X-XIII ғасыр басындағы Қазақстан мәдениеті туралы қазақша

0
220

Қазақстан мәдениетінің тарихын жазу барысында көптеген отандық және шетелдік ғалымдардың зерттеулері, кітаптары, деректері, мұрағаттық құжаттар пайдаланылды. Соның нәтижесінде Қазақстанды мекендеген халықтардың көне замандардағы мәдениетінен бастап, X-XIII ғасыр басындағы Қазақстан мәдениетіне талдау жасалынды. Яғни, отандық мәдениеттің аса бай тарихы кезең-кезеңмен қарастырылды.

Қалалардың дамуы (X-XIII ғасырдың басы)

Қала салу ерекшеліктері. X ғасыр мен XIII ғасырдың басы — экономика мен мәдениеттің өркендеу кезеңі. Осы кезде Жетісу, Ертіс бойы мен Орталық Қазақстан аймақтарында қала мәдениетіңің жаңа аудандары пайда болды. Тұтастай алғанда бұл көшпелі және қалалық өркениеттердің өзара тығыз байланыстарының кезеңі болып табылады.

Х-ХІІІ ғасырдың басында қала мәдениетінің дамуында өзгерістер байқалды. Бұл ретте жаңа дін ислам маңызды рөл атқарды. Ислам мәдениеті бірінші кезекте қала тұрғындары арасына тарады. Оңтүстік Қазақстан мен Жетісудағы қалалар Азияның басқа аймақтарымен салыстырғанда көшпелілердің отырықшылануы есебінен анағұрлым тез өсті. Мұны араб және парсы деректері дәлелдейді. Осы кезеңдегі отырықшылыққа, қала өміріне бейімделу жайлы Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» шығармасында баяндалған.

Х-ХІІ ғасырларда қала халқы VIII-ІХ ғасырлармен салыстырғанда 20-30 есеге өсті. Ірі қалаларды мыңдаған халық мекен етті. Осы кезеңде қала тұрғындарының саны өсіп қана қоймай, олардың аумағы да кеңейді. Бұл шаруашылық пен феодалдық қатынастардың дамуымен түсіндіріледі.

Қалалар мен елді мекендердің өсуі. Х-ХІІІ ғасыр басында Кедер, Йасы, Жент, Баршыкент және басқа қалалар пайда болды. Олардың біразы бұрын да кішігірім тұрақтар еді, ал Х-ХІІІ ғасырдың басында олар ірі қала орталықтарына айналды. Іле алқабында ғана Х-ХІІ ғасырларда бірнеше жаңа қалалар орнықты. Шу, Талас, Сырдария алқаптарында қала тұрақтары салынды. Қалалардың аумағы рабаттардың есебінен кеңейді. Рабаттардың ұлғаюы қамал салуды қажет етті. Испиджаб пен Отырар Қазақстанның оңтүстігіндегі ірі қалалар болып саналды. «Испиджаб — үлкен қаланың атауы… Ол ең құнарлы, ағашқа, суға және тамаша бақтарға бай», — деп ортағасырлық авторлардың бірі жазып қалдырған.


Ежелгі Отырар қаласы

Х-ХІІ ғасырларда Отырардың аумағы өсіп, ірі қалаға айналды. X ғасырда Отырар қаласы орналасқан Фараб аймағы бай өңірлер қатарына қосылды. Отырар қаласы жан-жақтан көпестер бас қосатын жерге айналды. Сонымен қатар қаланың мешіт-медреселер мен моншалары, кітапханасы бар мәдениет пен ғылым орталығы ретінде даңқы шықты. VІІ-ІХ ғасырлармен салыстырғанда Отырар аумағы бірнеше есе ұлғайды. Қамалдар орталық бөлікті ғана емес, рабатты да қоршап тұрды. Қалада суқұбыры жұмыс істеді, рабат аумағында қоғамдық моншалар салынды.

Қалалардағы жер жекеменшікке беріліп, пайда түсіретін сауда орындарын, керуен сарайлар мен моншалар салу үшін пайдаланылды. Бұл үлкен табыс әкелді. Сол себепті феодалдар, оның ішінде көшпелі ақсүйек қауымы қалаларда жер телімдерін иеленді. Х-ХІІІ ғасырдың басында Жетісудың солтүстік-шығысында қала мәдениетінің жаңа шоғыры қалыптасты. Отырықшылық және қала өмірі Орталық Қазақстанға, Ертіс алқабына да тарады.

