Ғұрып-дәстүр және шариғат

0

Елбасымыз Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Дәстүр мен мәдениет – ұлттың генетикалық коды», — деп ұлттық құндылықтардың айрықша орнын атап өтті.

Біздің халықтың әдебиеті мен  мәдениеті ғана емес, сондай-ақ әдет-ғұрпымыз бен мінез-құлқымыз, халықтық болмысымыз, өмір салтымыз, тәрбиеміз де,  Ислам мәдениеті негізінде қалыптасқан. Ислам біз үшін тек дін ғана емес, рухани мұрамыздың қайнар көзі, тіпті елдігіміз, бүгінгі тәуелсіздігіміз. Олай болса Исламның інжу-маржан асыл құндылықтарын ардақтау, оны игеру, қорғау, ілгері дамыту, халықтың дүниетанымы мен салт-дәстүріне қаншалықты сіңісті болғанын зерделеу–бүгінгі біздің міндетіміз.

Қазақ халқы ежелден өзіндік ділі, тамыры терең құндылықтары, сүйенер, қуат алар бай рухани мұрасы бар халық. Бабаларымыздың қастер тұтып, атадан балаға аманаттап, жүрекке дарытып келген асыл қасиеттері көп. Мал-мүлкінен, дәулетінен иманын жоғары бағалаған қазақ «Ер жігіттің үш байлығы бар: бірінші – иманы, екінші – ырысының тұрағы, үшінші – дәулетінің тұрағы» деп аталы сөз қалдырған.

Иман – қазақ халқының рухани дүниетанымындағы парасат пайымымен сабақтасып жататын өте кең өлшемді ұғым. Ата-бабаларымыздың ақиқатқа жетелер сенімінің де басты тірегі – осы. Барлық бет-болмысының, мінез-құлқының айнасы.

Имандылық деген бір ғана сөздің бойына ұят, ар, ынсап, қанағат сықылды бүкіл жақсы қасиеттер түгел сыйып тұр. Оны Абай атамыз «үш сүюмен» байланыстырып, «иманигүл» деп ат береді:

 

                         Махаббатпен жаратқан адамзатты,

                         Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.

                         Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп

                         Және хақ жол осы деп әділетті, — дейді.

 

Имандылық қасиеттің сырына тереңірек үңілетін болсақ, қазақ халқы имандылықтың үш негізін өздеріне тірек еткен. Ол: біріншіден – дін, екінші тірегі — салт-дәстүрі, үшінші тірегі – ана тілі.

Біздің қазіргі әдет-ғұрып деп ұстанып жүрген ата-баба мұраларының көпшілігін бабаларымыз сол кезеңдерде «сүннетті ұстану» ниетімен қалыптастырған. Бұған дәлел – көптеген әдет-ғұрыптар мен наным-сенімдеріміздің хадис және сүннеттерімен үндесіп жатуында.

Ислам діні ұлтымыздың бітім-болмысы мен мәдениетінде дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарында өзіндік із қалдырған. Халқымыздың тұрмыс-тіршілігінде сақталған діни дәстүрлер: сүндеттеу, неке қию, Құрбан айт пен Ораза айт, жарапазан, садақа беру, пітір беру, бата беру,  тасаттық жасау діни жоралғылардың өміршеңдігін көрсетеді. Сондай-ақ мешіттер мен медреселер халқымыздың тарихында ұлт руханиятының асыл қазынасы ретінде қызмет атқарды.

 

 

Халқымыздың бұрыннан қалыптасып келе жатқан әдет – ғұрыптары да  дініміздің қағидаларына сай келеді. Жыл басымыз Наурызды тойлау, ораза, құрбан айттарын мерекелеу, қалың беру, үкі тағу, құда – жегжат болу, балаға ат қою, қыз ұзату, ұлды сүндеттеу, бесікке салу,  жар таңдау, жар – жар, аужар айту, той жасау, өлген адамға ас беру, қонақ күту т.б. толып жатқан жақсы әдет – ғұрыптарымыз жетерлік.

Ендеше басқалардың жат әдет – ғұрпын неге таңсық көреміз. Шариғат жолымен емес, жаман ырымдарға бой ұру, харамға  ауыз салу, жат пиғылдағы дін жолына түсіп, адасқан қандастарымыз, мүлдде дінімен танымы жат елдердің әдет – ғұырптарын талғамсыз қабылдай беру – ұлттық болмысымызға үлкен зардабын тигізетінін жақсы білуміз керек.

