Ғайбат сөйлеу – іштей іріп-шіру
Ғайбат адамдардың сауаптарын жоюда лап етіп, бір-ақ жалмайтын өрттің сумаңдаған тілінен де жылдам» (Хадис)
Ғайбаттың сөздік мағынасы — біреудің сыртынан жағымсыз, жарамсақ сөз айту. Демек, бір адамның бойындағы кемшіліктердің басқа біреуге оның сыртынан айтылуына «ғайбат» делінеді.
Пайғамбарымыз ғайбаттың не екенін ұқтыру үшін айналасындағылардан: «Ғайбаттың не екенін білесіңдер ме?» деп сұрайды. Олар «Алла пен Оның елшісі жақсы біледі» деп сөзді өз аузына салады. Сонда Пайғамбарымыз: «Араларыңыздағы біреуіңіздің ұнамайтын сөздермен өз бауыры жайлы сыртынан айтуы» дегенде: «Егер ол айтқандарымыз оның бойында бар болса, бұл да ғайбат бола ма?» – дейді бір кісі топ ішінен. Сол кезде жамандықты жан дүниесімен жақтырмайтын аса сезімтал Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Егер айтқандарың оның бойында расында бар болса, онда оны ғайбаттаған боласың, егер ол сипаттар онда жоқ болса, онда оған жала жапқан боласың», – деп қалай болғанда да тілді ғайбаттан сақтау керектігін ұқтырған болатын. Демек, ғайбат – ғайбатталған адам сол жерде болып, өзі жайлы айтылғандарды құлағымен естісе ренжитіндей сыртынан айтылған сөздер. Егер ол айтқандары дұрыс болған күннің өзінде, ол – ғайбат болып саналады. Ал егер айтылған нәрселер оның бойында болмаса – әрі ғайбат, әрі жала болып, күнә үстіне күнә жамалмақ.
Ислам діні жеке адам құқығына ерекше мән бергендіктен оның ар-намысын қорғауға басты назар аударған. Ар-намыс – жеке тұлға кісілігінің негізгі тірегі. Ал, ғайбаттау – жеке адам құқына қол сұққанмен бірдей. Сондықтан да бүкіл болмыс ішінен адам баласын халифа етіп таңдаған Аллаһ тағала мұсылмандардың тілін достық пен бауырмашылықты, адами жақсы қатынастарды бұзатын пәлекет ғайбаттан сақтау үшін «Хужурат» сүресінің 12-аятында: «Бір-бірлеріңді ғайбаттамаңдар. Сендердің араларыңнан біреу өлген бауырының етін жегенді ұната ма? Иә, бұдан тіксіндіңдер. Олай болса, Алладан қорқыңдар…» деу арқылы оның қаншалықты жиіркенішті күнә екенін бір-ақ ауыз сөзбен тұжырымдайды. Иә, адамның өз бауырының етін жеуге қалайша дәті барады? Әрі бұл жерде «өліп қалған бауырың» деу арқылы адамды одан бетер тіксіндіре түседі. Ақыл-есі дұрыс, туыстық мейірімі сембеген бір адамның адами, қоғамдық, әрі мәдени тұрғыдан зиянды, сонымен қатар, жиіркенішті мұндай істі жасауы мүмкін емес. Аятта «одан тіксіндіңіз» деу арқылы адам табиғатының бұл істен жиіркенетінін білдіріп тұр. «Олай болса, Алладан қорқыңдар» деу арқылы Алланың тыйым салған жамандығынан бойды аулақ ұстап, жасаған күнәларымыз үшін тәубе етуге шақырады.
Тағы бір аятта Алла тағала:
«Көзің жетпей тұрып, көңіл аударма. Өйткені, құлақ, көз, көңіл бұлардың бәрі көргеніне, естігеніне жауапты» деу арқылы біреу жайлы нақты мәліметке ие болмайынша, ол жайлы жаман ойламауға шақырады.
Басқа біреу жайлы жаман ойлаудың өзі – ғайбаттың жасырын түрі. Бұл суи занн (яғни, араб тілінен аударғандағы мағынасы – жаман ойлау) деп аталады. Тілмен жамандау харам етілгендей, жүрекпен де жаман ойлауға тыйым салынған. Құранда Алла тағала: «Ей, иман келтіргендер, күмәннің көбінен сақтаныңдар. Өйткені, күмәннің кейбірі – күнә» деп бізге жалпы жаман ойламауға бұйырады. Өйткені, жаман ой тек жүректе қалып қоймай, ақиқатқа жеткісі келіп тіміскіленеді. Алла тағала «тіміскілеп сыр іздемеңдер» (Хужурат, 12) деу арқылы басқа мұсылмандардың қателері мен күнәларын іздеуге құлшыныс танытпауға шақырады. Адамға келген жаман ой жүректегі сүйіспеншілікті өшіріп, дұшпандыққа айналдырады. Міне, сондықтан осы аятта ғайбаттау, суи занн, яғни жаман ойлауға және тырнақ астынан кір іздеуге үзілді-кесілді тыйым салынған.