ХІ-ХІІ ғасырлардағы қала махалласының қалдықтары табылған. Махалланың әрқайсысында онға дейін үй болған. Қала тұрғындары туыстық қарым-қатынас арқылы ортақ кәсіппен, дінмен байланысты топтасты. ХІ-ХІІ ғасырлардағы Жетісудың Талхиз қаласына жүргізілген қазба жұмыстары қаланың көптеген махаллалардан тұрғандығын дәлелдеді. Аулалар тұтас қабырғалармен қоршалған. Оларда мал қоралары орналасты. Кейбір үйлердің аулаларынан киіз үй белгілері табылған. Жетісу қалалықтарының тұрмысында өтпелі кезеңге тән шаруашылық дәстүрі сақталды.

Қалалар мен қала мәдениетінің дамуын монғол шапқыншылығы бұзды. Еуропадан Азияға теңіз жолының ашылуына байланысты Ұлы Жібек жолы құлдырады. Жібек жолының қажеттіліктерімен өмір сүріп, керуен саудасына ғана тәуелді болған қалалар күйзеліске ұшырады.

X-XIII ғасыр басындағы Қазақстандағы сәулет өнерінің дамуы

X — XIII ғасырлардағы Қазақстан қалалары сол кездегі абаттандырудың жоғары деңгейімен ерекшеленді. Үйлерде құбыр және жылыту жүйелері болды. Ірі қалаларда суқұбырлары салынды. Ол үшін жер астымен өтетін күмбез тәрізді үңгір жолдар қазылып, қыш құбырлар төселді. Мұндай жолдардың қалдықтары Отырардан, ал Тараздан Х-ХІІІ ғасырлардағы суқұбыры табылды. Мұнда қыш құбырлар тастан және ағаштан жасалған арнайы қондырғыға орналастырылып, үсті тас тақталармен жабылған. Суқұбыры жүйесі қала орталығына биіктен бірте-бірте еңкіштей тартылып, үйлерге судың өз ағынымен берілуін қамтамасыз етті.

Қаратаудың солтүстік беткейлеріндегі Баба-Ата қазбалары қала тұрғындарының суқұбырын пайдаланғандығын көрсетеді. Таспен қоршалған құдықта жиналған бұлақ суын суқұбыры арқылы рабад аумағына жеткізген. Үйлерде әдетте қарапайым кәріз қондырғылар орнатылған. Х-ХІІІ ғасырдың басында моншалар салынды.

Археологтер қалалықтардың монша салудағы жоғары мәдениетін атап өтеді. Мәселен, Тараздағы моншаның жалпы көлемі — 152 шаршы метр. Моншаның өрнекті әшекейлермен көмкерілген бөлмелері болды. Ибн Сина моншада «бірқалыпты температура, самаладай жарық, шешініп, киінуге арналған кең бөлме, қабырғаларында көркем салынған суреттер болуы тиіс» екендігін жазған.

Археологтер Тараз, Отырар, Баласағұн қалаларынан моншалар тапты. Моншалар еден астына орнатылған жылу құбырлары жүйесімен жылытылды. Су құдықтан алынды немесе суқұбырымен әкелінді.

Сәулет өнері. Кесенелер. Х-ХІІІ ғасырларда күйдірілген кірпіш, ағаш, гипс, алебастр құрылыс материалы ретінде қолданысқа кеңінен енді. Қабырғаларды әрлеуде терракота (күйдірілген балшықтан жасалған тақтайшалар) мен бедерлі кірпіштер қолданылды. Қазбаларға қарағанда өңделген кірпіштердің 30-ға жуық түрі болған. Жаңа ошақ түрлері — домалақ және тікбұрышты мұржасыз темір пештер пайда болды. Бұл пештер өсімдік және геометриялық өрнектермен безендірілді.

