XIX ғасырда мәдениеттің дамуы | туралы қазақша

0

30-50-жылдары қазақ әдебиетінде екі идеялық ағым: еңбекшілер қалың бұқарасының мүдделерін білдірген ақын, жыршы-импровизаторлар мен ірі феодалдардың, сұлтандардың мүдделерін қорғаған ақындар айқындала түсті. Олардың ішінде поэтикалық дарыны зор көрнекті импровизаторлар да бар еді. Сондайлардың бірі Махамбет Өтемісұлы (1803-1846). Ол 1829 жылғы шаруалар қозғалысына қатысқаны үшін абақтыға қамалып, екі жылға жуық отырды. Феодал шонжарлар Махамбетті оның әшкерелеуші өлеңдері үшін, халықты феодалдық езгіден қорғағаны үшін жек көрді, ақыннан құтылуға бел байлайды. 1846 жылы қазанда ол сұлтанның бұйрығымен өлтірілді.

Шернияз Жарылғасынұлы (1807-1867) қазақ халық поэзиясында көрнекті орын алды. Ол Ақтөбе облысындағы Ойыл болысында кедей отбасында туып, өсті. Ақын халық ішінде Исатай мен Махамбеттің қаһармандық ерлігін жырлады.

Сүйінбай Аронұлы (1822-1895) Жетісуда туып, өсті (қазіргі Алматы облысы, Жамбыл ауданы). Ол суырып салма шығармашылықтың демократияшыл бағытындағы ірі де жарқын өкілдерінің қатарына жатады. Оның өлеңдерінде өмір шындығы, халықтың ойы мен арманы айқын сезіліп тұрды. Жүйрік тілді, тапқыр ақын Жетісудағы қазақ пен қырғыз халықтары ішінде әйгілі болды.

Сүйінбайдың аты айтыстарда шықты. Жамбыл, Кенен, Үмбетәлі және басқа көрнекті ақындар өздерін Сүйінбайдың шәкірті санайтын, олар оның бай мұрасынан нәр алып, шабыттанды.

30-50-жылдары ауыз әдебиетінің барлық жанры одан әрі дамыды. Ақын-жыршылар, жыраулар тарихи шындықты, халықтың бостандық сүйгіш талпыныстарын бейнеледі. Олардың өлеңдерінде отарлау езгісіне қарсы халықтың күресі уытты тілмен жырланады.

«Айман-Шолпан» — ғашықтық дастан, 50-жылдардың кейбір тарихи оқиғалармен байланысты дүниеге келген реалистік шығарма. Оның сюжеті мынадай: ақылы мен тапқырлығының арқасында Айман сіңлісі Шолпанды тұтқыннан азат етіп, кейін одан өзі де құтылады, сөйтіп жауласқан екі руды татуластырады. Бұл дастан тек ауыз әдебиетінің ғана туындысы емес, онда жазба әдебиеттің де кейбір элементтері бар.

Қазақ халқының тұрмысы мен қоғамдық өмірі рухани мәдениетінің етене саласы болған музыка жетіле түсті. Жетіген, саз сырнай, көпшік, шаңқобыз секілді музыкалық аспаптар дыбыстық сапаларын жетілдіруге келетін музыкалық аспаптар тобын құрады. Олардың біразы кәсіби талаптарға сай келмей, біртіндеп құри берген.

Музыкалық мәдениетте 1836-1837 жылдары феодализм мен отаршылдыққа қарсы Исатай Тайманұлы мен оның ең жақын серігі, ақын әрі жыршы Махамбет Өтемісұлы бастаған көтеріліс өшпес із қалдырды. Шығармашылық жолын сол жылдары бастаған болашақ халық композиторы Құрманғазы Сағырбайұлы (1806-1879) алғашқы шығармаларының бірі — «Кішкентай» күйін көтеріліске арнады. Оған өзі қатысқан ол осы күйінде халықтың феодал-байлардың езгісі мен отаршылдық бұғауынан азат болуға деген талпынысын көрсетті. Қазақ күйлері сан-салалы, онда өзен толқыны, бұлбұл әні, дауыл, аттың жүрісі, сан-алуан табиғат құбылыстары мен көңіл-күйлері де қамтылады.

XIX ғасырдың басында Қазақстанда сауаттылық бұрынғыша-өт.е төмен деңгейде еді, оқу-жазуды тек дін қызметкерлері мен феодал-сүлтандар тобының жекелеген өкілдері ғана білетін. Үстем дін ислам болғандықтан оқу тек мұсылмандық сипат алды. Жеке адамдардың иелігіндегі мектептер шәкірттердің ата-аналарының есебінен ұсталды. Оларда көбінесе шала сауатты молдалар дәріс берді.

