Әйел бағынбаса ұру керек пе? / Шәмшат ӘДІЛБАЕВА

0

Ерінің әйеліне қол сілтеп қалуы – ықылым заманнан келе жатқан, қанымызға сіңген сорақы қасиеттердің бірі. Ұрыс-керістің соңы балалардың құтын қашырып, әйелін соққыға жығумен бітеді. Шаңырақта шыққан топалаң шудан кейін, үсті-басы көк ала қойдай боп, әлсіздігіне налып сыңсып жылаған әйел үйде қалса, көзі қанталаған еркек есін жинай үйінен ытқып шығады. Қанша таяқ жесе де, кейбір әйелдер «балаларымды әкесіз қалдырмайын» деп өз-өзіне басу айтса, кейбіреулері «мұндай қорлыққа қашанғы төзуге болады» деп, заттарын жинап төркініне тайып тұрады.

Бәрінен бұрын еркектің өз ісіне өкінудің орнына әйелін сабауды Ислам дінінің қағидаларынан іздеп өзін ақтайтындардың болуы өкінішті. Дінді дұрыс түсінбеген шала мұсылмандардың «дінімізде әйелді ұруға рұқсат берген» деуі, өздерінің дөрекіліктеріне тапқан сылтаулары ғана. Рас, «Ниса» сүресінің отыз төртінші аятында әйелді ұруға болатындығы айтылған. Бірақ денеге зақым келтіре соққылау немесе соңы ажырасуға алып баратындай таяқтау емес. Отбасын сақтау жолында айтылған осы аятқа кеңінен тоқталайық. Аятта Ұлы Жаратушы былай дейді:

«Әйелдеріңнің мойынсұнбауынан (күнә істеуінен) сезіктенсеңдер, алдымен, оларға ақыл айтыңдар. Кейін (ақыл айтқаннан нәтиже шықпаса,) олардан бөлек жатыңдар. Сонан кейін (онда да қоймаса,) ақырындап ұрыңдар. Егер бағынса, оларға жамандық жасаудың жолын іздемеңдер. Әлбетте, Алла ең үстем, ең ұлы».

Аяттағы «мойынсұнбау» сөзі – арабша «нушуз» деген сөзбен берілген. Бұл сөз күйеуінің ар-намысын аяққа таптаған, мүлде сөз тыңдамайтын, қашанда күйеуіне қарсы келіп, үнемі ұрыс-керіс шығаруға дайын тұратын көк долы әйел деген мағынаға келеді. Демек, әйел осындай сипатта болғанда ғана оны тәрбиелеу мақсатымен қол көтеруге рұқсат етілген. Бірақ мұндай жағдайдың өзінде бірден ұру емес, тәрбиені ақыл-кеңес пен насихаттан бастау керектігі айтылған. Ислам діні келмей тұрып араб қоғамында әйелге қол көтеру кең тараған әдет еді. Тіпті әйелді бір жері жазым болғанға дейін ұрып-соғу үйреншікті дағды болатын. Себебі олар әйелді адам қатарына қоспайтын. Мұны хазірет Омар (р.а.) былай баяндайды: «Алла Тағаланың әйелдер үшін айтқан үкімдері келгенге дейін (яғни жаһилия кезеңінде), біз оларды адам қатарына қоспайтынбыз»[1]. Бұл кездері арабтарда ғана емес, барлық елдерде әйелдер таяқтан көз ашпайтын. Алла Тағала Ислам діні арқылы осы жаман әдетті тыйып, әйелдеріңді дереу тепелей жөнелмеңдер, алдымен оларға насихат айтыңдар, тыңдамаса, төсекте бөлек жату арқылы жазалаңдар, сонда да қоймаса аздап, жанын ауыртпайтындай етіп ұруға болады деген. Рас, алдымен ақылға салып түсіндіру керек. Егер күйеуі шын көңілімен жанашыр ретінде әйеліне ескерту жасап, оның жаман қылықтарының қаншалықты зиянды екенін түсіндіре білсе, Алла Тағалаға иман ететін, мұсылмандықты ұстанатын әйел тәубасына келіп, күйеуінің сөздерінен-ақ тыйылуы әбден мүмкін. Себебі кез-келген мұсылман жасаған қателіктері үшін о дүниеде Алла Тағаланың алдында жауап беретінін біледі. Пендешілікпен кейде мұны бір сәтке естен шығарып алуы мүмкін. Егер оған құлақ аспаса, екінші сатыдағы тәрбие әдісі ретінде отағасына әйелін төсекте жалғыз қалдыру жазасы айтылған. Мұнда да Ислам ғұламаларының мәлімдеуінше, отағасы әйелін жалғыз  қалдыру үшін үйін тастап кете алмайды. Тіпті басқа бөлмеге де барып жатуына болмайтындығын айтқандар да бар. Себебі ерлі-зайыптылардың арасындағы келіспеушілік оты отбасының өзге мүшелерін де шарпымауы керек. Яғни балалары мен отбасының басқа мүшелеріне араларындағы келіспеушілікті сездірмегені жөн. Әйелді төсекте жалғыз қалдырып жазалау дегеніміз – күйеуінің төсекте теріс қарап жатуы. Осылай бірнеше күн байқап көруі тиіс. Себебі әйел заты әрдайым сүйікті болуды қалайды. Ал күйеуі жүзін бұрмай, төсекте теріс қарап жатса, әйел еріксіз ойға беріліп, өзінің қателіктерін түсінуі мүмкін. Пайғамбарымыз (с.а.у.) да жұбайларымен арасында осындай бір келеңсіз оқиға болған кезде (Тахрим оқиғасы) қырық күн бойы олармен тілдеспей қойған. Оларды тәрбиелеу үшін жұдырығын ала жүгірмеген. Пәк аналарымыз да ол кісінің ешқашан қол көтермегенін айтады. Пайғамбарымыз (с.а.у.) отбасында болған мәселелерді күшіне жүгінбей-ақ, әрдайым ақылмен, парасатпен шеше білген еді.

