Бала тілінің уақытында шықпауының себебі неде? / Мейірмангүл АМАНҒАЛИҚЫЗЫ

0

Екінші баламның тілі кеш шықты. 1-ден асса да, «мама» деген сөзден басқа ештеңе айтпайтын. Дабыл қағып, қаламыздағы бүкіл невролог дәрігерлердің есігін тоздырдым. Кеш сөйлеуіне бірден-бір себеп уақытынан бұрын 34-аптада дүниеге келуі еді. Қазір, Аллаға шүкір, қазір жасы 5-тен асты. Үйде ең көп сөйлейтін сол.


Негізі баланың сөйлеу қабілетіне кері әсер етіп, оны бұзатын себептер көп:

 

  •  Бала құрсақта жатқанда анасының түрлі аурулармен ауыруы;
  • Көп уақыт бойы емізік емген баланың таңдайының дұрыс қалыптаспауы;
  • Шошынудан тұтығу пайда болуы секілді себептер тізіліп кете береді.
  • Телефон, теледидарға телмірген баланың да тілі кеш шығатынын мамандар айтудай-ақ айтып жүр.

Бала тілінің уақытында шығуына ата-ана тәрбиесінің маңызы зор.

1. Біздер бүгінде балаға ойдағыдай көңіл бөлмейміз, күнкөріс қамымен жұмысбасты болу, одан қала берді күнделікті бітпейтін күйбең тірлік біздің балаға мойын бұруымызға мұрша бермейді.

  • Бала 1 жаста 10-15 сөзді айта алатын қабілетке ие болу қажет екен.
  • 2 жаста 300-дей сөзді айта алу керек.
  • 3 жастан асқан кезінде еркін әңгімелесетін шамада болуы қажет. ⠀

Ал бізде не дейді? 3-4 жастан асып кетсе де, сөйлемеген баланы «ер баланың тілі кеш шығады» немесе «еркелігі ғой» деп, мән бермейді. Жалпы мамандар бала құрсақта жатқанда-ақ баламен сөйлесуді бастау керек дейді.  Дәстүріміздегі бесік жырын айту дәстүрі де текке болмаса керек.

2. Баламен кішкентайынан жиі сөйлесу керек. Тілі шықпаған бала түсінбейді ғой деп ойлаймыз. Орыстарды көресіз бе, бала түгіл итімен тілдесіп бара жатады. Кіп-кішкентай балалары пысық боп тұрады ғой. Бала түсінбесе де, үлкендердің айтқанын қайталап жаттығады. Соған ұқсас дыбыстар шығара бастайды.

3. Балаға сөзін толық айтуға, ойын анық жеткізуге мүмкіндік бермейміз. «А-а-а» деп жатса, «алма ма, мә» деп бере қоямыз. Өйткені арыға шыдамымыз жетпейді. Күтіп, тыңдап отырғымыз келмейді. Уақытымыз тапшы ғой.

Бала тәрбиесімен айналысатын бір үлкен кісінің: «Бүгіннің балалары ет жемейді, сүйек мүжімейді. Бір қарағанға, күлкілі көрінер, бірақ сүйек мүжудің тілдің шығуына үлкен септігі бар. Бұл кезде ауыз қуысының бұлшық еттері шира
п, баланың артикуляциясы жаттығады», — деп айтқанын оқығаным бар еді. Сөзінің жаны бар сияқты. 

4-5 жасқа шыққан баланың физикалық сөйлеу қателіктері толығымен жойылады екен. Дегенмен баланың тілі кешуілдеп жатса, оған жайбарақат қарамай, көбірек көңіл бөліп, мамандарға көрсеткен артық етпейді.