Білім алуды жалғастыру үшін ауқатты ата-аналардың балалары Бұқара, Самарқан, Ташкент және ортаазиялық, мұсылман мәдениетінің басқа да орталықтарына жіберіліп отырды, мұнда олар араб тілін, араб философиясын, т.б. оқып үйренді.

XIX ғасырдың екінші жартысына дейін патша өкіметі қазақтардың орыстарға жақын көзқарасын қалыптастыруды көздеп, қазақтар арсында ислам дінін насихаттауға татар молдаларын жіберіп отырды. Бірақ осындай саясат арқылы қазақтардың орыс халқына сүйіспеншілік көзқарасын қалыптастырудың мүмкін еместігіне көзі жеткен патша үкіметі өзінің көзқарасын өзгертеді де мұсылман мектептеріне қиянат әрекеттерін бастайды: 1876 жылы бұларда орыс кластары ашыла бастады.

XIX ғасырда мұсылман әлемінде реформалық қозғалыс пайда болып, жаңа әдістемелік бойынша дәстүрлі сабақтар жалпы білім беру сабағымен толықтырылады. Мұны патша үкіметі қазақ халқының арасына панисламдық және пантүркілік идеяларды насихаттайтын алаң (плацдарм) деп есептейді.

Сөйтіп патшалық Ресей әкімшілігі мұндай мектептерде оқитын мұсылмандарды орыстандыру үшін білім беру ісінің «жоғарыдағы басшылары» оларға орыс тілін, орыс тарихы мен жағрафиясын үйрету керек деп санайды. «Әлемге аян империялық құрылыммен танысу, одан үлгі алу — сөз жоқ бүлдіршіндер жүрегінде Ресейге деген құрмет сезімін тудырады, олардың басқаша ойлауы мүмкін емес», — делінген 1913 жылы Халық ағарту министрлігінің Түркістан өлкесінің генерал-губернаторьша жазған құпия хабарламасында. Орысша білім беру мақсатында Ресейдің қол астындағы Омбы, Орынбор, Орал, Семей және басқа қалаларда орыс мектептері ашыла бастады. Оларда қала тұрғындарының балалары оқыды. Қазақтар арасында орысша білім берудің өрістеуіне 1789 жылы байырғы халықтың дәулетті топтары ішінен тілмаштар мен писарьлар даярлайтын «Азиялық мектеп» ашылуы әсер етті.

Қоныс аударған шаруалар ішінен жергілікті Ресейлік әкімшілік үшін шенеуніктер даярлау мақсатымен 1813 жылы Омбыда және 1825 жылы Орынборда әскери училищелер ашылды (олар 1847 жылы Сібір және 1844 жылы Орынбордың Неплюев кадет-корпустары болып қайта құрылды). Бүларда қазақтың феодалдық ақсүйектерінің жекелеген өкілдерінің балалары да оқыды.

Патша өкіметі отарлау саясатын бүркемелек болып қазақтардың балаларын оқыту үшін оқу орындарын аша бастады. Егер 1841 жылы Бөкей ордасында бір ғана училище болса, оған 1868 жылы 7 мектеп қосылды 1883 жылы қазақ қыздарына арналған орыс-қазақ училищесі және интернат ашылды.

Қазақстан Ресей империясының құрамына толық енгеннен кейін түрлі ғылыми экспедициялар осында жіберілді, геологиялық, климаттық карталар, сондай-ақ Каспий мен Арал теңіздерінің карталарын жасау қолға алынды. Солардың ішінде неғұрлым көңіл аударарлық зерттеуші Орынбор губерниялық кеңсесінде қызметші болған П. И. Рычков еді. Ол өзінің қызмет бабындағы міндеттеріне ғана байланысты емес, сонымен бірге бойына біткен кең ауқымды ғалымдық және саяхатшылық дарынымен жасаған еңбектерінде қазақ халқының тұрмысы мен тарихын тұңғыш рет көрсетті.

Орыс ғалымдары қазақ халқының тарихын, тұрмысын, мәдениеті мен тілін зерттеу бағытында көп іс тындырды. Бұл ретте шығыстық зерттеуші В. В. Радловтың (1887-1918) сіңірген еңбегі өте зор. Ол «Орта Азия мен Шығыс Азияны зерттеу жөніндегі Орыс Комитетін» ұйымдастырушылырдың бірі еді. Орыс ғалымдары өздерінің зерттеулерімен Ресейлік шығыстану ілімін, оның ішінде Қазақстан туралы тарихи әдебиетті байыта түсті. Олардың атқарған қызметі өлкеде ғылымның дамуына негіз салды және қазақ интеллигенциясының мандай алды өкілдерінің ғылымға тартылуына септігін тигізді.