Мешіттер мен медреселер Х-ХІІІ ғасыр басындағы қала құрылысында жаңа үлгіге айналды. Ең көне мешіттерді археологтер Кедер және Күлтөбе қалаларынан тапты. Көне мешіттер қарапайымдылығымен сипатталады. Оларды әшекейлеу ісінде күйдірілген кірпішті бедерлеп қалау қолданылған.

Х-ХІІІ ғасырлар ескерткіштерін өзіндік ерекшеліктеріне қарай солтүстік түркістандық сәулет өнері дәстүріне жатқызуға болады. Бұл дәстүрге қазақ жеріндегі далалық өнермен тығыз байланыс тән.

Орта ғасырдағы қазақ жеріндегі белгілі ескерткіштердің бірі — Жошы хан кесенесі. Бұл ескерткіш Жезқазған қаласынан 40 шақырымдай жерде Кеңгір өзенінің жағасында орналасқан. XIII ғасырда салынған кесене күйдірілген кірпіштен қаланған.

Теңдесі жоқ сәулет өнерінің туындысы қазақтың аңызға айналған түп атасы Алашаға арналған Алаша хан кесенесі. Кесененің сырты қазақтың десте оюына толы, ішінде жоғарыға көтерілетін саты бар. Алаша хан күмбезі қазақ халқының ынтымағы мен бірлігін, мемлекеттілігі мен тарихын әлемге әйгілейтін ескерткіш.

Сәулет өнерінің дамығандығына Тараз маңындағы ескерткіштер дәлел бола алады. Ол ескерткіштердің ішіндегі ең ежелгісі Х-ХІ ғасырларда салынған Бабаджа-қатын кесенесі. Кесене күйдірілген кірпіштен салынған. Ғимаратта сәндік әшекейлер жоққа тән.

ХІ-ХІІ ғасырларға жататын Айша-бибі кесенесі де сәулет өнерінің көрнекті ескерткіші. Кесене күмбезбен жабылған төртбұрышты құрылыс. Бағаналар мен қабырғаларының сырты геометриялық және өсімдік өрнекті терракота қалақшалармен қапталған.

Тараз қаласындағы Қарахан күмбезді кесенесі қарахандық сәулет өнерінің ескерткіші болып табылады. Сырдария бойындағы Сырлытам кесенесі VІІ-VIIІ ғасырларда салынған. Кесене терракота қалақшалармен әсем безендірілген күмбезді ғимарат.

Сауда мен егіншілік

Х-ХІІІ ғасыр басында халықаралық саудадан басқа қала мен көшпелі тайпа, ауылдар арасындағы сауда кеңінен өріс алды. Мұны қазба жұмыстарының нәтижесінде табылған теңгелер айғақтайды. Теңгені халықаралық және ішкі саудада пайдаланған.

Х-ХІІІ ғасырдың басында Жібек жолы бойындағы халықаралық сауда жоғары деңгейге жетті. Испиджаб, Кедер, Отырар, Тараз, Науакент, Баласағұн ірі сауда орталықтары саналды. Тараз қаласы керуен саудасының маңызды орталығына айналды. Деректерде бұл қала туралы «мұсылмандардың түркілермен сауда жасау орны» деп жазылған. Тараз арқылы Талас өзенінің жоғары ағысында өндірілген күміс тасымалданды. Қазба жұмыстары кезінде көптеген теңгелердің табылуы қалада ақша сарайының болғандығын көрсетеді.

Испиджабта Ұлы Даланың барлық елдеріне апаратын сауда жолдары мен әскери бағыттар түйісті. Қалада мата сататын арнайы орындары бар үлкен керуен сарай болды. Х-ХІІІ ғасырларда Испиджаб пен Тараз халықаралық сауда жолындағы қолайлы жағдайымен, сондай-ақ ішкі саудадағы басымдығымен де ерекшеленді.


