Ақтөбеде терроризмді насихаттаған азамат 8 жылға сотталды
Астана. 26 желтоқсан. KAZISLAM – Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 32 жастағы Әлімжан Тұрмановқа сот үкімі шықты. Ол терроризмді насихаттап, топ құрғаны үшін айыпталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі.
Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында сотталушы Ә.Тұрмановқа қатысты іс жабық өтті. Сотталушыға Қылмыстық кодекстің «Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру», «Терроризмдi насихаттау немесе терроризм актiсiн жасауға жария түрде шақыру», «Террористiк топ құру, оған басшылық ету және оның әрекетіне қатысу» баптары бойынша айып тағылды. Бүгін үкім ашық оқылды.
«1986 жылы туған Әлімжан Тұрманов бұрын сотталмаған, ажырасқан, жұмыс істемейді. Ол – Ресей азаматы. Тұрғылықты жері – Орынбор облысының Ясненский ауданы, Аласай ауылы. 2018 жылдың 11 қыркүйегінен бері қамауда отыр. Ә.Тұрманов Қылмыстық кодекстің «Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру», «Терроризмдi насихаттау немесе терроризм актiсiн жасауға жария түрде шақыру», «Террористiк топ құру, оған басшылық ету және оның әрекетіне қатысу» баптары бойынша айыпты деп танып, 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Жазасын қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі жоғары мекемесінде өтесін» деді судья А.Сабыров. Сот отырысы кезінде оқиғаның мән-жайы толық айтылмады.
Дереккөз: http://kazislam.kz/