Қазақстанда 1847-1857 жылдары Украинаның ұлы ақыны Т. Г. Шевченко айдауда болды. Ол өзінің өлеңдерінде қазақ халқының меймандостығын, халықтар достығын жырлады, даланың әсем көріністерінен этюдтер жасады.

XIX ғасырдың екінші жартысында, әсіресе реформадан кейінгі дәуірде Қазақстанның мәдениеті мен қоғамдық ойының дамуында ғылыми қоғамдар мен мәдени-ағарту мекемелері үлкен рөл атқарды. Осында қүрылған біршама ірі ғылыми қоғам — 1868 жылы шаңырақ көтерген Географиялық қоғамның Орынбор бөлімі. Оның толық мүшелігіне облыстың көрнекті шенеуінктері, сондай-ақ атақты сұлтандар тартылды.

XIX ғасырдың аяғынан бастап облыс орталықтарында және көптеген ояздық қаталарда халық-ағарту мәселелерімен шұғылданатын қоғамдар құрылып жатты. Кітапханаларды, оқу үйлерін, халық үйлері мен музейлерді ұйымдастырудың үлкен маңызы болды. 1883 жылы Семей қаласындағы қоғамдық кітапханаға Абай Құнанбаев жиі-жиі келіп, орыс әдебиеті классиктерінің, оның ішінде А.С.Пушкнннің шығармаларын алып оқыды.

Қазақстанның мәдениетін дамытуда қалалар үлкен рөл атқарды, олар тек өнеркәсіп орталықтары ғана болған жоқ. Өскемен, Семей, Верный, Орал, Ақмола, Петропавл секілді қалаларда жұмысшылардың, сонымен бірге интеллигегатердің, мұғалімдер, дәрігерлер, ұсақ қызметшілердің саны өсті. Өлкенің экономикалық-саяси, мәдени өмірінде қала біртіндеп жетекші рөл атқара бастады, мұнда газеттер, журналдар шығарылды, оқу орындары ашылды.

Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов (1835-1865) — аса көрнекті демократ, қазақтың тұңғыш ғалымы. Ол еліміздің мәдениеті мен қоғамдық ой-пікірінің тарихында құрметті орын алды. Шоқан өзінің бүкіл өмірін феодалдық езгіге, артта қалушылыққа, кертартпалыққа, діншілдік, шағыстыру мен надандыққа қарсы күреске арнады. Оның Дүниетанымының қалыптасуына орыс интеллигенциясының өкілдері — жазушы Ф. М. Достоевский, революционер С. Ф. Дуров, белгілі географ Семенов-Тянь-Шанский, Сібір кадет корпусында оқып жүрген кезінде оған сонда орыс әдебиетінен дәріс берген әдебиетші, ориенталшы Н. Ф. Костылецкий (1818-1867) үлкен әсер етті.

1853 жылы кадет корпусын бітіргеннен кейін Шоқан бірден қоғамдық және әдеби қызметке араласып кетті. 1855 жылы ол генерал Г. X. Гасфорттың сапарына қатысып, Орталық Қазақстан, Жетісу және Тарбағатай жерлеріне ұзақ саяхат жасайды. Оның бұл сапары қазақ халқының тарихы мен тұрмысын ғылыми тұрғыдан терең зерттеуіне негіз болды.

Шоқанның ғылыми және ағартушылық қызметінің гүлденген кезі — XIX ғасырдың 50-жылдарының соңы — 60-жылдардың басы еді. 1858-1859 жылдары ол өзінің әйгілі сапары атанған Шығыс Түркістанды аралады, оның саяси және экономикалық құрылысымен танысты, ежелгі заманнан бері осы жерді мекендеп келе жатқан халықтардың тарихы мен этнографиясы жайында материалдар жинады.

Ш.Уәлихановтың ғылыми қызметінің ең басты нәтижелерінің бірі «Алты шаһардың, яғни Қытайдың Нан-Лу провинциясының (Кіші Бұхараның) шығыстағы алты қаланың жайы» атты күрделі еңбегі болып табылады. Мұның өзі Шығыс Түркістан халықтарының тарихына, қоғамдық құрылысына арналып сол кездегі ғылыми жетістіктерді ескере отырып жазылған тұңғыш ғылыми еңбек еді.

Ш. Уәлихановтың демократ-ағартушы ретіндегі дүниетанымы патша өкіметінің қазақ даласына айдаған желтоқсаншылар мен петрашкеевшілер секілді орыс қоғамы демократиялық бөлімінің, сондай-ақ орыстың ұлы революционер-демократтары Н. Г. Чернышевский мен Н. А. Добролюбовтың ықпалы нәтижесінде қалыптасты.