Испиджаб
Ортағасырлық Испиджаб қаласы

Сырдарияның төменгі ағысындағы оғыздар орталығы — Янгикент X ғасырда ірі сауда орталығына айналды. Сауда көшпелілермен шегаралас қалаларда анағұрлым қарқынды жүрді. Қала тұрғындары көшпелілерден жылқы, мал, жүн, тері, киіз, аң терісін алды. Ал дала тұрғындары мал өнімдерін өздеріне қажетті мата, нан, ыдыс-аяқ т.б. заттарға айырбастады. Сауда екі жаққа да тиімді еді. Бұл кезеңде қала мен оның төңірегіндегі егіншілер арасында да сауда кеңінен өріс алды. Қалаға егіншілер ауыл шаруашылығы өнімдерін, негізінен, астық пен жеміс әкелді. Қаладан қолөнершілердің қыштан жасаған заттарын, шыныаяқ, зергерлік бұйымдар мен әшекейлерін сатып алды. Жәрмеңке саудасы көшпелілермен шегаралас қалаларда анағұрлым қарқынды жүрді.

Тауарлы-ақша қатынастарының өсуі. X-XIII ғасырдың басында айырбасты тауарлыақша қатынастары ығыстырды. Қазақстанның ірі Испиджаб, Отырар т.б. қалаларында теңге сарайлары жұмыс істеді. Айналымға жоғары сапалы күміс дирхемдер енгізілді. Күміс дирхемдер шығару XI ғасырдың соңына дейін жалғасты. ХІ-ХІІ ғасырдың соңынан бастап дирхемдердің сыртын күміспен жалатып, мыстан соға бастады. Бұған «күміс дағдарысы» деп аталатын күміс қорының азаюы себеп болды.

Қазақстан тұрғындарында, сондай-ақ халықаралық сауда құралы және табыс көзі ретінде алтын динарлар қолданылды. Алтын динарлар теңге сарайларында шығарылды, олардың сапасы мен салмағы бір-бірінен ерекшеленді. Теңге сарайларында мыс фельстер соғылды. Мыс фельстер — айналым мен төлемнің жаппай қолданыстағы құралы, ішкі нарықта ұсақ бөлшек сауда саласында пайдаланылды.

Егіншілік. Көшпелілердің отырықшылануы қала өмірінің өркендеуіне ғана емес, егіншіліктің дамуына да әсер етті. Қала тұрғындары санының өсуі ауыл шаруашылығы өнімдерін сатуға шығаруды ұлғайтуды талап етті. Суармалы егіс жүйесі жетілдірілді. Х-ХІІ ғасырларда қалалар төңірегін сумен қамтамасыз еткен арықтар қазылды. Күрделі суландыру жүйесі Отырар аймағынан кездеседі. Бұл өңірден магистральды каналдар, субөлгіштер, суқоймалары, қыш суқұбырлары, суды көтеруге арналған қондырғылар табылған.

Қалалықтардың тұрмысында бақша, жүзім өсіру, егіншілік, жекеменшікте мал ұстау маңызды рөл атқарды. Х-ХІІІ ғасырдың басы — Орталық Қазақстанда да егіншілік мәдениетінің өркендеу кезеңі болды. Бұл аймақтың өзен аңғарларындағы көгалды алқаптардан суару жүйелері табылды. Осы кезеңде қолөнер, сауда және ауыл шаруашылығы орталығы ретіндегі қаланың рөлі артты.

Көлөнер. Көшпелілердің материалдық мәдениеті

X — XIII ғасырлардағы қолөнердің даму ерекшеліктері. Қалалар мен оның тұрғындары санының өсуі қолөнер түрлерінің дамуына игі ықпал етті. Х-ХІІ ғасырларда қолөнер шеберханаларының саны артты. Мұның өзі айырбас пен сауданың ұлғаюына әкелді.

X ғасырға қарай Қазақстан аумағында мұсылмандық бейнелеу өнері қалыптасты. Бұл ою-өрнекке негізделген жазу мәнерін орнықтырды. Мұндай үлгі исламды қабылдаған түркі сәулет өнерінің өркендеген кезеңінде пайда болды. Орта ғасырларда зергерлік өнер ерекше дамыды. Зергерлер полихромдық үлгі дәстүрін жалғастырды. Далада үлкен сұранысқа ие айылбас, үзеңгі мен кісе белдік қаптырмалары, сырға және басқа да әшекейлер полихромдық үлгіде жасалды. Жетісу әсіресе күміс бұйымдар өндірумен әйгілі болды.


