Біздің арамызда да осындай достық болса, шіркін…
Мәшһүр хадис ғалымдарынан Уақиди (Оған Алланың рахметі болсын) хикаялайды:
«Бір кездері ақшасыз қалып, әбден қарызданған едім. Айт мейрамы да жақындаған болатын. Әйелім шағымданған үнмен: «Бізді қойшы жоқшылыққа әйтеуір сабыр етерміз. Бірақ мына балаларымыздың халі не болмақ? Олар көршілердің балаларын сәнді, мінсіз киімдерімен көреді. Біздің балалардың болса мына тозығы жеткен, жыртық киімдері ғана бар. Бұлардың киімдеріне жарататын қаражаттың қамын қарастырсаңыз»,-деді.
Сол бойда Хашими деген досыма барып, жағдайымды айтып, көмектесуін сұрадым. Ол маған мың дирхем (күміс ақша) салынған аузы мүһірлі қалтаны берді. Ол жерден шығып келе жатқанымда басқа бір досыммен кездестім. Ол да маған шұғыл ақшаға қажеттілігі бар екенін айтты. Мен қолымдағы мүһірлі қалтаны оған бердім. Әйелімнен ұялғанымнан ол түнді мешітте өткіздім. Таңертеңгісін үйге барып, болғандарды айтқанымда, әйелім менің бұл ісімді жақсы қабылдады, мені жазғырмады. Мен осылай шарасыз күйде отырғанымда досым Хашими әлгі мүһірлі қалтамен шыға келді. «Шыныңды айтшы менің саған берген ақшамен не істеп едің?»,-деді. Мен басымнан өткендерді айтып бердім. Сонда ол маған: «Сен менен көмек сұрап келгеніңде саған берген мына ақшадан басқа ешнәрсем жоқ еді. Өзімнің де қажеттіліктерім бар еді. Сен кеткеннен кейін қарызға ақша табу үшін сыртқа шықтым. Біраз жүргесін досыммен кездестім. Оған жағдайымды айтқанымда ол да маған мүһірлі қалта берді. Сөйтсем сен бұл ақшаларды оған берген екенсің»
Осылайша ақшалар еш жаратылмастан үш қолда айналып бастапқы иесіне қайта келген болды.
Уақиди(Оған Алланың рахметі болсын) былай деп жалғастырды:
«Бұл болған оқиға халифа Мәмнунға жеткенде мені шақыртып жағдайды сұрады. Мен болғандарды айтып бергенімде мен үшін жеті мың динар айлық берілуін әмір етті. Әрбіріміз үшін екі мың динардан және біздің әйел үшін мың динардан айлық жазды».