Ағартушы-педагог Ыбырай Алтынсарин (1841-1889). XIX ғасырдың ортасына дейін қазақ даласында байырғы халықтың балаларын оқытатын дүниелік мектептер болмады, тек Бөкей ордасында ғана мұндай бастауыш мектеп 1841 жылы ашылған еді. Қазақ балаларын жеті жылдық мерзіммен оқытатын дүниелік мектеп отарлау аппаратының жергілікті орындарына писарьлар мен тілмаштар даярлау үшін Орынбор Шекара комиссиясының жанынан 1850 жылы ашылды. Оған бүкіл Орынбор өлкесінен 30 оқушы, соның ішінде Ыбырай Алтынсарин қабылданды. Ол мектеп 19 жыл өмір сүрді, оны 48 оқушы бітіріп шықты. Осындай мектеп Омбы қаласындағы Сібір қазақтары басқармасының жанынан 1865 жылы ашылды, оған 20 оқушы қабылданды. Мектептерде орыс тілі, арифметика, татар (қазақ) тілі, Мұхаммед дінінің қағидалары үйретілді.

Халықты бастауыш мектептер XIX ғасырдың 60-жылдарында ашылған-ды. Мұның өзі Ы. Алтынсарин есімімен байланысты болды. 1868-1896 жылдары Орал облысында 24 орыс-қазақ мектебі болды, олардың екеуі 2 кластық, алтауы селолық 1 кластық, старшындық 14 мектеп және 2 училище. Сырдария облысында орыстар үшін алғашқы мектептер 1860 жылы Райым (Қазалы) бекінісінде және Перовскіде (Ақмешіт, қазіргі Қызылорда) ашылды. 1896 жылы облыста оқу орындарының саны 78-ге жетіп, оның 7-еуі орыс — байырғы халық мектебі болды.

Қазақ балаларының білім алуы енді-енді ғана басталған еді: 80-жылдардың екінші жартысында қазақ ауылдарында мектептер ашыла бастады. Болыстар мен ауылдарда қазақ балалары әдетте мұсылман мектептерінде, кейде медреседе оқыды. Патша өкіметі қазақ даласында мұсылман мектептерінің ашылуына жол бермеуді көздеп әр түрлі шаралар қолданды, бақылау орнатты. Соған қарамастан барлық жерлерде, әсіресе ислам діні күшті болған оңтүстік облыстарда мұсылман мектептері ашыла берді.

Ы. Алтынсариннің ағартушылық қызметі 1879 жылы Торғай облысы мектептерінің инспекторы болып тағайындалған кезінен бастап кең өріс алды. 1881-1882 жылдары ол облыстың барлық төрт оязында бір-бірден 2 кластық орыс-қазақ училищесін ашады.

Атақты педагог дүниелік халық мектептерін ашып қана қойған жоқ, сонымен бірге оларға арнап балаларды оқыту мен тәрбиелеудің дидактикалық принциптерін дайындады, оқулық және әдістемелік құралдар жасады, оқыту жүйесінде жаратылыстануға, орыс және қазақ тілдеріне басты орын берді. Ол оқушыларды адамгершілікке, адал еңбек етуге, отанды сүюшілікке тәрбиелеуге ұмтылдырды.

Ы. Алтынсариннің қазақтың жазба әдебиеті мен әдеби тілінің негізін салушылардың бірі деп есептелуі де әбден орынды. Совдай-ақ ол өлкеде мерзімді баспасөздің құрылуына бастаушы болған еді. Ол туған халқының серпінді жолмен дамуы үшін Қазақстанда орыс халқының демократиялық мәдениетінің тарауы, орыс және қазақ халықтарының достығы үшін күрескер болды.

Қазақстанды толық отарлау аяқталғаннан кейін орыс ғалымдары мен интеллигенциясының өкілдері далалық өлкеге келулерін жиілетті, қазақтың ақындары, суырып салма әншілері туралы деректер жинап, олардың өлеңдері мен жырларын осы кезде жазып ала бастады. Бұл кезде кейбір ақындар мен жыршылар шығармаларын өздері қағазға түсіретін, соның арқасында олардың өлендерінің түпнұсқа мәтіндері сақталып қалған. XIX ғасырдың орта шенінен бастап жекелеген ақындардың өлеңдері мен жырлары кітап болып басыла бастады. Бұл поэзиялық шығармашылықтың туған және дами бастаған дәуірі болды.

Пайдаланылған әдебиеттер: Рысбай К., Қазақстан Республикасының тарихы. – Алматы, 2005. – 368 б.

#XIX #ғасырда #мәдениеттің #дамуы