Әмеңгерлікке дін не дейді? Жеңгесін әмеңгерлікке алуы харам ба?

0

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Дін Ислам бойынша, әлдекімнің ағасы не інісі қайтыс болған жағдайда оның артта қалған жесірін бауыры некесіне алуына рұқсат. Мұны қазақта «әмеңгерлік» дейді. Бастысы әйел кісі ең аз 4 ай, 10 күн иддәт мерзімін күткен болуы керек және әмеңгерлік некесі өзара ризашылықпен жүзеге асуы тиіс (әдеттегідей неке қиылады).

Бұнымен қатар, әйел кісі некесіне алушының зайыбының жақын туысы болмаған болуы шарт. Мұсылманшылық неке шартында ешкім әйелінің үстіне оның (әйелінің) туған не нағашы яки немере әпке-сіңлісін некесіне ала алмайды. Құранда: «Екі қыз туысты бір некеде ұстауларың арам қылынды», — делінеді.

Және айта кету керек, Ислам шариғатында әлдекім өз ұлының және немересі мен шөбере-шөпшегінің жесірін (не ажырасқанын, яғни келінін) әйелдікке ешқашан ала алмайды. Құран Кәрімде былай делінген: «Бел балаларыңның әйелдері сендерге (некелесуге) арам қылынды…»[1].

Сондай-ақ, әлдекім өзінің әкесінің не атасының (өз атасының, нағашы атасының) жесірін немесе талақ берген әйелін (яғни, өгей ана, өгей апа) некелей алмайды. Бұған қатысты Құран Кәрімде былай деп бұйрады: «Әкелерің некелеген әйелдерді өз некелеріңе алмаңдар. Өткен өтті. Бұл бір арсыздық және жиренішті жаман жол еді»[2]. 

Абдусамат Қасым

islam.kz