Бас мүфти «Жусан» операциясына қатысты пікір білдірді

0

Астана. 14 қаңтар. KAZISLAM – Жуырда Сирия мемлекетінде жүргізілген «Жусан» операциясының нәтижесінде елге оралған Қазақстан азаматтарына қатысты ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз пікір білдірді.

«Qazaqstan» ұлттық арнасының «Аpta» бағдарламасына сұхбат берген Бас мүфти:

-Расында Елбасының қамқорлығымен жалған үміттер мен жалаң ұрандардың, шариғатқа қайшы сенімдердің құрбаны болған 47 Қазақстан азаматы қантөгістің аймағы болып, озбырлықтың ошағына айналған Сириядан қайта оралды. Мемлекетіміз қай кезде болмасын азаматтарын кез келген жерде қорғауға күш салып келеді. Бейнелеп айтқанда осы 47 азаматымызды мемлекет жер бетіндегі тамұқтан құтқарып қалды. Қазақта «Ораза, намаз тоқтықта…» деген сөз бар. Дін де тоқшылықта, бейбіт кезеңде ғана өркендеп отырады. Құлшылыққа да, тіршілікке де тыныштық керек. Осыны естен шығармауымыз керек,-дейді.

Сондай-ақ, ол «Сириядан оралған азаматтарымыз қоғамға бейімделе ала ма?» деген сауалға:

-«Адасқанның айыбы жоқ, үйірін қайта тапқан соң» дейді бабаларымыз. Мемлекетіміз қамқорлығына алып, оларға материалдық және моральдық көмек көрсетіп жатқанда, біз келіп оларды шеттетсек, қиянат болар еді. Сондықтан, жалған діни наным-сенімнің жетегінде кетіп, кейін өкінген, ортамызға оралған азаматтарымыздың қоғамға бейімделіп кетуіне әрқайсымыз күш салуға тиіспіз,-деп жауап берді.








Дереккөз: http://kazislam.kz/