Аятта тәрбиелеу әдісінің ең соңында барып қол көтеру айтылған. Онда да қолдың қышуы қанғанша соққылау емес, жеңіл түрде ұруды меңзеген. Бұл ананың шектен шығып бара жатқан баласын құйрықтан ұрғаны секілді болса керек. Себебі осы аятты хадис арқылы түсіндірген Алла елшісі (с.а.у.) былай деген: «Әйелдеріңмен жақсы қарым-қатынаста болыңдар. Себебі олар сендерге берілген аманат. Ашық түрде жаманшылық жасамайынша, оларға жақсылық жасаудан басқаға құқықтарың жоқ. Егер олар жамандық жасаса, төсекте жалғыз қалдырыңдар және жай ғана ұрыңдар. Осыдан кейін сендерді тыңдаса, тағы да ұру үшін сылтау іздемеңдер. Біліп қойыңдар, сендердің әйелдердің алдында ақыларың секілді, олардың да сендердің алдарыңда ақысы бар. Төсектеріңді басқаға таптатпау, қаламаған кісілеріңді үйлеріңе кіргізбеуге құқықтары бар. Әйелдеріңнің алдындағы міндеттеріңнің бірі – киім-кешек пен азық-түліктерін қамтамасыз етулерің»[2].

Осы хадиске сүйене отырып, сахаба Абдуллаһ ибн Аббас (р.а.) тек қана тіс тазалайтын мисуак және соған ұқсас нәрселермен ғана ұруға болатынын, ал таяқ және темір секілді қатты нәрселермен ұруға болмайтынын айтқан[3]. Тағы бір ескерер мәселе, хадисте «ашық түрде жаманшылық жасамайынша» деу арқылы Пайғамбарымыз (с.а.у.) әйелдің жамандық жасағанына анық көз жеткізгеннен кейін барып жазалау керектігін, яғни істің ақ-қарасын анықтамай, алып қашпа сөздерге сүйеніп әйелді жазғыруға болмайтынын мәлімдеген.

«Аюға намаз үйреткен таяқ» деп сәл жаза басса, көк ала қойдай етіп сабауды Алла Тағаланың да, сүйікті Пайғамбарымыздың да (с.а.у.) қолдамайтыны, тіпті, бұған қатаң түрде тыйым салғаны айдан анық. Алла елшісі (с.а.у.) мұны бірнеше хадистерінде былай деп баяндаған: «Әйелдеріңді күндіз малша сабап, түнде еш ұялмастан қасына қалайша жатасыңдар?»[4], «Сендердің ең жақсыларың әйелімен жақсы қарым-қатынаста болғандарың»[5], «Әйелдермен тек жақсы адамдар ғана жақсы қарым-қатынас жасайды», «Ең жақсыларың – әйеліне, қыздарына жақсы қарағандар».

Ислам діні сол кезеңде қоғамда кеңінен жайылған әйелге қол жұмсау әдетін жақтамаған, керісінше, оның орнына басқа тәрбие әдістерін ұсына отырып, біртіндеп қоғамнан ысырып тастауды көздеген. Ұруға рұқсат берген аятта да мұсылман ғұламалары аятта айтылған сөздер мен хадистерге сүйене отырып жасаған тәпсірлерінде ұрудың себебі мен ұру әдісін жоғарыдағыдай түсіндірген. Ал шамадан тыс ұрып жіберсе, әйелінің ақысы мойнына жүктелетінін, бұның ақыретте ең үлкен күнәлардың бірі болып есептелетінін айтқан. Осылайша, мұсылмандардың орынсыз әйеліне қол көтеруіне тыйым салған. Мұндай үкімнен кейін мұсылмандар да әйелге қол көтеруді бірте-бірте доғарып, о дүниеге кісі ақысын арқалап барудан қорыққан. Абдуллаһ ибн Омар (р.а.) бұл жайында былай дейді: «Біз Пайғамбарымыздың (с.а.у.) кезеңінде ісімізге қатысты уахи (Құран аяттары) келіп қалмасын деп қорыққанымыздан, әйелімізге ұрсудан, олардың ақысын аяққа таптаудан және оларға дөрекілік көрсетуден барынша тартынатынбыз»[6].

