Әділ әкім
Бұл халифа Омардың (р.а.) заманында болған оқиға. Куфа халқы әкімінің үстінен халифаға шағымданады. Ол кезде Куфаның әкімі әйгілі сахаба Сағд бин Әбу Уаққас (р.а.) еді. Шағым қарастырылу уақытында әкімді уақытша қызметінен босатып, орнына сахаба Аммар бин Ясир (р.а.) әкім міндетін атқарады.
Халифа Сағд бин Әбу Уаққасқа: Жұрт сені намазды жақсы оқымайды дейді,-деп халықтың шағымын талқылауға кіріседі. Сағд бин Әбу Уаққас: Мен халыққа Алла елшісі (с.ғ.с.) көрсеткен намазынан ешбірін кемітпей оқитынмын. Құптан намазының алғашқы екі ракағатын ұзақ, кейінгі екі ракағатын жеңіл оқимын,-деді. Халифа: Мен де сен жайлы ойым түзу,-деп арнайы Сағд бин Әбу Уаққастың жанына мәселенің анық-қанығына анықтау үшін бірнеше кісі қосып Куфаға қайта жіберді.
Олар Куфаның барлық мешітіне кіріп жамағаттан әкім жайлы сұрай бастады. Барлық мешіт әкімнің билігіне, ел басқаруына ешбір наразылығы жоқ екенін айтып жатты. Кезек Абс әулетінің мешітіне келіп жетті. Бұл мешіт жамағатының ішінен Усама бин Қатада есімді кісі тұрып: Сұрасаңыз айтайын, Сағд (әкім) әскермен жорыққа шықпайды, елге үлесін тең бөлмейді, билік етсе әділдігін айтпайды,-деді. Көпе көрнеу жала жапқандықтан Сағд бин Әбу Уаққас: Онда, менің саған берер үш теріс батам: Уа, Алла! Мына құлың өтірікші болса, өзінің атын шығару үшін айтқан болса, өмірін ұзақ ет, кедейліктен көз ашпасын, бүлік пен фитнаға тап болсын,-деп дұға жасады.
Бұл оқиғаны Жабир бин Самурат риуаят еткен: Мен көп жылдардан кейін әлігі кісіні көрдім, қартайғаны соншалық қасы көзіне дейін түсіп кеткен. Көшеде көрген қыз-келіншектерге көзін қысып масқара бір күйде жүргенін көрдім,-дейді.
Шындығында, әділ және міндетін дұрыс атқаратын әрбір адамға әдейі жала жабылса, оның құқығын қорғаушы – Алла Тағала болмақ. Әдейі ұйымдастырылған жаланың құрбанының дұғасы қабыл болады.
Руслан ҚАМБАР