Орта ғасырлардағы қолөнершілер

Алтын кен орындары ханның жекеменшігі деп есептелді. Олар жат елдіктерден қорғалды. Бұл жерлерден тіпті керуендердің өтуіне де тыйым салынды. Орта ғасырларда көркем қолөнер өркендеді. Жылтыр бояулы құймалы қыш пайда болды. Өрнек салынған әшекейлі сырлы ыдыстар кең таралды. Құмыра жасайтын шеберлер ыдыстарға түрлі геометриялық, зооморфтық (хайуанаттар бейнелі) және әріптік өрнектер салды. Қазақстан аумағында шыны бұйымдарды өңдеу IX ғасыр, ал олардың жаппай таралуы X-XII ғасырларға жатады. Бұйымдардың ең кең тараған түрлері көзе, құмыра, тостаған, шамдар болды. Терезе әйнектері де жасалды.

Металл өндіру мен ұсталық кәсіп ежелден Қазақстан тұрғындары қолөнер өндірісінің маңызды саласын құрады. Ұсталық ісі өрістеді. Ұсталар әдетте жеке махаллаларға қоныстанды. Мыстан жасалған бұйымдар өндіру әсіресе қалаларда кеңінен таралды. Қолөнершілер мыстан ыдыс-аяқ, әшекейлер, қоладан ғажайып шырағдандар жасады.

Көшпелілердің материалдық мәдениеті. Көшпелілер арасында қолөнердің тері мен жүн өңдеу, металл балқыту, ағаш пен сүйек өңдеу, зергерлік кәсіп түрлері кеңінен дамыды. Қолөнер өндірісінің ең ежелгі салаларының бірі — тері мен жүн өңдеу еді. Әдетте әр көшпелі қажетті заттарды өздері дайындай алды. Далалықтар киізден үйге қажетті жабдықтардан бастап киімге дейін өздері жасады. Рубруктың деректері бойынша, «қыпшақтар үйді ақ киізбен жапты, киізге жарқырап тұруы үшін жиі-жиі әктас, ақ топырақ және сүйек ұнтағын септі, олар кейде қара киізді де пайдаланды. Ою-өрнектер мен аң-құстың бейнесін салып, түсті киіз басты».

Киіз үй мен арба жасайтын қолөнершілердің ерекше тобы болды. Олар өз кәсібіне қажетті ағаш өсетін жерлерде тұрды. Қолөнершілер түрлі еңбек құралдарын пайдаланды. Арбалар мен киіз үйдің ағаш құрылымын жасап сатты немесе азық-түлік пен малға айырбастады. Олар көбінесе тапсырыспен жұмыс істеді. Көшпелі қауымдағы қолөнершілер құрал-сайманын алып, ауылмен бірге көшіп жүрді. Металл балқытушылар мен ұсталар шағын тұрақтарда отырықшы өмір кешті. Археологиялық зерттеу жұмыстарының нәтижесінде табылған бұйымдар мен жазба деректер көшпелілердің күнделікті өмірі, шаруашылығы, діни наным-сенімдері, қолөнері туралы жан-жақты білуге мүмкіндік береді.

Рухани мәдениет. Исламның таралуы

Қазақстан аумағындағы ислам тарихы. Ислам — ең ірі әлемдік діндердің бірі. VIII ғасырдың басында арабтар Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу аумағына жорықтар жасады. Арабтар Мауараннахр қалаларын басып алды. Кейінірек осы жерден мұсылман мәдениеті белсенді түрде тарала бастады. Түркілер мен арабтардың 751 жылы Атлах шайқасында Қытай әскерін жеңуі түркілер арасында ислам мәдениетінің таралуына ықпал етті.

Исламдандыру үрдісі баяу жүрді және оның өзіндік ерекшеліктері бар еді. Исламды біртіндеп әскери іс-әрекетпен емес, бейбіт жолмен тарату саясаты енгізілді. Бұл жаңа дінді қабылдау үрдісін жеңілдетті.

Қарахандық билеуші Мұса 960 жылы исламды мемлекеттік дін деп жариялады. Қарахандықтардың саяси және әскери жетістіктері исламның Орталық Азияда таралуына ықпал етті.