Ал, статистикаға сүйенсек, әйелге қол көтеру саны мұсылман елдерінен гөрі батыста басымырақ көрінеді. Сондықтан батыс елдерінде әйел құқығын қорғау үшін көптеген ұйымдар құрылған. Америкалық атақты феминист проф. Темма Каплан бұл елде әйелдердің 50 пайызы күйеуінің соққысына жығылады деген дерек ұсынады. Оның мәлімдеуінше, әйеліне ең көп жұдырық сілтейтіндер дәрігерлер, адвокаттар, одан кейінгі орынды фирмаларда жұмыс істейтін жоғары лауазымды қызметкерлер екен. Көріп отырғанымыздай, әйелін тепкінің астына алатындар қара танымас біреулер емес, бәрі де жоғары білімді, мәдениетті кісілер. Демек, Құран үкімдерін және хадистерді дұрыс түсінбеген мұсылмандардың әрекетіне қарап, Ислам діні әйелге қол көтеруге жол ашқан деу ешқандай қисынға сай келмейді.

Халқымыздың «Әйелді бастан, баланы жастан» деген мақалында, Исламның тәрбие үрдісі негізге алынған. Себебі, Ислам дінінде отағасы отбасы үшін жауапты. Сондықтан, ол отбасының тәрбиесіне де қатты көңіл бөлуі тиіс. Бұл үшін ол үйленген сәтінен бастап, өзінің әрі жұбайының жақсылыққа қарай ұмтылуына жағдай жасап, соның жолдарын қарастырып, Ислами тәрбиемен мінез-құлықтарын көркейтуге барын салулары қажет. Яғни, әйеліне қатаң жаза қолданатындай жағдайлардың әу бастан алдын алып, отбасының шырқы бұзылмай тұрып тәртіп орнатқаны жөн. Бірақ ата-баба даналығын өздерінің пасық пиғылдарына бүркеншік еткен кейбір адамдар бұл мәтелді «ұрып-соғудың» айналасынан алыс түсіне алмаған.

Жалпы, ер адамның әйелге қол жұмсауы – оның әлсіздігінің дәлелі. Қара күшке тек надандар ғана сенеді. Ал өзінен күшті біреу табылса, алдында емпеңдей кетеді. Бір істің ақ-қарасын айыруға байып пен төзім керек болса, сол сабырға жету үшін тәрбие керек. Әркім өзін тәрбиелесе, өзіне күші жетсе, кінәні өзінде деп білсе өмір қалай болар еді? Басқа біреудің кемшілігін айтып шағымданбас бұрын адам өз ісін бағамдау керек емес пе? Еркектер көбінесе «менің әйелім» деп иемденіп, қол көтереді. Сүйген жарының, керегесіндей сүйенер кемеңгерінің бұл қылығы әйелге ауыр келеді. Біреу кеңдігімен, біреуі кешірімділігімен, енді біреуі бала үшін шыдап бағады. Әйтсе де, әр сөздің ауыртпалығы жүректе сақталады, денедегі таяқ ізі кетсе де жүректегі ізі кетпейді. Жұбайлар арасындағы сыйластық сол алғашқы таяқтан-ақ жоғалары сөзсіз. Әйелдің еріне сеніммен қарауы көзден бұл-бұл ұшады. Біреуі қорыққандықтан көнсе, енді бірі көз жұма қарап төзсе, шыдай алмағаны кетіп тынады. «Шыдау» деген сөздің өзі қандай қорқынышты. «Өмірлік серігіңе, жарыңа шыдау» деген, адамның өмір бойы еңсесі бір көтерілмей өту дегенмен бірдей емес пе? Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір күні сахабаларына «Адамдардың ішіндегі ең жаманы әйелі мен балаларына жайсыз адам» – дейді. Сахабалар: «Бұл қалай болмақ?» – деп сұрағанда: «Ол үйге келгенде әйелі үркіп, балалары қорқып қашады» деген екен. Бір төсекке бас қойып, артынша аяусыз таяққа жығып отырса, әйелдің жан-дүниесі астан-кестең болары ақиқат. Оны көрген бала да жауыздықтан жиіркенбей өспей ме?! Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Балаңызға арнаған ең үлкен жақсылығыңыз – оның анасын сүйгеніңіз», – деген. Ислам дінінде әйел – Алланың аманаты. Әйеліне қол көтергендер Алланың қаһарына ұшырайтынын білуі керек.


[1] Бұхари, Либас, 31; Тәфсир, 66

[2] Тирмизи, Тәфсир, 3087

[3] Зеки Думан, Киран Керимде адаб-ы муашерет, 130-131

[4] Ибн Сағыд, әт-Табақатул-кубра, 8-том, 205-б.

[5] Ибн Мажә, Никаһ, 50

[6] Бұхари, Никаһ, 81

islam.kz