Пайғамбарымыз көптеген хадистерінде қоғамдық өмірімізге зиянын тигізіп, адамдар арасындағы жақсы қатынастарға балта шабатын әрі ақыреттік өмірімізде ауыр азапқа душар ететін – ғайбаттан аулақ болу керектігін үнемі үмбетінің есіне салып отырған. Адамдарды пенделіктен арылтып, кемелдікке бастау үшін жіберілген ислам діні қоғамдық өмірдегі бірліктің берекесін қашырар жаман мінездерден ұзақ болуды насихаттайды. ислам дінінің бұған қаншалықты мән бергенін жете түсіну үшін, Пайғамбарымыздың бұл мәселеде айтқан ескертулері мен тыйымдарына назар аударған жөн.
Хазірет Әнас былай дейді: «Пайғамбарымыз бір күні ауыз бекітуімізді әмір етіп: «Рұқсат етілмейінше ешкім оразасын ашпасын» деді. Кеш қараңғылығы түскен кезде Пайғамбарымыз алдына келгендерге ауыздарын ашуға рұқсат берді. Осы кезде бір кісі келіп: «Уа, Алланың елшісі! Екі жас қыз ораза ұстап, қатты шаршады. Сіздің алдыңызға келуге ұялады, білем. Қарсы болмасаңыз, оразаларын ашсын» деген кезде Пайғамбарымыз рұқсат бермей қояды. Әлгі кісі тағы екі мәрте пайғамбардың алдына келеді. Ақырында Пайғамбарымыз: «Олар ораза ұстаған жоқ. Күні бойы адамның етін жегендердің ауыз- дары қалай берік болады? Оларға айт, ораза тұтқан болса, асқазанындағысын сыртқа ақтарсын, көрейік» дейді. Әлгі кісі Пайғамбарымыздың айтқандарын жеткізді. Олар Пайғамбарымыздың айтқанын орындайды. Пайғамбарымыздың айтқаны айдай келіп, әлгілер қан лоқсиды. Жаңағы кісі Пайғамбарымызға келіп жағдайды баяндаған кезде «Шыбын жанымды құдіретті уысында ұстаған Аллаға ант етейін, егер құспай бұл қан асқазандарында қалғанда оларды жаһаннамның оты жұтар еді» деді. Екінші бір риуаятта әлгі кісі екінші рет келіп: «О, Алланың елшісі, шыдамдары таусылып, аштықтан бұратылып тұр» дейді. Пайғамбарымыз оларды әкелгізіп біреуісіне: «Кәне, лоқсы» деді. Ол қан аралас ірің лоқсиды. Тіпті, ыдыс толып кетті. Екіншісі де дәл солай. Осыдан кейін Пайғамбарымыз «Бұлар халал жолмен ораза ұстады. Бірақ, адамдардың етін жеу арқылы харам жеді» деген-ді.
Міне, жоғарыда «Хужурат» сүресінің 12-аятында айтылғандай, ғайбаттың адам етін жеумен бірдей жиіркенішті екенін Пайғамбарымыз үмбетіне осылайша үйреткен болатын.
Айша анамыздың айтуынша, бір күні өзі біреу жайында сөз еткен екен. Пайғамбарымыз оған «түкір» дейді. Хазірет Айша түкірген кезде аузынан бір түйір ет түскен.
Әбу Һурайраның (р.а.) жеткізген бір хадисінде Пайғамбарымыз (с.а.с.) «Кімде-кім дүниеде мұсылман бауырының етін жесе (ғайбаттап, өсектеп) қиямет күнінде ол адамның еті оған ұсынылып «Оның өлі етін же. Өйткені, сен тірі кезіңде оның етін жегенсің» делінеді. Пайғамбарымыз осыны айтқаннан кейін «Сендердің араларыңнан біреу өлген бауырының етін жегенді ұнатады ма?» деп «Хужурат» сүресінің 12-аятын оқыған екен.
Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Алла бір мұсылманға екінші мұсылманның қанын, малын және ар- намысын харам қылды» , – дейді. Яғни, бұл жерде заттық зияннан өзге, сөз арқылы біреудің ар- намысына тиіп, көңіліне қаяу түсіретін әрекеттің де харам етілгендігі айтылған.
Басқа бір хадисінде Пайғамбарымыз: «Пайыздың (риба) ең жаманы нақақ мұсылманның ар- намысына тиіп ренжіту», – дейді. Бұл жерде біреудің ар-намысына тиіп ренжіту де ғайбатқа жатады. Ғайбаттың соншалықты ауыр күнә болуының астарында, адамға мал-мүліктен гөрі ар-намыстың қымбат болуы жатыр. ислам діні адам баласына басты мән беріп, оны бүкіл жаратылыс атаулыдан ардақты қылған. Пайғамбарымыздың ғайбатты пайызбен теңеуінде терең мән бар. Өйткені, дінімізде пайыздық өсім – ең көп датталған, одан бойды аулақ ұстау керектігіне басты назар аударылған ауыр күнәлардың бірі. Құранда «пайыз жеген адамдардың қиямет күнінде қабірлерінен шайтан соққан адамдардың есеңгіреп орындарынан тұрғанындай көтерілетіндері… Пайызды адал санағандарды Алла тағала жақсы көрмейтіндігі» айтылады (Бақара, 275-276). Олай болса, жоғарыдағы хадис ғайбаттың бұл жиіркенішті күнәдан да ауыр болатынын баяндап тұр.
Исламда ғайбаттың, сөз тасып, жала жауып өсек айтудың датталу себебі, қоғамдық өмірдегі бірлік пен берекетті, адамдар арасындағы жылылықты жоятындығында жатыр. Тән жарасынан гөрі жан жарасының жазылуы қиын. Пайғамбарымыз:
«Ғайбат зинадан да ауыр күнә» деген кезінде қасындағылар «Қалайша, уа, Расулаллаһ?» деп сұрайды. Пайғамбарымыз: «Кісі зина жасайды, сосын тәуба етеді, Алла оны кешіреді. Ғайбат жасаушы жамандаған адамы кешірмейінше кешірілмейді», – дейді. Сондықтан адамның жүрегін жаралап, рухына дақ салатын ғайбат кісінің жеке құқығына қол сұғуға жататындықтан, оны тек қана ғайбатталған адам ғана кешіре алады. Құл ақысын Алла тағала емес, тек құлдың өзі кешіреді. Пайғамбарымыз сондықтан кісінің бүкіл жақсы амалдарын тып-типыл ететін ғайбат сөзден әркез сақ болуды ескертеді.
«Құлақтан кірген суық сөз, көңілге барып мұз болар» демекші, біреудің сыртынан айтылған сөздер жүрегімізге жара салып жаман сезімнің, өшпенділіктің тууына жол ашады. Қайсыбір мұсылманның Алла тағаланың құзырына өз бауырына деген жағымсыз не ренішті оймен аттануы, әрине, жақсылықтың нышаны емес. Сондықтан да адамзатқа ұстаз етіп жіберілген Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Ешкім сахабаларым жайлы жанға жағымсыз сөз айтпасын. Өйткені, мен алдарыңа ішімде ешқандай жаман сезімсіз шыққым келеді», – деген. Әрине, Пайғамбарымыздың осындай даналық тұжырымдары — біздер үшін де үлгі.
Тырнақ астынан кір іздеп, басқа біреудің кемшіліктерін тізбектеп отыру да адамды ғайбатқа жетелейді. Сондықтан Алла: «Бір-бірлеріңнің кінәларыңды тіміскілеп іздемеңдер», – десе, Пайғамбарымыз (с.а.с.) : «Ей, тілімен иман келтіріп, жүректерімен сенбегендер! Мұсылмандардың сыртынан сөз айтып, кемшіліктері мен кінәларын тізбелемеңдер. Кімде-кім мұсылмандардың құпия халдерін іздесе, Алла тағала да оның кінәларын ашады, тіпті, үйінде тығылып отырған күннің өзінде оны жұртқа масқара қылады», – деп ескертеді. «Жаңыл-майтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ», пенде болған соң адамның күнә жасауы мүмкін. Біздің міндетіміз – діндес бауырларымыздың күнәсін барынша жасырып, жария етпей, қайта оның сол кемшіліктер мен күнәлардан арылуы үшін қол ұшын созып, тілекші болу.