Х-ХІІ ғасырларда ортағасырлық қалаларда мешіттер мен медреселер салу ісі белсенді жүргізілді. Бұл кезеңде исламның кең таралғандығын археологиялық қазбалардан табылған тұрмыстық заттар да дәлелдейді. Мәселен, ескі қола айнада «кімде-кім Аллаға сенсе, оған қауіп жоқ» деген араб сөзі жазылған. Түркілердің ежелгі діни сенімдері тәңіршілдік еді. Түркі исламы тәңіршілдік пен исламның жиынтығы болып табылады.

Түркілер исламды қабылдады, бірақ олардың діни нанымы Ш. Уәлиханов байқағандай, қосарлы сипатта болды. Түркі халқы жаңа дін исламға тәңіршілдік белгілерін бейімдей алды. Қыпшақтар қоныстанған солтүстік аймақтарға ислам кейінірек енді.

Исламның ықпалы. Х-ХІІ ғасырлар түркі мәдениетінің «алтын ғасыры» деп аталады. Ислам мәдениеті, өнері, сәулет өнері, әдебиеті әсіресе X ғасырдың ортасынан бастап жедел дами бастады. Түркі билеушілері білімділігімен ерекшеленді, рухани жасампаздыққа көп көңіл бөлді. Олар талантты шығармашылық тұлғаларға қамқорлық етті. Өздері де парсы, араб және ана тілдерінде өлеңдер жазды.

Х-ХІІ ғасырларда ортағасырлық мұсылман әлеміне кеңінен танымал ғұламалар шықты. Олар мұсылман мәдениетінің ғана емес, бүкіл әлем өркениетінің дамуына зор үлес қосты. Мұсылман мәдениетінің әсері елеулі еді, бірақ соған қарамастан түркілер өз тілі мен дүниетанымын сақтап қалды. Әбу Насыр әл-Фараби, әл-Бируни еңбектерін араб тілінде жазды. Ал Жүсіп Баласағұни, Махмұд Қашғари, Ахмет Иүгнеки, Қожа Ахмет Йасауи, Сүлеймен Бақырғани өз шығармаларын түркі тілінде жазды. Түркі мемлекеттерінде араб тілі ғылым тілі ретінде қолданылды.

Қожа Ахмет Йасауи (XII ғасыр). Йасауи -исламдағы түркі танымының негізін қалаушы, «Диуани Хикмет» («Даналық кітабы») еңбегінің авторы. Йасауи ислам идеологиясын түркілер дүниетанымымен байланыстырды, сол арқылы ислам өркениетінде түркі арнасын айқындады. Йасауи исламдағы «түркі» танымы жолының негізін қалады.

Йасауи шығармасы барлық түркі халықтарының ортақ рухани байлығы. Бұл қыпшақ диалектісінде жазылғанына қарамастан барлық түркілер әлі күнге дейін «Хикметті» аудармасыз оқи алады. Йасауи түркі халықтары алдында иманды және жетілген адам үлгісі ретінде көрінеді. Ол өз шәкірттеріне үндеу тастай отырып, «сауаты жоқты құдай қаламайды» деген уағыз айтады.

Арыстан-баб Ахмет Йасауидің алғашқы ұстазы болған. «Арыстан-бабтың сөздері қасиетті — оны тыңдаңдар, бұл сөздерде екіжүзділік, өтірік, пайдакүнемдік сыналады және онда адамгершілік тұрғыда жетілуге шақыру бар» деп ой түйеді Қожа Ахмет Йасауи. Орта Азия мен Қазақстанның мұсылман қауымы Арыстан-бабты пір тұтқан. Соған сәйкес әуелі Арыстан-баб, кейін Қожа Ахмет кесенесіне зиярат ету дәстүрге айналған. Халық арасында: «Арыстан-бабқа түне, Қожа Ахметтен тіле» деп бекер айтылмаса керек.

Ахмет Йасауидің шәкірті Сүлеймен Бақырғани болды. Ол Хакім ата ретінде де белгілі. Оның шығармалары бірнеше ғасыр бойы Орта Азия мен Қазақстанның барлық медреселерінде дін ілімі жөніндегі оқулықтар ретінде қолданылады. Ақын адамдарды ізгілікке, адалдыққа шақырды.

#XXIII #ғасыр #басындағы #Қазақстан #мәдениеті