Жаяу жүріңіз! — Әңгімелер / Мақалалар — Bilim

0

Иә, тура мағынасында да, ауыспалы (бейнелі) мағынасында да жаяу жүріңіз!

Тура мағынасындағы жаяу жүрудің не екенін есі кірмеген кішкентай бүлдіршіндер мен есінен адасқан, алжығандардан басқаның бәрі біледі. Менің айтайын дегенім екінші мағынасы жайында…

Көзіңізге темір жолмен келе жатқан пойызды немесе трамвайды елестетіңізші. Алматыдағы «Арман» кинотеатрының жанындағы Көктөбеге апаратын немесе Медеуден Шымбұлаққа апаратын аспалы жолды да елестетсеңіз болады. Бұлардың басқа көлік түрлерінен ерекшелігі неде?

Иә, олардың барлығы өздеріне арналған рельстен, тростан, яғни осы көлік түрлері үшін белгіленген шектен шығып кете алмайды.

Енді бағасы «әкеңіздің құнынан» асатын, сағатына 300-400 шақырымды ойланбай «шауып өтетін» спорткарды елестетіп көріңіз. «Бугатти», «Порше», «Феррари», «Мазерати»…

Міндіңіз бе (ойша, шынымен мініп жүрген болсаңыз тіпті жақсы, ұзағынан сүйіндірсін!)? Мінген болсаңыз, бұл көліктерді пойыз-трамвай-метро, аспалы жол көліктерімен салыстырыңыз. Иә, супер спорткарлар тақтайдай жазық  жолды қажетсінетінін білесіз. Бұлардың да шектен шыға алмайтынына көзіңіз жетті.

Ойыңызға жол талғамайтын көлік келген шығар? Ол шынымен-ақ жол талғамай ма? Иә, спорткарлар мен жеңіл көліктің бара алмайтын жерлеріне олардың «аяғы» жетеді. Бірақ олардың жететін жерінің де шегі бар ғой.

Сөзді көп созбай-ақ, жол талғамайтын көліктің де, ұшақтың да, қайық-кеменің де, аттың бара алатын жерінің шегі бар екенін айтайын.

Ал енді, жаяу адам жайында не дейсіз? Ары қарай оқымай тұрып, осы жайын ойланып көріңізші.

Енді оқыңыз.

Жаяу адам жолмен де, жолсызбен де жүреді. Рас қой!? Жаяу адам сумен де жүзеді, ағашқа да, тау-тасқа да өрмелейді. Керулі тұрған арқан болса, онымен де біраз жерге жете алады…

— Мынау немене мыжып кетті, — деп отырған болуыңыз мүмкін. Сондықтан негізгі мәселеге ойысайын.

«Психологиялық инерция» деген болады. Қысқаша айтқанда, ол — белгілі бір ойдың, идеяның, тұжырымның жетегінде кетуді білдіреді. Яғни, белгілі бір «көлік» болып қалыптасу деген сөз. Ойлау (ойлану) мағынасында «пойыз» болсаңыз, «рельсіңізден» шыға алмай жүресіз. Қандай «көлік» болсаңыз сол көліктің «жолына» түсіп аласыз да, басқада шатағыңыз жоқ кете бересіз. Басқа «көлік» немесе «қара жаяу» болуға болатыны қаперіңізге де кірмейді.

Бағанадан бері айтайын деп отырғаным — бір сарынды ойланбаңыз. «Жаяу адамның» «көлікке» қарағанда алымды болатынын енді білесіз. Проблема туралы ойланбаңыз, ол проблеманы қалай жайғауға болатыны туралы ойланыңыз. Ақыл-кеңестерін берген дос-жарандарыңызды мұқият тыңдаңыз. Ол кісілердің қандай «көлік» тұрғысынан ақыл-кеңес айтып тұрғанын да қаперде ұстаңыз. Себебі, «Қайық» тап болған қыжалаттан рельсін ғана білетін «Пойыздың» шығаруы мүмкін емес. Жаяу адам кез келген көлікті тізгіндей алады, ал көлік жаяуды тізгіндей ала ма?

Қысқасы, бірдеңеден қыжалат болып тұрсаңыз, «көліктен» түсіп, «жаяулап» көріңіз. Сонда проблемаңызды әлдеқайда оңай жайғайсыз.

Денсаулығыңыз жақсы болсын десеңіз — жаяу жүріңіз!

Ақылыңызға ақыл қосқыңыз келсе — жаяу жүріңіз!

Жаяу жүрген қос мағынасында да пайдалы.

Саят Әмірбек


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:


Дереккөз: bilim-all.kz