Бұл өмірдің соңы-шексіз өмірге өту

0

 

Біз бұл дүниеге не үшін келдік?

Бізге міндеттелген істі атқаруға келдік. «Келдік» деу дұрыс емес шығар, жіберілдік. Өйткені, келу біздің қолымызда тұрған нәрсе емес, кету де солай…

Бізді бұл жерге кім жіберсе, бір күні келіп бұл жерден арғы жаққа да шақырады, бізді қасына алады. Бізді бұл жерде тұрғызбайды. Өйткені біз бұл жерде қонақпыз. Сосын уақытымыз бітіп, кетеміз. Бізді бұл әлемге жіберген Жаратушы өмір сүрген кезімізде міндеттерімізді белгілеген, не істейтінімізді баян еткен.

Бұл жерде қандай қызмет атқарамыз?

 Бір сөзбен айтқанда, құлшылық. Яғни, ғибадат. Алла нені бұйырса, соны жасау, неге тиым салса, содан аулақ болу. Мысалы, фабрикада бір ай жұмыс істейміз, жалақыны айдың соңында аламыз. Егістікте, бақшада жаз бойы жұмыс істейміз, өнімін кейде қыста аламыз, кейде келесі жылы аламыз. Бір жұмыс орнын ашамыз, қаржы саламыз,нәтижені көп уақыттан кейін аламыз. Демек, дүниеде де жұмыс істеудің нәтижесі, еңбектің  қайтарымы жұмыс біткенде беріледі.

Материалдық жұмыста дүниелік істердегі жағдай осындай. Ақыретке тән істер де осыған ұқсайды. Дүниеде Алланың бұйрықтарын орындаймыз, ғибадаттарымызды жасаймыз, ал қайтарымын арғы дүниеде ақыретте аламыз. Өйткені, дүниенің соңы ақырет болып табылады. Бұл өмірдің соңы-шексіз өмірге өту.