«Жаманнан жирен – жақсыдан үйрен» деп халқымыз бекер айтпаған. Бойымызға сіңіп қалған тағы бір жаман әдет өтірік пен ғайбат айту, аманатқа қиянат жасау, жетімнің, жесірдің ақысын жеу, пара беріп, пара алу әдеттерімізді қоймасақ екі дүниеде де жақсы болмаймыз-ау. Жемқорлық – жегі құрт. Бұл дегенің иманнан алыстаған адамның қылығы.

Қазақты исламға сенген ұлттық рух қана құтқара алады. Ал, ұлттық рух пен ұлттық болмыс дегеніміз не? Ол ана сүтімен кірген ана тіліміз, асыл дініміз, тарихымыз, ғасырлардан бері жасап келе жатқан әдет — ғұрпымыз. Қазақ қанша қиыншылық көрсе де тіл мен дінін жоғатпаған халық.

Бүгінде ҚМДБ-ның ұйытқы болуымен діни мерекелерді ұлттық нақыш­­пен үйлестіріп, айрықша атап өту­дің мәдениеті қалыптаса бас­­та­ды. Бүгінде имам-молда­лар тек дін­нің ғана емес, дәс­түр­дің де на­сихатшысына ай­нал­ды. Уа­ғыз­­дарда ақын-жырау­лары­­мыз­­дың тағылымды тұжы­рым­д­ары, өнегелі өлеңдері қоса ай­ты­­ла­тын болды. Айт мереке­лерінде мешіт аулаларында ұлт­тық ойын түрлерінен жамағат ара­сында спорттық сайыстар ұйым­­дас­тыру дәстүрге айналды. Діни бас­қарма жүлдесі үшін жыл сайын палуан­дар арасында қазақ­ша кү­рес­тен рес­пуб­ликалық жарыс өтуде.

Сонымен қатар ҚМДБ дана бабаларымыздың діни сарын­да жазылған мұраларын жинақ­тап, «Дәстүрлі Ислам жауһар­лары» атты кітап шығарды. Он­дағы ақын-жыраулардың, дін қай­­раткерлері­нің өлең-жыр­лары ұлтымыздың ғасырлар бойы ұс­­танып келе жатқан дүние­таны­­мының, адамгершілік қағидат­тары­ның, салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарының төл діні­міз­дің мұраттарымен сай келетін­дігін, екеуінің бір арнада тоғы­са­тындығын көрсетеді. Бұл қазақ халқы ислам дінін толыққанды ұстанған ұлт екенін дәлелдей түседі.

Алаш ардақтысы Ахаң, Ахмет Байтұрсынұлы бір сөзінде былай деген екен: «Қазақтың өлеңді сөзді сүйетін мінезін біліп, дінді халыққа молдалар өлеңмен үйреткен. Дін шарттарын, шариғат бұйрықтарын өлеңді хикая, өлеңді әңгіме түрінде айтып, халықтың құлағына сіңіріп, көңілдеріне қондырған». Елдің жадында қалған қай тұлғаны алсақ та дін мен дәстүрін насихаттап өткен. Текті бабаларымыз Аллаға деген сеніміне сызат түсірмеді. Мұ­сыл­­маншылықты бекем ұс­танд­ы. Ғибратты ғұмыр кеше біл­ді. Алланың берген ақылы мен та­лантын исламды насихаттауға сарп еткен. Олардан қалған білім мен тәрбие ауыз әдебиеті, яғни жыр, айтыс, дастандар арқылы ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отырды.

Біз өз ұлтымызға  кезінде баһадүр бабаларымыз салып кет­кен, кейіннен көмескі тарта бас­та­ған соқпақтың сүлдерін тауып, соны қайтадан сара жолға айналдыруға  ат салысуға тиіспіз.

Қорытындылай айтсақ, әдет-ғұрып діни үкім шығару, яки, пәтуә беру тұрғысынан мұсылман құқығының қайнар көздерінің бірі болып табылады. Әдет-ғұрыпқа мән беріп, оны негізге алу – Ислам құқығының динамизмін, барлық уақытта жергілікті халықтың дүниетанымына сай келетін кеңдігін көрсететін бірден-бір ерекшелігі екендігін білгеніміз абзал.

Алла Тағала елімізге, жері­міз­ге берекетін жаудырып, қазақ топы­рағын түрлі апаттар мен бүлік­тен сақтағай! Тәуел­сізді­гі­міз­дің тұғыры биік, еліміздің егемендігі баянды болғай!

 

Адамжанов Нұрлыбек

Қалалық «Ақмешіт» мешіті