Әр жан дәл осылай есепке тартылады

0

Бір күні Мұса (ғ.с.) Алла тағалаға:

— Иә, Рабби! Әділетіңді көруді қалаймын, — деп жалбарынды. Алла Тағала Мұсаға (ғ.с.):

— Иә, Мұса! Ана бір таудың етегіне барып отыр. Сол жерден әділетімді көресің, — деп жауап қайтарады.

Мұса (ғ.с.) барып, сол таудың етегіне отырды. Қараса, ұшқан құс көрінбейтін, тірі жан жоқ, құлазыған бір шөл дала. Мұса (ғ.с.):

— Иә, Рабби! Бұл жер тірі жан жоқ, шөл дала. Бұл арадан Сенің әділетіңді қалай көремін? — дейді. Алла тағала:

— Иә, Мұса! Сабыр ет. Әділетім бұл арада, осы бір шөлді жерде қалай көрініс табатынына қара! — дейді.

Мұса (ғ.с.) жан-жағына қарап отырғанда, аяқ астынан бір салт атты адам көрінеді. Ол жүрген бойы келіп, таудың етегіндегі бұлақтан атын суарады. Өзі де атынан түсіп, бұлаққа беті-қолын жуады. Сол сәтте белінен алтын толы дорбасын шығарып, бұлақтың жағасына қояды. Жуынып-шайынып болғаннан кейін атына мініп, келген жағына карай құйғытып шаба жөнеледі. Алтын толы дорбасын бұлақтың басында ұмыт қалдырады.

Көп өтпей, бұлақ басына бір бала келеді. Ол да бұлақтан су ішіп, беті-қолын жуады. Кетерінде әлгі аттылының қалдырған дорбасын көреді. Бала дорбаны алып, секіріп ойнап, ол арадан алыстап кете барады.

Осы кезде қолындағы таяғымен тасты тықылдатып, бір соқыр шал шыға келеді. Ол да су ішіп, бұлақтан біраз ұзай бергенінде, дорбасын ұмыт қалдырған аттылы құйғыта шауып, қайтып оралады. Дорбасын қалдырған жерді әрі-бері қарап, ештеңе таба алмайды. Жан-жағына қарағанда, таяғымен тасты тықылдатып кетіп бара жатқан соқырды көреді. Артынан қуып жетіп, оның жағасына жармасып:

— Дорбамды тауып бер, — дейді. Соқыр:

— Құдайым-ай! Қайдағы дорба? Мен ешқандай дорбаны көрген емеспін, — десе де, аттылы оған сенбейді.

— Сенен басқа бұл жерде ешкім жоқ. Алтын салған дорбамды сен алдың, — деп соқырды қылғындырып өлтіреді. Мұса (ғ.с.):

— Иә, Раббым! Менің бұл көргендерім әділет емес, зұлымдық. Өйткені дорбаны алған соқыр емес еді ғой? — деп жалбарынады. Алла тағала:

— Иә, Мұса! Бұл көргендеріңнің бәрі — менің әділетім. Аттылыға дорбаны ұмыттырдым. Бала келіп, дорбаны тауып алды. Дорба баланың хақы еді. Аттылы баланың әкесінен кезінде осы дорбадағы алтынның мөлшеріндей ақша алған-ды. Баланың әкесі өлді. Аттылы ешкім білмейді деп баланың әкесінің алашағын қайтармады. Соқыр кезінде аттылының әкесін өлтірген еді. Оны көрген еш куә жоқ болатын. Адамның өлімі осылайша ұмытылған-ды. Қанішер алшаң басып жүрді.

Иә, Мұса! Сен әділетімді қаладың. Міне, бүкіл әділетім осылайша көрініс табады. Ешкім иләһи әділетімнен құтыла алмайды.

Бала хақын алды. Аттылы әкесінің кегін алды. Қысасқа қысас болды. Иләһи әділетім өз орнын тапты. Әр жан дәл осылай есепке тартылады.