Биыл Астанада терроризм бойынша 9 жалған ақпарат тіркелген

0

Жыл басынан бері Қылмыстық кодекстің «Терроризм актісі туралы жалған хабарлама» бабы бойынша 9 қылмыстың фактісі тіркелді. Бұл туралы Астана қаласының полиция департаменті хабарлады.

«Күдіктілер құрықталып, қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Жарылғыш құрылғы туралы хабарлама түске кезде, барлық төтенше жағдайлар қызметтерінің күші жұмылдырып, полиция жедел-іздестіру шараларын жүргізуді бастайды. Кәмелеттік жасқа толмағандар оқу үрдісіне кедергі келтіру үшін немесе ересектер мас күйінде аталмыш әрекетке баруы ықтимал. Бірақ олар саналы түрде әрекет еткендіктен, жаза өте ауыр болуы мүмкін»— делінген хабарламада.

2018 жылдың 12 шілдесінен бастап Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің «Террорлық актіге дайындық туралы жалған мәлімет» бабына түзетулер енгізілді. Террористік актіге қатысты қасақана жалған хабарлама таратушы 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылып, немесе 5 мың АЕК мөлшерінде айыппұл төлейді.

«Сонымен қатар, жұмыс режимі бұзылғандықтан, мекемелер, кәсіпорындар мен ұйымдар миллиондаған шығынға ұшырайды. Сондай-ақ, жалған ақпаратты тексергенде, шынымен қиындыққа тап болған адамдарға уақытылы көмек көрсете алмай қалу қаупі бар» – дейді полиция қызметкерлері.