Жүлде қоры 1 млн теңге: VI кезекті «Алтын сақа» математикалық олимпиадасы өтеді

3

Нұр-Сұлтан қаласында «Зерделі» ақыл-ой дамыту орталығының ұйымдастыруымен VI кезекті «Алтын сақа» математикалық онлайн олимпиадасы өтеді, деп хабарлайды KzNews ақпарат агенттігі.

Жыл сайынғы дәстүрге айналған олимпиада биыл Astana hub кешенінде орналасқан соңғы технологиялармен жабдықталған заманауи студияда онлайн режимде өтетін болады.

Бұл жолғы «Алтын сақа» «Астана дарыны» өңірлік ғылыми-практикалық орталығымен бірлесіп өткізілмек. Қалалық деңгейде өтетін білім сайысына Нұр-Сұлтан қаласы білім беру мекемелерінің 5-6-сынып оқушыларынан іріктелген 500 бүлдіршін қатысады.

Сайыс барысында оқушылар белгіленген уақыт ішінде 30 сұраққа жауап беруі тиіс. Жүлдегерлер онлайн режимде арнайы жүйе бойынша бағаланып, қаржылай марапатталады. Жеңімпаздарға демеушілер көмегімен жалпы қоры 1 миллион теңгені құрайтын қаржылай сыйлық берілетін болады.

Олимпиада жоғары деңгейде өтуі үшін «Зерделі» ақыл-ойды дамыту орталығының Astana hub кешенінде орналасқан медиа орталығында соңғы технологиямен жабдықталған заманауи студия жасақталған. Барыстың әділ де, ашық өтуі үшін 30-дан астам үйлестіруші маман ұйымдастырылып отыр.

Онлайн режимде өтетін олимпиаданың жүлдегерлері әділ таңдалуы үшін жеңімпаздар тікелей эфирде өз жауабын дәлелдейтін болады.

Естеріңізге сала кетсек, балалардың интеллектуальдық деңгейін көтеру мақсатында ұйымдастырылатын «Алтын сақа» математикалық олимпиадасы осыған дейін 5 рет ұйымдастырлған болатын.