Сенің жолыңда құрбан болсын, ей, Алла Елшісі, әрине қаламаймын! — дейді  тіксініп.

— Ешқандай адам анасына мұндай жиіркеніштілікті қаламайды. Сенің  қызың болса, оған осындай нәрсенің жасалғанын қалар ма едің? Сонда жігіт:

— Жаным Саған құрбан болсын, ей, Расулаллаһ, еш қаламас едім! — дейді жаны  одан сайын түршігіп.

— Ешбір жан да қызына мұны тілемес еді. Ал әпкелеріңе осындай нәрсе жасалғанын қалар ма едің?

— Жоқ, Пайғамбарым, мұны да қаламаймын.

— Ешкім де әпкелеріне мұндай сорды қаламайды. Қарындастарыңа ше, оларға осындай жамандық жасалғанын қалар ма едің?

— Жо-жоқ, қаламаймын.

— Ешкім де қарындастарын қасіретке душар еткісі келмейді, — деген Алла Расулы(оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)  қолын әлгі жігіттің жүрек тұсына қойып: «Аллаһым, бұның күнәсін кешір, жүрегіндегі жамандықтарды тазала, намысын сақтауға жәрдемші бол!» — деп дұға етеді.

Көш реформасы (хижра) болмай тұрып-ақ, Мекке кезеңінде Құран-Кәрім әйел мен еркек теңдігін былайша паш етті: «Шын мәнінде мен сендерден еркек, әйел амал істеушілердің амалын зая қылмаймын. Бір біріңненсіңдер» (Әли-Ғымран-195). «Ер немесе әйелден кім сенген бойда түзу іс істесе, әлбетте, оны жақсы тіршілікте жаратамыз. Әрі оларға істеген істерінен жақсырақ сыйлық береміз» (Нахыл-97). Хақ Елшісі (с.а.у) да әйел мен еркектің теңдігі хақында: «Әйелдеріңіздің  сіздерде, сіздердің әйелдеріңізде  хақтарыңыз бар» деген болатын.